№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

№90 (8801) 12

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » » Қолдан келсе, көмек беруден тартынған емеспін

Қолдан келсе, көмек беруден тартынған емеспін

Жақында «жаңақорғандық алғашқы кәсіпкер кім?», – деген тақырыпта әңгіме өрбіді. Сонда көпшілігі «Алшынбай Тұртанов болса керек-ті», – деген болатын. Осыны естіп 70 алқымдап қалған қариямен жолығып, сөйлескен едік.

– Алшынбай Тұртанұлы, өміріңіз мәнді өтіп жатыр деп айта аласыз ба?
– Әрине. Бірлік савхозында Сауранбай Баубеков деген зиялы әрі сауатты кісі болатын. Ол баласы Тастемір Рахимов, Қалқозбек Әжібеков, Дәуітбек Жұматов және мені Қызылорда қаласындағы Ю.Гагарин атындағы №1 мектеп-интернатына түсірді. Білім ордасын 1964 жылы алғашқы түлектері ретінде бітірдік.
Мектеп бізді жан-жақты жетілген, оң мен солын ажырата алатын тұлға ретінде қалыптасуымызға әсер етті. Ол кездегі ұстаздардың жөні бөлек тұғын. Бітімдері ерекше, сөз саптаулары мен балаға деген мейірімдері тартушы еді. Білімдері қандай терең еді?! Ең бастысы ұстаздарымыз бағыт бере алатын данагөй болатын.
Ондай кісілерден тәлім алған оқушы азамат болып қалыптаспауы мүмкін емес.
– Тұлға ретіндегі алғашқы шешіміңізді немесе қадамыңызды айта аласыз ба?
– Ол кезде қазақ балалары зоотехник, агроном секілді ауылшаруашылық мамандықтарын көп таңдайтын. Бұл – құбылыс болатын. Ал мен құрылыс саласын таңдадым. Сөйтіп Ташкенттегі Орта Азия политехникалық институттың құрылыс факультетіне түстім. 1969 жылы азаматтық, өндірістік және ауылшаруашылық саласының құрылыс инженері мамандығын қызыл дипломмен бітіріп шықтым.
– Адамның ең қызықты әрі мазмұнды шағы студенттік кезі деймейме? Осы кезеңде естен кетпес қызықты оқиғалар болған шығар?
– Лекция өтіп жатқан болтын. Профессор Ю.Алмухамедов аудиторияға кіріп, «Іштерінде қазақтар ма ма? Қане орындарынан тұрындар» – деді. Аудиторияда отырған 6 қазақ орнымыздан тұрғында: “Казахстан является Меккой современной и древней математики. Казахстане родилбся Ал-Фараби, Омар Хаям. Я ученик академика Орынбека Жаутикова”, – дегенде төбеміз көкке бір елі жетпей қалды.
Ұмытпасам 3 курс болатын. Стипендия алатынмын. Алайда бөтен елде өмір сүру оңай болмады. Демалыс жақындағанда ақшаға тарықтым. Сосын «жұмыс жасап, ақша табу керек», деп шештім. Таң атпай «адам базарға» шықтым. Онда кісілер жалданып жұмыс жасайтын. Менің салмағым бар болғаны 48 келі, бойым аласалау еді. Содан ба, ешкім мені жалдай қоймады. «Енді не болады?», деп абыржып тұрғанымда өзбектің бір шалы келіп: «сылақ жасау қажет. Маған көмектессен 5 сом беремін», – деді. Мен қуанғанымнан «иә», – дедім.
Содан өзбек шалдың үйінде піскен батпақты жұмаздап тұрдым. Шапшаң әрі епті өзбек шалы қабырғаны сылады. Түскі бірден өте түстікке шықтық. Қолыма қарасам алақаным қанталап кетіпті. Палауды жеп алып, қолымды байлап жұмысқа қайта кірістік. Әйтеуір кешкі бестен өте бітірдік-ау. Жұмысты бітіргеннен кейін келіскен қаржыны алып, ауылға қайттым. Осы бір бейнетті күнім әлі есімде.
