7000 данаға жеттік!
ХХІ ғасыр – ақпараттық ғасыр. Кез-келген басылымға бәсеке бәсінде биіктен көріну қиынның қиыны. Ақпараттық ағын көптеген газет-журналдардың тынысын тарылтып отыр. Десе де «Жаңақорған тынысы» аудандық қоғамдық-саяси газеті ақпарат нарығында өзіндік орнын тапты. Аудандық шығармашылық ұжым мазмұндық деңгейін һәм дизайнерлік талғамын арттырып, оқырман талабына сай ізденісін ұштап келеді.
Ауданның үнжариясында Қазақстанға танымал қарымды қаламгерлердің ізі қалды. Олар тұрғындарды тың ақпараттармен, құнды материалдармен сусындата білді. Яғни, қоғамның «көзі, құлағы һәм тілі» (А.Байтұрсынұлы) ретінде жолынан жаңылмады. Осы дәстүрді бүгінгі буын абыроймен жалғап, заманауи үрдістерге бейімделіп келеді.
1933 жылы «Екпінді» атауымен шыққан газет 334 данамен тарады. Соңғы үш жылда аудандық газеттің таралымы артты. Мәселен, 2017 жылы – 6666 дана, 2018 жылы – 6778 дана, 2019 жылы – 6860 дана құрады. 2020 жылы – 7003 данаға жетті. Бұл – басылым тарихындағы рекордтық көрсеткіш.
Осы жылдары Жаңақорған ауданы Сыр өңірінде экономикалық көрсеткіштер бойынша көш бастаса, «Жаңақорған тынысы» аудандық газеттер арасында бірінші орынға шықты. Әрине, газеттің беделі өсіп, таралымының артуында аудан әкімдігінің ерекше қолдауы мен ішкі саясат бөлімінің жұмысты ұтымды ұйымдастыра білгенін айту қажет-ақ.
Жалпы, төл басылымның таралымы артуында «СКЗ-U» ЖШС, «Жаңақорған шипажайы» АҚ, Жаңақорған агро-техникалық колледжі, аудандық білім бөлімі, орталық аурухана, аудандық полиция бөлімі, орман және жануарлар дүниесін қорғау мемлекеттік мекемесі ерекше атсалысты.
Ауданның төл басылымына қолдау білдіруде кент және ауылдық округтер белсенді қатысты. Әсіресе Аққорған, Төменарық, Келінтөбе, Ақүйік, Қыркеңсе, М.Нәлібаев, Сүттіқұдық, Жайылма, Байкенже, Кейден, Қосүйеңкі ауылдық округінің тұрғындарын ерекше атау керек. Ал, Көктөбе, Қандөз ауылы баспасөзге жазылуда белсенділігі төмен болды.
Әрине газеттің басты оқырманы ұстаздар қауымы екені даусыз. Сондықтан көп жағдайда педагогтарға үміт артатынымыз шындық. Мұны терең түсінетін аудандық білім бөлімінің басшысы төл басылымды қолдаса, мектеп директорлары қоштай кетті. Нәтижесінде білім беру саласы 2793 данаға жазылды. Бұл ретте ұстаздар қауымына алғаусыз алғыс білдіреміз.
«Жаңақорған тынысының» таралымы артуына қамқорлық көрсетіп жүрген мәдениет, спорт және құқық қорғау саласы екенін мақтанышпен айтамыз.
Ақпарат құралдарының көптігі халықтың талғамын арттыра түсті. Осыны ескерген шығармашылық ұжым жұмысын жандандыра түсіп, оқырманға ойлы мақала жазып, ақпаратты дер кезінде жеткізуге күш салуда. Әсіресе арнайы беттерді шығарып, әр саланың мамандарын ақпаратпен қолдауды жалғастыратын боламыз. Яғни ұстаздардың шығармашылығына бағытталған «Шамшырақ», балабақша қызметкерлері үшін «Балапан», құқық қорғау саласының қызметкерлерін насихаттайтын «Құқық және қоғам», дәрігерлердің дәреметін дәріптейтін «Дауаны», спортшылардың алған биігін ақпараттандыратын «Сергек» бетін шығаруды жалғастырамыз. Оқырманнан оң баға алған «Оқшау ойды» бір жылдық үзілістен кейін қайта шығаруды қолға алмақпыз. Оқырмандар арасынан ерекше орамды ойымен бөліскісі келгендерге марқабат. «Қазақ қызы», «Талантты жастар тұғыры», «Сенбілік сұхбат» және т.б. тұрақты айдарға лайықты тұлғаларды шығаруды жалғастыратын боламыз. 2020 жылы өзіндік даму жолына түскен ауылдық округтердегі жұмыстарды «Менің ауылым» айдарында қамтуды көздеп отырмыз.
Бір сөзбен айтқанда, газеттің айтары көп. Төл басылымның мазмұндық деңгейін арттырып, дизайнерлік өрісін кеңейте түсеміз. Қызықты әрі құнды материалдарды тақырыпқа арқау етіп, оқырмандарға саналы ой салуға күш саламыз.
Нұрлат БАЙГЕНЖЕ