БАТЫРЛАР ЖЫРЫН ОҚЫҒАН ОТАНЫН САТПАЙДЫ
Мемлекеттің бекем болмағы – қоғам мүшелерінің иманға бай болмысына терең байланысты. Ата-бабамыздың тарихынан бері жалғасып келе жатқан осы ізгі дәстүрімізді жүйелі жалғастыру бағытында елімізде нақты іс-шаралар күн тәртібінен түскен емес. Аудандық ішкі саясат бөлімінің мемлекеттік-әлеуметтік тапсырысы аясында «Ақ баян» қоғамдық бірлестігінің ұйытқы болуымен ҚМДБ-ның шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі, республикалық ақпараттық насихат топ мүшесі Сансызбай Құрбанұлы ауданымызға арнайы келіп, жергілікті халықпен кездесулер өткізіп, ел арасында насихаттық ағарту жұмыстарын жүргізуде. Діни басқарманың арнайы өкілімен сұхбаттасуға мүмкіндік алып, келешек тәрбиесі бағытындағы өзекті сауалдарымызға алған жауабымызды зор қанағаттанарлық сезіммен өздеріңізбен бөлісуді жөн көрдік. Төменде осы сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз.
– Жаңақорған топырағына хош келіпсіз. Әрбір қадамыңызды сауапқа жазсын. Дүниеде қанша ілім-білімнің көзі, ғылымның сан тарауы бар. Бірақ соның ішінде пенденің құлқын, жан дауасын жазбай танып, соның оң мен солын, тығырықтан шығудың жолын нұсқар ақиқат ілімді меңгерген асыл азамат ретінде халықтың бүгінгі хал-ахуалына қандай баға берер едіңіз? Қаншама қиын-қыстау кезеңді бастан кештік. Не қиындықты да елмен бірге еңсеріп, жатты да бауырға тартып, бір үзім нанды бөліп жеген жомарт қалпымыз бүгінгідей барлығы асып-тасқан аста-төк заманда неден қағажу қалып, қатарға қосыла алмай жүрміз.
Жағдайымыз жақсарып, қанатымыз қатайған сайын қайырдан алыстап бара жатқанымыз қалай? Елдік ұстанымызды нығайту үшін нені ұлықтауымыз керек?
– Қай заманда да басты мәселе – адамның адам болып қалмағы. Оның кілті – иманда. Өз тәуелсіздігімізді алып, өз еркіміз қолымызға тигеннен кейінгі міндет – қоғамның гүлденуіне лайықты үлес қосу болмақ. Бейбіт заманда бейнетінен береке таппай, қайырға қауыша алмаудың сыры – қанағатсыздықта.
Ашкөз, тойымсыз пенде болған үстіне бола түссем, байыған үстіне баий түссем дегеннен басқаны мұрат қылмайды. Бәсекелесті басып озам деумен бір жыл баптайтын шаруаны бір аптада тындырудың тәсілін тауып, халал азықты хараммен алмастырудан арланбайды. Ал ақиқатында, кімге дос керек болса оған Жаратушы Ие жеткілікті. Кімге жау керек болса оған нысапсыздық жеткілікті. Ал кімге байлық керек болса, оған қанағат жеткілікті.
Қазірде қарап жүріп, «жын тиді» деген сырқатқа ұшыраушылар көп. Оның басты себебі – өсім мен дүниеге беріліп, туған-туыстан ажыраудан туады.
Мұндай жанды айналасында аңдып жүрген жын иектеп, жүрегіне орнығып алады да өз әмірін жүргізе бастайды. Бұл сырқаттан айығу үшін мешіт аралап, молдаға үшкіртуден бұрын Құдыреттің рақметіне, ата-анаңның разылығына қауышудың қамын қыл, ағайын арасын жалға, жамандық қылғандарға жақсылық жаса, келмесе бар, бермесе бер. Екінші орта – көршімен қарым-қатынасыңды арттыруға тырыс. Үшінші орта – еліңнің алдындағы перзенттік борышыңды адал атқаруға тырыс. Төртінші – адамзатқа жақсы тілекте бол.
Біздің бабаларымыз осы төрт қасиетті ұстын ете білді. Ағайын арасында берік ынтымақтастыққа бекем болды. Жесірін жатқа бермеді, жетімін жылатпады. Көршіні туыстан да артық тұтты. Адамзатқа бауырым деп қанатының астынан орын берді. Кешегі қилы кезеңдерде тілі бір, дәстүрі бір, діні бөлек халық та, тілі де бөлек, ділі де бөлек, дәстүр-салты, діні де бөлек халық та қазақтың бауырынан пана тапты.
– Бұған дейін «Асыл арна» телебағдарламасынан, желі парақшаларынан сіздің насихат – уағыздарыңызды тыңдап, кез-келген сауалымызға нақты жауап тауып келеміз. Мыңдарды аузыңызға қаратып, жүздерді дұрыс жолға салуда осындай терең біліммен қаруланудың қайнар көзі қайда жатыр? Өз өмір жолыңыздан нендей тағылым берер едіңіз?
– Әр адам қоғамдағы өз орнын білуі керек. Жақсы пайдалы азамат болумен қатар тәрбиелі ұрпақ өсіру міндетіміз. Көпшілігіміз қоғамға беруді емес, қоғамнан тек алуды мақсат етіп алғанбыз. Қазақ халқы алдымен сан жағынан көп өсуіміз керек. Сол кезде біздің арамыздан даналар да, ғалымдар да өсіп шығып, өркениетке сенімді қадам түзейміз.