1969 жылы Мәскеуге диплом алды тәжірибеге бардық. Ондағы Союз Гипрорис жобалау институтынан «Бірлік қаракөл совхозының бас жоспарын» дипломдық тақырып ретінде алдым. Бұл тақырып менің өмірлік жолыма көп пайдасын тигізді. 
– Сонда қазіргі Бірліктің жоспарын сіз жасадыңыз ба?
– Ол кездегі Бірліктің жоспары 1800 адамға шақталып жасалған болатын. Соны 2800 адамға кеңейтіп қайта жасадым.
Кеңес дәуірінде бір адам өмір сүру нормативі үшін 13 қой мен 1 сиыр болатын. Осыған байланысты 2800 ауыл тұрғынына қосымша жұмыс табу міндеті шықты. Оның есебін Бірліктің Ақбастау учаскесіне 60000 тауыққа арналған ферма салу жоспарланды.
20 бетке сызылған дипломдық жобаны Жандар Мәлібеков әсемдегеннен кейін совхозға жан біткендей болып көрінді. Дипломдық жұмысты мемлекеттік комиссия өте жоғары бағалап, өндіріске жіберуге шешім етті. 
– Елге танымал болған студенттік достарыңыз бар ма?
– Елтаңбаның авторы Жандарбек Мәлібеков екі курс жоғары оқыды. Ол таланты азамат қой! Студент кезінде математикаға жүйріктігінің арқасында талай сайыстарда жүлде алатын.
Бір күні “Кешкі Ташкент” газетінде Ташкент қаласының автобус аялдамаларын заманауи келбетке түсіру үшін конкурс жариялапты. Бірінші орынға 250 мың рубль тігілді. Біз мұны оқып, Жәкеңе өтініш айтып, қатыс – дедік.
Конкурсқа Өзбекстанның сол кездегі бас архитекторы Бабажанов төраға болды. Ол конкурсқа қатысушыларды аралап жүріп, Ж.Мәлібековтың эскиздерін жинап алып, мінге шықты. Сосын Жандардың бір-біріне ұқсамайтын 7 жұмысын көпшілікке көрсетіп, “міне талант, мен қиял шыңы, міне жұмыс”, деп осы жұмыстың авторына “бірінші орынды белгілеңдер», – деді. Ақкөңіл, ақжарқын, жомарт Жәкең өзінен төмен оқитын 5 қазақ студентіне жүлдені теңдей бөліп берді.
Міне, Ж.Мәлібеков сондай кеңпейіл, ақжарқын тұлға болатын.
 – Институт бітіргеннен кейін еңбекке араласқан боларсыз...
– Жоқ.Әскер қатарында қызмет еттім. Ясный және Ленинск қаласында атом зымырандар қондырғыларын құру қызметінде, кейін Қызылорда қаласындағы Түркістан әскери округінің құрылыс материалдары зауытының бас инженері қызметінде жүріп әскер қызметін аяқтадым.
– Елде қай уақыттан бастап қызмет жасадыңыз?
–  1973 жылы Бірлік қаракөл совхозының құрылыс шебері ретінде қызметті бастадым. Сол жылы Өзгент совхозы құрылатын болып сонда бас құрылыс инженері болып ауыстым. Өзгентте жұмыс бастамас бұрын Саяси бюроның 7 мүшесіне виза қойдыру қажет болатын. Сонда бюроның мүшесі Фатима Тілеубаева еңбек кітапшщамды көріп, «Түркістан әскери округінде жұмыс жасапсын. Ол жердің перспективасы жоғары. Шырағым-ау мына қызметіңді тастап, қайда келдің?», – деп жанашырлық танытып, қол қойған болатын. Содан Өзгентті нөлден бастап соқтық. Ондағы тұрғын үйлер мен кеңселерді, түрлі қоймалар мен көліктер тұрағын (гараж), нефтебаз бен көшелерді жердің рельефіне қарай орналастырдық.   
