» Семинар мақсаты: отбасы құндылығы

Семинар мақсаты: отбасы құндылығы


Ежелден-ақ отбасылық ойранға, бала тағдырының тәлкекке түсуі секілді қиянатқа қарсы болған халықпыз. Тағдыр тамшыларының ең нәрлісi отбасы құндылығы. «Жаңарған Жаңақорған жастары» қоғамдық қоры ұйымдастырған туыстық қатынастың қағидасына берік болуға үндейтін бірегей шара «Отбасы құндылықтары» атты семинар-тренингінен осындай ой түйдік.


Отбасын құру от басудан басталмас үшін жастарға отбасының қадір-қасиеті жайында ауданымыздың бірқатар үлгілі отбасы мүшелері, белгілі ел азаматтары – Жаңақорған ауданының мәслихат депутаты Серiк Абдуллаев, Жаңақорған ауданының мәслихат депутаты Азия Қыстаубаева, «Жаңақорған тынысы» газетінің қызметкері Баян Үсейiнова, облыстық «Рухани жаңғыру» бөлімінің басшысы, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген құрметті ұстаз Алима Жақыпқызы, облысқа танымал, жүз жаңа есiмге ие болған психолог Сымбат Әбдірахманова тақырыпқа қатысты өмірлік тәжірибелерімен бөлісті.
Серiк Абдуллаев отбасы құндылықтары ата-бабадан келе жатқан дәстүр, әкені сыйлау, ананың сөзін екі етпеу, ер мен әйел арасындағы сыйластық жоғары болу керектігі жөніндегі ақыл-өсиеттерімен қоса жастардың қасиетті шаңырақты кие тұтпай болмашы керіске килігіп, ортадағы бала тағдырына бейжай қарайтын қаперсіздігін сынға алды.
– Отбасының іргесі берік, мығым болуында ер мен әйелдің үлесі бірдей. Ислам дінінде ер адамды әйелден бір саты жоғары қояды. Бұл әйелді кемсіту емес, керісінше ақылды әйелдің ерінің тапқанын ұқсатып, отбасы берекесін орайластырар қасиетін меңзегені деп ойлаймын. Отбасы шағын мемлекет, оның өз саясаты болады. Бүгінде адамдардың бір-біріне деген мейірімділігі жойылып бара жатқандай. Алдымен бұған ата-ана жауапты. Баланың бойына жақсы қасиеттерді сіңіріп өсіру қажет, – деді ол.
«Ер болып, елiңе пайдам тисiн десең – отбасыңа берiк бол» деген даналықта үй ішінде әкенің рөлі үлкен екендігі айтылған. Келесі кезекте Манап Көкенов атындағы мәдениет үйі өнерпаздарының өмір мазмұны асып – тасқан байлықпен емес, имани, ислами қағидалармен құнды екенін көрсеткен қойылымы бүгінгі қоғамдағы адасушылықты дөп басты.
Одан әрі сахна төріне көтерілген ел ардақтысы Әзия Қыстаубаева отбасы қадipi жайлы әңгімеледі.
– Ұл мен қызды тәрбиелегенде ұлды ертеңгі елдің тұтқасын ұстар, отбасының тірегі болар азамат етіп, қыз баласын ибалы келін, болашақ ана боларлық деңгейде тәрбиелесек бүгінгідей қоғамда ажырасушылықтың алдын алған болар едік. Дегенмен ел арасында ата-анадан алған тәрбиесін ұрпаққа дарытып, көпке үлгі болып жүрген үлгілі, мерейлі отбасыларымыз қаншама. Әрбір адам бірінші орынға отбасын қоюы қажет. Үйдегі мәселелердің шешімін екі жақ келісе отырып шешу керек. Қыз баласы келін болып, ақ босаға аттағаннан кейін сол үйдің түтінінің түзу шығуы, осы нәзік жандардың қолында. Ағайынның беделін сақтап, үйдің берекесін кіргізгетін де әйел. Қазақта «ұлық болсаң – кішік бол» деген аталы сөз текке айтылмаған. Үлкенді сыйлап, кішіге қамқор болсаң Алла сені назарынан тыс қалдырмайды. Жүрегі мейірімге толы жан нағыз бақытты жан дер едім, – деді сөз соңында.
Иә «дүние – қолдың кірі» дейміз. Соған қарамастан оның жастар арасындағы ажырасудың басты себебінің бірі болып отырғаны шымбайымызға батары анық.
Кештің арнайы қонағы, көп балалы жанұядан шыққан қаламгер апамыз Баян Алаудинқызы отбасы құндылықтары жайында ой өрбітті.
– Өмір сансыз сұрақтардан тұрады. Адамзат бұдан мың жыл бұрын кезіккен сұраққа бүгін тағы келіп тіреледі. Сондықтан жауабы ортақ. Мұсылман адам тура жолдан адаспасы үшін ақиқат діннен ажырамауы тиіс.
Пайғамбар (с.ғ.с) хадистеріне сүйеніп айтылған әрбір кеңес адасушылықтан сақтайды. Бүгінде көп мәселенің түйіні шариғи тұрғыда шешімін тауып жатқаны соның дәлелі.
Қыз баласы бірінші кезекте мейірімді ана, адал жар болу керек. Әйел адам ол қандай қызметте болмасын отбасындағы міндеттерін орындамаса ол ешқашан басқаға үлгі бола алмайды. Әйел бірінші кезекке отбасын қою қажет. Әйел ерінің алдындағы міндетін орындаса ондай жанның мерейін Алла үстем етеді.
