№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » БЕДЕЛді БАСЫЛЫМДАР

БЕДЕЛді БАСЫЛЫМДАР

Ақпараттық кеңістікте бәсекеге қабілетті ақпарат тарату көзіне айналған басылымдар санатына «Сыр Медиа» ЖШС-не қарасты облыстық, қалалық, аудандық газеттерді жатқызуға болады. Биыл Сыр өңірінің аға баслымы – «Сыр бойы» газетіне 90 жыл толса, «Жалағаш жаршысына» – 85 жыл, «Өскен өңірге» – 80 жыл, «Қазалыға» – 10 жыл болды. Төл газеттің №5 (8270) нөмірінде «Сыр бойы» газеті жайлы «Тұғырлы елдің тұмары» атты мақала жазылғандықтан енді аудандық газеттер жайлы сыр шертуді ұйғардық.

Шыны керек, газеттер ақпарат таратудың тетігі ғана емес, тәрбие құралы, ұлттық идеологияның жаршысы екені анық. Бүгінде Тұңғыш Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» мақа­ласындағы басымдықтардың маңызын жан-жақты насихаттап, «Мәңгілік ел­дің» тұтқасын бекітуге үлес қосуда. Сыр еліндегі кез келген басылым осы мұраттан айныған емес.
ХХ ғасырдың 30 жылдарынан негіз алатын «Жалағаш жаршысы» газетінің ұстанымынан ұлтқа қызмет етудің ұстынын көресіз. Алдыңғы буынның аманатына адалдық танытып, газет өндірісін уақыт талабына сай үйлестіруде басылымның бас редакторы Азиз Батырбековтің еңбегі зор.
Бүгінде «Жалағаш жаршысы» газеті көркемдік талғамын арттырып, тың тақырыптарды, оның ішінде әлеуметтік мәселелерді батыл көтеріп келеді. Жалағаш ауданының шежіресі мен тұлғаларын танытуда газеттің байырғы қаламгерлері де үлес қосатыны қуантады.
– Облыстық және аудандық басылым­дардың басын біріктірген «Сыр медиа» ЖШС-ға қосылғалы бері газет мүмкіндіктері артып, жаңа­ша форматпен шыға бастады. Редак­цияның материалдық-техникалық жарақ­тандырылуы заманауи сипат алды. Сайт жұмысы жанданып, интернет газеттің игілігін аудан тұрғындары көре бастады. Мұның бәрі медиа бәсекеде өз орнымызды алуда үлкен қолдау дер едім, – дейді бас редактор.
«Жаңақорған тынысы» газетімен тығыз шығармашылық қарым-қатынас орнатқан жалағаштық басылымда Орынтай Тоқмырзаева, Бақыткүл Ташкен­баева, Махамбет Ахметов, Қуат Ахетов, Алтын Ізтілеуова, Кенжетай Қайрақбаев, Нұрсұлтан Қазбеков, Нұржамила Алмасқызы, Нұрсұлу Сахи, Ерлан Созақбаев, Тимур Қуандық, Жасұлан Оспанов сынды журналистер өнімді еңбек етуде. Олар басылымды сапалы әрі мазмұнды шығару жолында ізденісін ұштап келеді.
– Шығармашылық жұмыста буын алмасуды сәтті еңсеру маңызды. Шүкір, осы тұрғыдан алғанда, «Жалағаш жаршысы» газеті «сен тұр, мен атайын» дейтін жастарды жасақтап, медиа нарықта бәсекеге қабілеттілігін көрсете бастады. Қазір ақпарат таратуда дәстүрлі басылымнан бөлек, жаңа медианың мүмкіндігі көп. Яғни сайттың сапасы мен көрілімін арттыратын аудио, видео контент дайындау, әлеуметтік желілерде дұрыс жұмыс жасау маңызды. Осы дағдыларды меңгерген журналистер шоғыры қалыптасты, – деді Азиз Жұмаділдаұлы.