1978 жылы Өзгенттен Кейденге ауыстым. Ол кезде ол ауылда 18 үй болатын. Соны 118 үйге жеткізіп, онда 1979 жылы облыста тұңғыш рет 1500 бас ірі қараны бордақылайтын алаң салынды.
Ал 1984 жылдан зейнет жасына дейін аудандық өнеркәсіп бірлестігінің бас құрылыс инженері қызметін атқардым (қазіргі ауылшаруашылық бөлімі).  
14 жыл ағаш тасыдық
– Сізді жаңақорғандық алғашқы кәсіпкердің бірі, деп естідім. Бірақ, еңбек жолыңызға қарасақ кәсіпкерлікпен байланысыңыз жоқ секілді...
– Аудандық өнеркәсіп бірлестігінде қызмет жасап жүргенімде басталды деуге болады.
– Қалайша, бұл мемлекеттік жұмыс емес пе?
– Иә.
1986 жылы Ю.Андроповтың билікке келуімен түрлі реформалар жүзеге аса бастады. Мәселен, ішімдікке қарсы және шаруашылықтар өзін-өзі қамтамасыз ету бағдарламасын айтуға болады. Екінші бағдарламасына орай мекемелер өзін-өзі асырау тиіс болды. Ол үшін олар қосымша шаруашылықпен айналасуға құқылы болатын. Мәселен, төрт түлік ұстауға, дақыл өнімдерін егуге және т.б. жүргізе бастады. Бағдарламаның салқыны Сібірдегі шаруашылықтарға ауыр тиді. Себебі, жем-шөп дайындау оларға тым қиын болды.
Ал біздегі құрылыс жұмыстарына кругляк, еден ағаштары және т.б. материалдар жетіспейтін.
 
– Бұл істің тыңғылықты тындырылуына Сіз атсалыстыңыз ғой! Солай ма?
– Госплан нұсқауымен Красноярскінің Лесосибирск қаласында орналасқан Абалаков орман дайындау мекемесі бүкіл Қазақстанға ағаш жіберілетін. Олардың ағаш дайындап беру қабілеті Қазақстан сұранысының 15-20 пайызын ғана өтейтін. Сондықтан құрылысқа ағаш жетіспейтін. Осы мәселені шешу үшін аталған Леспромхозға райкомның екінші хатшысы Әнуар Ахметов және аудандық ауылшаруашылық бірлестігі құрылыс жөніндегі орынбасары Болат Шоманов қосымша ағаш алу үшін барды. Алайда екі делегацияның жұмысы нәтижелі болмады. 
1987 жылы маусым айының басында Тюмень облысы Ханты-Мансискі ұлттық округінен хат келді. Хатта: «Сауынға ұстап отырған сиырларымыз аштықтан қырылып жатыр. Бізге сабан болса да керек», – делініпті.
Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Сәмит Далдабаевқа Тюменьнен хат келгендігін. Жедел хатта шөпке мұқтаждық туралы айтылғандығын айттым. Ол: «барып, көріп қайтындар», – деді.
Каратөбенің қазіргі әкімі Омархан Дүйсеев (ол кезде ХХІХ съезі атындағы совхоздың бас құрылысшысы) екеуміз 1987 жылдың шілдесінде жолға шықтық. Жоспар бойынша Шымкенттен Свердловскіге ұшу керек-тұғын. Алайда билет болмады. Сосын Ташкент арқылы ұштық. Свердловскіден Пионерскийге поездбен жеттік. Вокзалдан Юрий Попков деген азамат күтіп алып, қонақ үйге орналастырды. Күтіп алушы Юрий Власович: «Мұнда сіздердің жерлестеріңіз тұрады. Ол леспромхоз нефтебаз бастығы қызметтінде жұмыс жасайды. Есімі Юрий Михайлович Разваляев. Қаласаңыздар жіберейін», – деді. Сөйтіп Сібірде жүрген жаңақорғандық орыспен танысып, өзімізді еркінсіне бастадық.