Отбасының үш тағаны бар. Ата-әже, әке-ана және бала. Осы үшеуі тең болғанда отбасы бұзылмайды. Отбасы тіршілігін барлығы бірдей көтеруі керек. Көпшілік жағдайда міндеттілікті келінге артып қойып, барлық жағдайда соны кінәлау басым түсетінінен араздық туып жатады. Жанұяда ата-ене қамқорлығы зор қуат, – деді ол.
Өз кезегінде сөз алған шараның арнайы қонағы, педагогика ғылым­дарының кан­дидаты, «Рухани жаңғыру» бөлімінің басшысы Алима Жақыпқызы тақырып аясында ойын былай тұжырымдады: «Бүгінгі күні отбасылық мәселе – мемлекеттің, ұлттың тағдырын шешіп отырған мәселе. Қазақтың жылдар бойы қалыптасқан дәстүрлі педагогика мәдениетінде әркім өз міндетін ар-намысымен орындау қажеттілігі қалыптасқан, сол қалыптасқан игілікті, ізгілікті мұра бір ұрпақтан екінші ұрпаққа беріліп отырған. Отбасы мәселелерін сауатты түрде шешуде. Хакім Абайдың толық адам ілімін меңгеру керектігін айтар едім. Жиырма бірінші ғасырда соғыстан да жаман мәселе, ол – жауқаулық. Сондықтан да ұрпақты еңбек етуге үйрету маңызды.
Бүгінгі күні елімізде әрбір үшінші отбасы ажырасып жатса, әр күні төрт жүз әйел зорлық-зомбылық көріп жатыр. Өзімнің авторлық кітаптарымда осы мәселе жайында, яғни отбасын қалай сақтап қалуға болатыны жөнінде тарқатып жазып келемін».
Жастар арасында соның ішінде мектеп оқушыларының өз-өзіне қол жұмсауы неге жиілеп бара жатыр? Мұның себебі неде? Күрмеуі қиын мәселенің шешімі қандай? Осы сынды сауалдарға психолог маман Сымбат Әбдірахманова жауап берді.
– Барлық білім ұяларында балалармен психолог маманы жұмыс жасайды. Ата-ана «менің баламның дені сау, маманның көмегі қажет емес» деп қашқақтамау керек. Баланы мазалаған сұрақтар үлкендер үшін болмашы болса да ол буыны қатпаған жеткіншек үшін үлкен мәселе болып табылады. Өсе келе ол өкінішті жағдайларға алып келуі әбден мүмкін. Сондықтан да ата-ана отбасында баланың үлкен-кішісін бірдей көруі қажет. Өйтпеген жағдайда балалардың бір-біріне деген өшпенділік сезімі оянуы мүмкін. Балаға ешқашан достарының көзінше кейіп ұрысуға болмайды. Мұндай жағдайда бала жасық болып қатарының алдында өзін төмен санайтын болады, – деген ақыл кеңесімен бөлісті.
Мектептегі маман баламен жұмыс жасауды сауалнамалар арқылы жүргізеді. Психологиялық ауытқушылық байқалған жағдайда жасөспіріммен жеке жұмыс жүргізіледі. Мұндай балалар өз арасынан алшақтанып, көпке қосылмай жүруі мүмкін. Сондықтан мұндай балаларға отбасында ата-ана жиі көңіл аударып, бос уақытын балаға арнау қажет. Бүгінде балалар арасындағы мұндай жағдайлардың жиілеуі отбасындағы мейірімнің аздығынан дер едім, – дей келе өз тәжірибесіндегі кездескен жағдайлармен бөлісіп, көпшіліктің бала тәрбиесіне қатысты сауалдарына жауап берді.
Тағылымы мол рухани кеште ой бөліскен әрбір көрермен ой-шұңқыры басым өмірде кездесер қиындықтарға қарсы тұруда, қазақи құндылықтардың қадірі жөнінде кеңінен талқыланды.
Шара соңынан «Жаңарған Жаңақорған жастары» қоғамдық қорының төрағасы Еркінбек Айнақожаев сөз алып, аға ұрпақ тағылымымен бөлісумен қоса арнайы психолог маманның кеңесін көпшілікке қолжетімді етуді мақсат еткен ізгі ниеттері жөнінде айта келіп, алдағы уақытта да осындай шараларды жиі өткізу жоспарда бар екендігін жеткізді. Одан әрі жан-жақтылығымен жастарға үлгі болып, қайырымдылық шараларда еңбегі орасан кәсіпкер тұлға елдің әлеуметтік, экономикалық жағдайына үлес қосып жүрген Ашировтар отбасын «Үлгілі отбасы» номинациясымен марапаттады.
Кеш барысында ауданның өнерпаздары мерекелік көңіл-күй сыйлап, әйелдер қауымын сый-сияпатымен қуантты.

ТҮЙІН. Отбасы құндылығын сақтау жанұя мүшелерінің басты міндеті. Әр отбасында құндылықтар әр түрлі. Олардың ұқсас жақтары да бар. Мәселен, ұрпақ жалғастыру, дінді сақтау, бала тәрбиелеу сынды дәстүрлі құндылықтар ортақ. Ал осы қағидаларды ұстанып отбасы беріктігін нығайту өз қолымызда. Ендеше ұрпақ тәрбиесі – ұлт болып ұйысудың, ел болып ертеңге нық қадам басудың негізі болмақ.

Майра ҒАНИЕВА
---
11 наурыз 2020 ж. 781 0