№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» Газетке жазылу – елдіктің белгісі

Газетке жазылу – елдіктің белгісі


ХХІ ғасырда ақпараттық-коммуникациялық технология қарқынды дамып, жаңа медиа – сайт-порталдар мен әлеуметтік желілер жаңалық таратудың платформасына айналды. Ақпараттық тасқын күшейген тұста, газеттің беделі оқырман санымен өлшенетіні анық. Сондай-ақ басылымның мазмұндық деңгейін арттыратын мақалалар да шешуші рөл атқаратыны белгілі. Осы тұрғыдан алғанда, «Жаңақорған тынысы» газетінің өз биігі бар.


Аудан үнжариясында елге белгілі жазушы-ақындардың ізі қалды. Олар оқырмандарына мазмұны терең, мәні кенен мақалалар ұсынып, шығармашылық ізденістің жолын көрсетті. Осы дәстүрді бүгінгі буын абыроймен жалғап, заманауи үрдістерге бейімделіп келеді.
Соңғы жылдары аудандық газеттің тиражы 6000-нан асты. Нақтысын айтсақ, 2021 жылдың бірінші жартыжылдығында 6566 данамен тарайтын болады. Бұл дегеніміз, біздің аудан Сыр өңірінде экономикалық көрсеткіштер бойынша көш бастаса, «Жаңақорған тынысы» аудандық газеттер арасында таралымы бойынша бірінші орынға шықты. Әрине, газеттің беделі өсіп, таралымының артуында аудан әкімдігінің ерекше қолдауы мен ішкі саясат бөлімінің жұмысты ұтымды ұйымдастыра білуінің де ықпалы зор болғанын айту орынды.
Төл басылымның таралымы артуында аудандық білім бөлімі және денсаулық сақтау, мәдениет, спорт саласы және аудандық полиция бөлімі, орман және жануарлар дүниесін қорғау мемлекеттік мекемесі, «Жаңақорған шипажайы» АҚ, Жаңақорған агро-техникалық колледжі қамқорлық көрсетіп жүргенін мақтанышпен айта аламыз.
Ауданның төл басылымына қолдау білдіруде кент және ауылдық округтер белсенді қатысты. Әсіресе Жаңақорған кенті, Аққорған, Келінтөбе, Жайылма, Бесарық, Жаңарық, Манап ауылдық округі тұрғындарының екпінін ерекше атау керек-ақ. Талап, Қаратөбе, Қыраш, Қандөз ауылы тұрғындарының аудан үнжариясына жазылу белсенділігі төмен болды.
Газеттің басты оқырманы ұстаздар қауымы болып отыр. Сондықтан көп жағдайда педагогтарға үміт артатынымыз шындық. Мұны терең түсінетін аудандық білім бөлімінің басшысы төл басылымды қолдаса, мектеп директорлары газетке жазылуды ұтымды ұйымдастыра білді. Нәтижесінде білім беру саласы 2906 данаға жазылды. Бұл ретте, ұстаздар қауымына алғаусыз алғыс білдіреміз.
Оқырман қауымның шынайы қолдауын сезінген шығармашылық ұжым ізденісті арттырып, ойлы мақала жазып, ақпаратты дер кезінде жеткізуге күш салуда. Әсіресе арнайы беттер арқылы әр саланың мамандарын ақпаратпен қолдауды жолға қойды. Яғни ұстаздардың шығармашылығына бағытталған «Шамшырақ», балабақша қызметкерлері үшін «Балапан», құқық қорғау саласының қызметкерлерін насихаттайтын «Құқық және қоғам», дәрігерлердің дәреметіне арналған «Дауаны», спортшылардың алған биігін дәріптейтін «Сергек» бетін шығаруды жалғастырамыз. Оқырманнан оң бағасын алған «Оқшау ойды» бір жылдық үзілістен кейін қайта шығаруды қолға алмақпыз. Оқырмандар арасынан да ерекше орамды ойымен бөліскісі келгендерге мархабат. «Қазақ қызы», «Талантты жастар тұғыры», «Сенбілік сұхбат», «Балалық шаққа саяхат» және т.б. тұрақты айдарға лайықты тұлғаларды шығаруды жалғастыратын боламыз. 2020 жылы өзіндік даму жолына түскен ауылдық округтердегі жұмыстарды «Менің ауылым» айдарында қамтуды көздеп отырмыз.
Бір сөзбен айтқанда, газеттің айтары көп. Төл басылымның мазмұндық деңгейін арттырып, дизайнерлік өрісін кеңейте түсеміз. Қызықты әрі құнды материалдарды тақырыпқа арқау етіп, оқырмандарға саналы ой салуға күш саламыз.
Шерхан Мұртаза ағамыз айтқандай, «жегені жантақ, арқаланғаны алтын» журналистер қауымы жауапкершілік жүгін сезініп, қоғамдық сананы жаңғырту жолында еңбек ететін болады.
Сөз соңында газетке жазылу әлі де жалғасып жатқанын жеткіземіз.

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ
---
05 қаңтар 2021 ж. 587 0