Оның әйелі Елена Матвеевна бас экономист екен. Ол бізге қажетті мәліметтің бәрін айтты. Оларда 200 бас асыл тұқымды сиыр ұстайды екен. Ол жақта шөптің 1 тоннасы 120 рубль екен. Бізде 1 тонна жоңышқа 50 рубль болатын. Тұтынатын шөптерінің құнарлығы 0,22. Яғни біздегі сабанмен бірдей ғана.
Келісімге қалай келдіңіздер?
– Шаруашылық жайлы зерттеп алып, ертесіне Леспромхоз директоры Виталий Шитяков бастаған контор құрамымен келісім жүргіздік.
Мәліметке қанығып алған біз “1 тонна жоңышқаға 1 м³ тақтай, 1 м³ кругляк бересіндер”, – дедік. Есептеуіміз бойынша аталғандар 90 рубль болды.
Олар мұны естіп, сөзге келместен «келісеміз», деді.
Омархан Пионерский ОРС-тың бастығы Юрий Вздвоздетскиймен 20 тонна қауынға 2 вагон шпал алу жөнінде келісім жасасты.
Келісім-шарт негізінде леспромхоз бастығы Виталий Григорьевич шілде айынын аяғында 8 вагон ағаш жіберетін болды. Кетіп бара жатып «шөпті алып қайтуға біздің жерлесімізді жіберіңіз. Ол ауылын көріп, сағынышын басып қайтсын», – дедік.
– Елдегілер мұны қалай қабылдады?  
Партия комитетінінің бірінші хатшысы Сәмит Далдабаевқа болған жайды, келісім-шарт жасап келгенімізді айттым. Ол болған жайға сенбеді. Себебі оған дейін талай адам ағаш мәселесімен Сібірге барып қайтқан болатын.
Алайда келіскен күні 8 вагон келді. Жүгіріп барып бірінші хатшыға: «ағаш келді. Не істеу қажет?», – дедім. Ол: «дереу Ә.Шерубаевты шақыр», – деді. Өзі станция бастығына вагондарды Бесарыққа жібермеуді тапсырды. Не керек бірінші хатшылығымен, шұғыл түрде 200 тонна шөп тиеліп, Сібірге жіберілді.
Вагон келгеннен кейін екі күннен кейін Юрий Разваляев келді. Оны санаторийге орналастырып, елді аралап, сағынышын басуға жағдай жасадық.
– Келген 8 вагон ағаш тығырықтан шығуға қаншалықты әсер етті?
– Бір ауданға 8 вагон ағаш келу облыс деңгейінде болмаған жағдай болатын. Алайда өсіп, өркендеп келе жатқан аудан үшін ағаш мәселесі шешілді, деп айта алмаймын.
 
– Яғни байланыс одан ары жалғасты ғой!..
– Бірнеше айдан кейін Тюменьнен телеграмма келді. Жедел хатта: «Спасибо за сено, за дыни. Удой молоко увеличился на 30%. Просим отравить уполномлоченного представителя ройыона для заключения дополнительных договоров” – делінген екен. Олай болмағанда қайтсын? Жоңышқаның құнарлығы 0,48 болатын. Яғни, олардың шөптерінен 2 есе құнарлы.  
Мұны оқыған аудан басшылығы «Бұл үлкен мүмкіндік. Мұны пайдалану қажет. Сондықтан шұғыл жол шық», – деп қасыма 23 партсъезі атындағы совхоз (Қожакент) директорының орынбасары Мәулен Аманов, Түкіскеннің мастері Ілияс Мұсақановты ертіп жіберді.
Бізді Тюмень облысы Пионерский ауданының Малиновскийдің директорының орынбасары күтіп алды.
Келісім-шарт жасасқанда “1 тонна жоңышқаға 2,5 м³ ағаш метериалдарын бересіңдер”, – дедік. Олар бірден келісті. Екінші келгенде 750 м³  ағаш өнімдері, яғни 13 вагон келді.