***
80 жылдық белесті бағындырған «Өскен өңір» газетінің бізге де қатысты тұстары бар. 1962 жылы «ауылы аралас, қойы қоралас», бір-біріне жақын ауылдас, қоңсылас болып тіршілік кешкен Шиелі мен Жаңақорған ауданы біріккені мәлім. Осы кезде екі ауданға «Өскең өңір» газеті тарап, жаңақорғандық журналистер Шиеліде өнімді жұмыс жасады.
Расында, 1962-1966 жылдары шыққан «Өскен өңір» газетінің тігінділерінен жаңа­қорғандық қаламгерлер Мырқы Исаев, Адырбек Сопыбеков, Айдархан Бибасаров, Әкім Мейірбеков және т.б. очерктері мен эсселерін, фельетон мен памфлеттерін оқуға болады.
Қазақ халқының қоғамдық-әлеуметтік көзқарасын оятуда, рухани-мәдени дүние­танымын арттыруда мерзімді басы­лымдардың сіңірген еңбегі зор. «Өскен өңірді» сондай газеттердің қатарына қосуға болады. Газеттің алғашқы редак­торы Мәді Молдыстамовтан бүгінгі редактор Нұрболат Пірімбетке дейін қаншама қаламы қарымды журналистер газет беделін түсірмей, оқырман жүрегінен жол табатын талғамы биік туындылар сыйлап келеді. Бүгінгі «Өскен өңірдің» мазмұнына қарап аудандық газет деп ауқымын шектей алмаймыз. Республикалық газеттер көтеретін өзекті мәселелерді қаузап, оқырмандарының ықыласына бөленіп отыр. Елдік мәселені, мемлекеттік мүддені арқау еткен мақалаларды оқып, уақыт ағымына лайықты бейімделген басылым екенін танисыз.
– Шиелі ауданымен бірге жасап, өңір­дің барлық тыныс-тіршілігі мен тарихын қағаз бетінде қаттап, елдің саяси ахуалын сақтауда өзіндік ықпалы бар газеттің тұрақты оқырмандары қалып­тасты. Оқырмандардың белсенділігі тың тақырыптарда қалам түртуге септігін тигізуде. Әсіресе журналистік зерттеулер, сараптамалық материалдар жазуға машықтандырды. Аға буынның мектебін көріп, тәлімін алған жас журналистердің қабілет-қарымы жақсы, – деді бас редактор Нұрболат Сәдуақасұлы.
Газеттің әрбір нөмірінің мазмұнды дайындалуы, дизайнерлік талғамның биіктігі шығармашылық ұжымның әлеуе­тіне тікелей байланысты. Осындай жұмысты үйлестіруде Елдос Жүсіп пен Ерұлан Даткеновтың еңбегі елеулі. Бақытжан Байымбетов, Гүлхан Сәбитқызы, Гүлнар Дүйсебаева, Жұлдызай Ноғай­байқызы, Фариза Кенжешова табысты еңбек етуде.

***
10 жыл. Бұл былай қарағанда, аз уақыт болғанымен, осы жыл ішінде «Қазалы» газеті ақпарат саласында өз орнын қалыптастырып, оқырманын таба білді. Қазалы ауданының айнасына айналған басылымның алғашқы саны 2009 жылдың қаңтар айында оқырман қолына тиді. Қазалы ауданы әкімі қызметін атқарған Айтбай Көшербайдың бастамасымен ашылған газеттің өз биігі бар. Ол – жалынды, жігерлі жас журналистердің басын қосып, елге қызмет етудің жолын ашуы. Шығармашылық ұжым әрбір нөмірге асқан жауапкершілікпен қарап, оқырман талғамынан табылатын сараптамалық, өзге де дәйекті мақалалар дайындап, жарық көруіне зор үлес қосуда. Олардың еңбегі жеміссіз де емес. Бұған алғаш ашылған кезде небары 1000 данамен жарық көрген басылымның таралымы бүгінде 6500 данаға жетуі нақты дәлел.
Газеттің алғашқы бас редакторы белгілі ақын, жазушы Жетіскен Мәкеналы болды. Одан кейін, басшылық қызметке Шамша Айтуғанов 2011 жылдың қыркүйек айында келді. 2014 жылдан бастап уақыт талабына сәйкес облыстық «Сыр медиа» ЖШС-не бірігіп, басылымның тыныс ашылып, форматы жаңартылып, түрлі-түсті бояумен тарала бастады.
2016 жылдың қыркүйек айында газет редакторлығы тізгінін қолға алған Дәурен Омаров басылымға жаңа бағыт, әкеліп, тынысын аша түсті. Халықтың әлеуметтік-тұрмыстық ахуалын, өлке тарихын арқау еткен мақалалар саны арттырылды. Елдің түкпір-түкпірінде қызмет ететін қазалылық қаламгерлерді газет өндірісіне тартып, мазмұнын арттыруға жұмыс жасады. Өлке тарихын, тарихи тұлғалардың тағылымын және т.б. газет беттеріне арқауы етті. Мұның бәрі басылымның беделін арттырып, өзінің биігін табуға әсер етті. Соның дәлелі, 2017 жылы Ақпарат саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесінде «Қазалы» басылымы «Үздік аудандық газет» номинациясына ие болды. Қазір жас редактор Есет Табынбаев газет тізгінің ұстады.
– Басылым бетінде уақыт ағымына ілесіп, заман тынысын дөп басатын «Кәсіп пен нәсіп», «Адам және заң», «Елбасы Жолдауы – ел өмірінде», «Ел есіндегі есімдер» секілді айдарлар ашылды. Оған қоса «Иман», «Қазына», «Ару – ана», «Мәслихат тынысы», «Ауылым – ал­тын бесігім» секілді беттерді әзірлеу жолға қойылды. Бұлардың қатарына өткен жылдан бастап ауданның ақын-жазушыларының шығармашылығына арналған «Aqberen», өңір өнерпаздары мен сахна саңлақтарын насихаттайтын «Shabyt», спортшылардың жоғарғы жетіс­тіктерін сүйіншілейтін «Muzbalaq» тәрізді арнайы беттер қосылды. Бұл іргелі ұжымның тынымсыз ізденісінің жемісі екендігі сөзсіз, – деді бас редактор Есет Табынбаев.

Р.S.: Міне, біз мақалаға арқау еткен мерейтойлы басылымдардың кешегісі мен бүгінгі бет-бейнесі осындай. Әріптес ұжымдардың ақпараттық кеңістікте биік­тей беруілеріне тілектеспіз!

Әли ТЕМІРБЕК

13 шілде 2019 ж. 1 409 0