Бір-ақ нәрсе айқын. Қандай мамандық иесі болмасын мемлекетке пайдалы азамат болуы үшін ол ең алдымен Отанын сүюі керек. Өзінің тілін, ділін, дәстүрін, тарихын жетік білетін, соны жан-дүниесімен қорғай білетін азамат қана егемен елдің бағына біткен сенімді қорғаны деп есептеуге болады.
Бабаларымыз ертеден осындай қасиетті ту етті. Соның арқасында ұлан-ғайыр аймақты біздің еншімізге қалдырып кете алды. Бір ғана «Орбұлақ» шайқасын алайық, алты жүз жаужүрек батырымыз Қоңтайдың 50 мың әскеріне қарсы қайрат қылған жоқ па? Әріге бармай-ақ кешегі Алаш арыстарын алайық, Мұстафа, Тұрар, Әлихан, Мағжан, Сәкен, осындай азаматтарымыздың барлығы да алдымен имани ілім алып, ақиқат іліммен қаруланғандықтан тура жолдан адаспады.
Сондықтан олар Отанын сатпады, өмірінің ақырына дейін елмен бірге болды. Ертеңгі дүниесінде Алла алдында жауап беретін болғандықтан жалғандыққа беріліп, жат елге бас сауғалауды да мұрат етпеді. Отаны үшін құрбан болды.
Қазақтың ханы, биі, батырлары, барлығы да хадиске жүгінді. Хадисте: «Барлығыңды да бір еркек, бір әйелден жараттық. Ұлт пен ұлысқа бөлдік. Сендердің біріңнен біріңнің артығың жоқ. Сендердің іштеріңдегі ардақтыларың құдайдан қорыққандарың» делінген. Бұл жағынан келгенде бабаларымыз қашаннан әділеттілікті аттап өтпеген. Кейде біреулердің «Біз жаһилет дәуірін бастан кештік» деп қателесетіні бар. Мынау Африка елдерінде адамдарға қол жууды қайта үйретіп жатқан жай бар. Жаһилет деп сондайды айтады. Ондай естен танарлықтай халге жетіп, шіркеуге барып шоқынды атанған кезіміз жоқ. Дәстүрді мықты сақтап келген халықпыз. «Құдай жоқ» деп тәрбиелеген кеңестік дәуірдің өзінде ораза, намаз, жаназа сынды діни жоралғымызды ұмытпай орындадық. Орындай алмағандары жүрегімен, ділімен иманына берік болды. Тегіміз бар, дәстүріміз нық, тарихымыз тереңде.
Біздің жерімізге Арабтың діні, мәдениеті келмей тұрған 12 ғасырдың өзінде Әл-Фараби сынды даналарымыз ғылымның негізін қалады. Орхон жазбалары дүниеге келді. Бейбарыс сынды батыр бабамыздың бүкіл Ислам әлеміне пана болуы, салжуктерді құлатып, Осман мемлекетінің құрылуы халқымыздың дінге қосқан үлесінің орасан зор екенін көрсетеді.
«Сендердің араларыңда дін мен білімді екеуін қатар алып жүргендер екі қанатты құс секілді» дейді хадисте.
Біздің елімізде имани білім аламын деген азаматқа барлық мүмкіндіктер жасалған. Медреселер, колледждер бар. Бірақ барлығына бірдей имам болу шарт емес. Әркімге өз қабілетіне қарай өмірден өз орнын табу – міндет. Ол инженер, заң қызметкері немесе дәрігер болсын, оның жүрегінде елінің дәстүріне, тілі мен діліне, тарихына деген махаббат болуы керек. Біздің келешегімізді көркейтетін осындай көркем мінезді жастар.
Мен айтар едім, жастарымыз ұлттық рухын бойына сіңіріп өсуі керек. Ал мұның барлығы қазақтың ауыз әдебиетінде тұнып тұр. Батырлар жырында екі қасиет бар екен. Оны оқып, жүрегіне тоқыған жас елін сатпайды. Екіншіден ержүрек, батыл және намысты болады. Сонымен қатар тілі бай, өресі кең, жандүниесі терең тұлға болып қалыптасады.
Қазақ қашаннан намысшыл халық. Олар өзгеден қиянат көрген шығар, бірақ өздері ешкімге қылдай қиянат көрсетпеген. Ең бастысы, жеріне көз алартқанды аямаған, сосын қыз баласын көз қарашығындай қорғаған. Мал-жан, дүние-мүлкіне кеңпейілділік танытып, жағалай бөліп беруге бар болса да осы екі құндылығына ешкім көз сұғын қадап, қарызға да сұрап ала алмаған.
– Әйел-аналарға қандай ғибрат айтар едіңіз?
– Пайғамбарымыз (С.А.У) әйелдер 4 міндетті орындау арқылы жұмаққа кіреді дейді. Бес мезгіл намазын оқып, оразасын тұтуы, әуретті жерлерін жабық ұстау және күйеуіне мойынсұнуы арқылы.
Қазірде көзі ашық, көкірегі ояу нәзік жандылар қолдан келгенше мұсылмандық парызын орындауға құштарлық танытып келеді. Бұл қуантарлық жағдай. Тек, ерлермен теңдікті пайдаланып, күйеуіне бойұсыну дегенге келгенде кемшін тұстар көп. Тіпті отбасы жауапкершілігін де, міндетін де әйел-ана толық өз мойнына алып, ерлердің беделі төмендеп кеткенін байқау қиын емес.
«Жаман еркек жақсы әйелді қор етеді, жақсы әйел жаман еркекті зор етеді» дегендей, қай нәрсеге де сабырлық етіп, әйелдеріміз отағасын құрметтеген жанұяда тек береке мен шаттық орнайды. Осыны ұмытпаңыздар.
– Әңгімеңізге рақмет!
Баян ҮСЕЙІНОВА.