Екінші барғанымызда Тюмень облысы Советский ауданының бірінші хатшысы шақырды. Алайда бізді оның ауылшаруашылығы жөніндегі орынбасары Василий Шарапов қабылдады. Ол «Советский ауданындағы 12 Леспромхоз бен 6 ОРС-ты жем-шөп, қауын-қарбызбен қамтамасыз ете аласыздар ма? Біз бәрін аламыз», – деді. Осылайша Сібірмен қатынас орнады.
Айтқандай аудан басшысы Павел Митрофановтың әйелі жаңақорғандық Ирина Үсенова болып шықты.
– Ауданда 80 жылдары жүргізілген ауқымды құрылыс объектілерінің материалдары Сібірлік ағаштар екен-ау...
– Солай деуге болады. Үшінші барғанымызда Түкіскен, Қожакент, Өзгент, Қыркеңсе, Төменарық (Алмалық) Сунақата ауылдарының өкілдері барды.
Облысымыздың басқа аудандарында ағаш мәселе ретінде болатын. Ал біз ағаштан тапшылық көрмедік.
– Естуімше Сіз Тәуелсіздік жылдары да ағаш тасумен айналысыпсыз...
– 2001 жылға дейін 14 жыл ағаш тасыдым. 1990-1996 жылдары аралығында жылына 500 вагон ағаш келіп тұрды. Осы 30 000 м³ ағаш құрылыс материалдарының 30 пайызын Өзбекстанға шай, май, қант, макарон және т.б. тұрмыстық заттарға айырбастап тұрдық. Бұл дегеніміз сол кездегі қиындықты жеңілдетуге азда болса жәрдемі тиді.
           Нарықтық заман қалыптаса бастаған кезде талай қиындықтар болды. Міне, осы алмағайып уақытта жұртқа қолдан келгенше көмек бердім. 
– Жолда жүрген адамның басынан түрлі қызықтар өтеді деген шындық қой. Жұртты елең еткізетін оқиғалармен бөліссеңіз...
– Онда Шиеліден көшкен неміс жігіт Виктор Андреясов қонақ үйден шығарып алып, үйіне жатқызды. Кешке әйелі Нина, енесі Эмиля төртеуміз қазақ тілінде сөйлесіп шерімді тарқататынбыз. Бір күні есік алдына шетел автокөлігі тоқтады. Бір уақытта мені шақырды. Машинаның ішіне кірсем түрі суық үш жігіт отыр екен. Олар келген қауын-қарбыз екі есе қымбат бағада сатылып жатқанын. Сол үшін 10 пайызын общакка берілуі тиіс екендігін мәлімдеп, уақыт белгіледі. Сасқанымнан бізден қауын алып, сатып жатқан Советсклес бірлестігінің басшысы Роман Горбунов Мәскеуде екен. Сосын болған жайды бас инженер Игорь Беляевқа айтсам қалтырап, дірілдеп, мекемені қорғау бөлімінің бастығы, запастағы подполковник Кузьмин дегенді шақырды. Кузьмин Беляевқа еш нәрседен қорқуы керек жоқтығын түсіндіріп, баскесерлерді түске шақыр, деді. Кездесу аяғы мекеме басшысы Роман келгеннен кейін жалғасатын болып келісілді.
Не керек, мәселе Мәскеу арқылы шешімін тапты-ау. Себебі Роман “Бұлар Свердловскінің общактары. Мен Мәскеуге есеп беремін”, дегені есімде.    
Бірде Бесарық қауын дайындау, сату базасының директоры Ш.Сыздықовтың өтінішімен Тюмень қаласына барып, ОРС-тың бас мекемелерімен келісім жүргіздім. Олар мені қонақ үйге емес, өздерінің офисіндегі люкс қонақ үйге орналастырды. Тюменьде тұратын Бақыт Бердісүгіровпен кездесуге бармақ болған, мені сыртқа шығарманы. Сөйтсем мені еш жаққа шығармау жөнінде тапсырма беріліпті. Ішім бір жамандықты сезді. Алайда қолымнан не келеді? Шырынбекке қауын жөнелт дейін десем, қауынның ақшасын бермейтіні анық еді. Не керек, 7 күн үй қамақта отырдым. Бір сыныптасым Н.Ералиев КНБ бастығы болатын. Ол хабарсыз кеткен соң Тюменьнің КГБ қызметкері майор Казанцевке “не өлі, не тірі екенің тауып беріңіз” – деп өтініш айтыпты.
