Әлеуетті кәсіпкер әлеуметпен санасуы тиіс
Аудан әкімшілігінде өткен кәсіпкерлермен меморандумда осы тақырып түйінделді.
Қоғамдық кеңестер ел өміріндегі атаулы мәселелерді талдап-таразылап, халыққа неғұрлым ыңғайлы, неғұрлым тиімді тетіктерін ұсынуды қырағы көзден қалт жіберген емес. Өткен жұмада аудан активімен бірлескен кезекті отырысында қоғамдағы осындай өзекті мәселенің бірі – той-жиындардың уақытын шектеу және бір ізді жүйеге түсіру мәселесін күн тәртібіне қойған болатын.
Қоғамдық Кеңес жұмысына аудан әкімі Сұлтан Ысқақұлы төрағалық етті. Аудандық кәсіпкерлік бөлімінің ұйымдастыруымен орталықтағы түрлі деңгейдегі сауда орындары және мейрамхана иелерінің басын қосқан шарада аудан басшысы қоғамдық тәртіптің талап, ережелерінен туындайтын мәселелерді талқылау, сөйтіп бір ауызды байламға келу жөнінде өз ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
Мәселенің мән-жайына келсек, аудан халқы болып той-жиын, түрлі отбасылық мерекелерде кафе-мейрамханаларды жалға алып, жалпыға ортақ шараларды ұйымдастыруда белгілі шектен асып кетушілікке куә болып келеміз. Нақтылап айтқанда, белгіленген той өз уақытынан кемі 2-3 сағат кешігіп басталады. Оның зардабын алыстан арнайылап келген қонақтар мен өз уақытында жүретін зиялы азаматтар шегіп жатады. Неге? Қаншама тірлігіңізді ысырып қойып, дос-жаран, туған-туысты құрмет тұтып келген қадамыңыз еріксіз тұсалып, уақытты сарылып күтуге жұмсап, жүйкеңіздің жұқарары рас. Бұл ешқандай әдепке де, этикаға да сай келмейтін сұрықсыз жағдай.
Қоғам – жеке адамдардың саналы іс әрекеті мен байыпты бағдарларға тәуелді. Неге бізге бұл орынсыздықтарды заңмен, ережемен шектеп, жоғары деңгейлі бастамаларға бет бұрмасқа?
Жиынға келген жеке кәсіпкерлер арасында қоғам талабынан өзін биік санайтын бизнес иелері де кездеспей қалмады. Олар не дейді?
«Қарамағымда 5-6 адамды жұмыспен қамтып отырмын. Кәсіпкерлігімді қалай үйлестіру өз құқым. Кәсіпкерлік қызметіне мораторий жарияланған. Сондықтан уақытты шектеу, шектемеу өз құзыретімде». Бұл «Нышан» кафесінің қожайынының ұстанымы.
«Тойхананы уақытылы жабу үшін той иелеріне талай өтініш айтып жүрміз. Ақшасын төлеп жалдап отырғандықтан клиенттерге қарсылық ете алмаймыз. Сонда не істеуіміз керек?» Бұл орталықтағы «Айсұлу-2» тойханасы меңгерушісі Зубайра Есенбекованың уәжі.
Қоғамдық кеңес мүшелері атынан сөз алған аудан әкімі кеңесшісі Серқожа Ыдырысов, аудандық ардегерлер кеңесінің төрағасы Өмірсерік Тақырбасов, қоғамдық кеңес төрағасы Ақылбек Жәнібековтердің ой-пікірі төмендегідей ортақ арна тапты.
– Табыс табу – әр кәсіпкердің негізгі міндеті. Бірақ өмір құндылығы – тек баюдан тұрмайды. Сіздің қызметіңіз қоршаған орта талабымен үйлесім таппай, қоғам тынысына кері әсерін тигізіп жатса, онда кәсіпкерліктің өрісі тарылады деген сөз. Сіз кафеңізді таң атқанша ашып қойдыңыз. Түнімен уақытын текке өткізіп кафе-барларда кімдер отырады? Әрине, ішімдікке артық әуестігі бар жандар ғана. Дағдылы тәртіпке бағынатын, күні бойы пайдалы еңбекпен шұғылданатын жан түн баласына тыныққанды дұрыс көреді. Сонда ақша төлейді екен деп барлық жолсыздыққа көз жұмып қарап отыра береміз бе? Беймезгіл, әрі шамадан тыс көңіл көтеру талай жас-кәріні ақыл-естен айыратыны, одан келіп түрлі қылмыс туындайтыны ақиқат. Осындай орынсыздыққа сіздің де бизнесіңіздің қатысы бары толғандырмай ма?, – деген байыпты ескертулер іс адамдарына терең ой салды.
Осы арада сөз алған қоғамдық тәртіпті сақтау саласы қызметкерлерінің айтуынша, мас күйінде заң бұзушылық, төбелес, ұрлық-қарлық беймезгіл уақытта орын алады. Оған осындай есігін ашып қойып, шектеусіз ішімдік саудасын қыздыратындар көп мұрындық болып отыр.
Көрші Түркістан, Қызылорда қалаларында бұл бағытта жүйелі тәртіп бар. Осы дағдыны бізде де нақты қалыптастыруымыз керек.
Бұл тұрғыда аудан басшысы Сұлтан Мақашов қоғамдық кеңес көтерген мәселелерді қолдайтынын, сондықтан кәсіпкерлермен тойханалар уақытын және кафе-барлардың қызмет көрсету мерзімін жүйелеу туралы Меморандумды толық қуаттайтынын айтты. Бұдан былай той сағат 7-ден түнгі 12-00 ге дейін аяқталуы тиіс болса, жекелей клиенттермен жұмыс жасайтын кафе-дәмханаларда жұмыс уақыты таңнан түнгі 1-ге дейін ғана рұқсат етілетіндігі жөнінде Меморандумға қол қойылды.
Меморандум талаптары тек кәсіпкерге ғана емес, жалпы жұртшылыққа байланысты. Бізде тойға уақтылы бару мәдениеті қалыптаспаған. Осыны бір ізге түсіру керек. Ал оған әрбіріміз жауаптымыз.
Баян ҮСЕЙІНОВА