Казанцев жатқам жеріме іздеп келіп, қызметтік құжатын көрсеткеннен кейін “Алшынбай тірі қалдың, тірі қалдың” дедім іштей.
Шөп ішінде сары шырмауық кетіп бір рет басымыз бәлеге қала жаздағанбыз. Сосын Сібірде жүргенімізде ақұсақ ішінен біте шығып қиналғанымыз бар.
Мұндай қызықтар айта берсе көп...  
– Бұл жайлы сөз ете кетсеңіз....
– 1992 жылы Тюмень облысының Карантинный инспекциясынан шөп ішінде сары шырмауық (яғни карантинный сорняк жұқпалы арам шөп) барлығына байланысты хат келіпті. Хатта шөп сатушылар заңмен жазаланатыны айтылыпты. Содан ауданда осыған байланысты жиын өтті. Жиынның қорытындысына сай сәуір айының аяғында білікті агроном Наятулла Қарақожаев екеуміз Тюменьге тарттық.
  Бізді Тюмень Леспром бірлестігінің бастығының орынбасары А.Сысоев күтіп алды. Ол “сенбі келгендіктен екі күн жатасыздар” – деді. Осы мүмкіндікті пайдаланып Тюмень кітапханасынан Агрономиялық энциклопедияны тауып алып, сары шырмауық өсіп-өнуі үшін + 25 жылылықта 90 күн керек екендігін оқып алдық. Ал Тайгада 90 күн бойы +25 жылу болмайтыны түсінікті.
Дүйсенбі күні карантин инспекция бастығы Коноваланың қатысуымен мәжіліс өтті. Жиын барысында Наятулла “Заң бәрімізге ортақ, заңға қайшы әрекет болған сыңайлы. Бірақ ғылымға сүйенсек шырмауық Сібірде көбеюі мүмкін емес. Бұл жайлы Агрономиялық энциклопедиясында жазылған”, – деп дәлелдеп заң алдында жауап беруден аман қалғанбыз.
  
Ұлы мақсат ғана «Мәңгілік» етеді
– Сізді білетіндер «өзіндік пікірі бар, азаматтық көзқарасы ерек жан», – дейді. Сондықтан әңгіме өзегін өмірден білген, түйген арнаға бұрсақ. Бүгінде елімізде не жасалды, не жасалмай жатыр?
– Еліміздің шекарасына қазық қағылды. Жаңа астанасы бой көтерді. Жаһан жұрты қарқынды дамып келе жатқан ел ретінде мойындап отыр. Мәдениет, спорт саласында жетістігіміз бар. Ұлттық тарихымыз түгелденіп жатыр. Халықтың әлеуметтік жағдайы көрші елдермен салыстырғанда жер мен көктей.
Алайда тұрғын үй мәселесін түбегейлі шеше алмай отырмыз. Елбасы «Қолжетімді тұрғын үй2020» және т.б. бағдарламалар ұсынды. Үкімет осы бағдарлама аясында жұмыс жасады, жасауда. Бірақ жастар үйге зар.
Елбасы «Нұрлы жол» Жолдауында мәселені шешу керектігін қайта көтеріп, Үкіметке шешуді тапсырды...
– Кеңес Үкіметі бұл мәселені түбегейлі шешіп пе еді?
– 100 пайызға шешкендіктен айтып тұрмын ғой бұл мәселені.
– Қандай жолмен?
– Үкімет салып берді. Өздері салғандарға 3 мың рубль қаржыны қайтарымсыз берілетін.
Жаңа жоғарыда «Халықтың әлеуметтік жағдайы көрші елдермен салыстырғанда жер мен көктей», – дедіңіз. Мұны неге сүйеніп айттыңыз?
– Біз «ысырапшылық», «тойымшылық» заманда өмір сүрудеміз. Бір сөзбен айтқанда, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман болып тұр.
Жақында Өзбекстанға барып, курстастарыммен кездесіп қайттым. Сонда байқағаным өзбектер нәпақа табу мақсатымен босып кеткен. Елдің жағдайы тым ауыр.  
Қырғызстандағы жағдай да осыған саяды. Ресейдегі құбылыс уақытша болса да өзіңіз естіп, көріп жүрсіз.
– Демек, Сіз көрші елдерге жиі барып тұрасыз. Солай ма?
– Іскерлік сапарлармен болып тұрамын.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауымен таныс боларсыз. Экономикалық құжат елдің әлеуметтік мәселелерін одан әрі тереңдетіп шешуге қауқары қаншалықты жетеді?
Тұңғыш Президент 1997 жылдан бері түрлі тақырыпты, түрлі проблемаларды арқау еткен Жолдауларын жолдап келеді. Мұның бәрін үлкен қызығушылықпен көріп, естіп, оқып жүрмін. Дегенмен осы жолғы Жолдауының мазмұны мен мәні терең, арқалаған жүгі орасан.
Елбасы жол құрылысына, энергетикаға ерекше екпін берді. Бұл екеуі елдің әлеуеті көтерілуіне септігін тигізетін локоматив. Сондай-ақ, индустриялық, ТКШ мен су- және жылумен қамтамасыз ету желілері және тұрғын үй мен әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту керектігін айтты. Мұның бәрі орта және шағын бизнестің одан ары дамуына септігін тигізетіні сөзсіз.
Жалпы «Нұрлы жол» «Мәңгілік Елге» алып баратын жол, деп ойлаймын.
– «Мәңгілік Ел» демекші, бұл идеяны айту қазіргі алмағайып уақытта қаншалықты керек?
– Үлкен мақсаты барлар ғана биік шыңдарға шығады. Сондықтан көк түрік империясының мұрагері ретінде олар мұрат етіп кеткен идеяны жалғастыру бізге міндет. Мұны бір деңіз.
Екіншіден, басынан алмағайып замандарды, талай қиындықты өткізген қазақ халқы «Мәңгілік Ел» ретінде өмір сүруге құқылы.
Үшіншіден, «Мәңгілік Ел» болуға алғы шарттар бар. Елімізде жаһандық жиындар өтті. Астана Еуразия жүрегі ретінде мойындалуда. Қазақстан әлем саясатына ықпал ете алатын елге айналуда. Мұның бәрі Елбасының іскерлігі, қайраткерлігінің арқасы.
Сөзіңізге қарағанда 2050 жылы Қазақстанның қандай болатынын білетіндейсіз?
Болашақты тек бір Алла ғана біледі емес пе? Дегенмен ақыл иелері мемлекеттің алға қойған мақсатына қарай пайымдауға, топшалауға болады. Қазақстан осы жолынан айнымаса міндетті түрде бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарында болады. Индустриалды-инновациялық елге айналады. Орта Азия мен Еуразиядағы шешуші рөлі бар қуатты мемлекетке айналады.   
– Айтқаныңыз келсін...
– Мұндай қауқарлы елге айналу үшін жастар серпінді жұмыс жасау қажет.
Олар білімді, білікті, инновация мен ғылымға құштар болуы керек.
Түйін. Тұлғаның сөзіне, замандастарының ойына қарағанда елдің өтпелі кезеңінде Жаңақорған өркениет көшіне ілесуіне қомақты үлес қосқан. Оның қайраткерлік, адамгершілік парасатын осыдан байқауға болатындай...
 
Нұрлат БАЙГЕНЖЕ.
17 қазан 2019 ж. 3 567 0