БАСТАУЫШ СЫНЫП РЕКОРДҚА ШЫҚТЫ
Ата-ана баласының білімді, сауатты болып өсуін қалайды. Ал, білімге, өнерге, ғылымға апарар жол бастауыш сыныптан басталады. Сондықтан жаңа оқу жылы 1-сыныпқа қанша оқушы қабылданды? Ұстаздардың біліктілігі қандаЙ? Осы сауалдарға жауап іздесек.
Биыл бастауыш сыныпқа қабылдауда рекордтық көрсеткіштер тіркелді. Қалай дейсіз ғой?! Дерек көздерінде, Алматы облысының Қарасай ауданындағы мектепте 1-сынып 36-ға жеткен. Қызылорда қаласындағы №2 «Мұрагер» мектебі 1-сыныпқа қабылданған 800 оқушыны 27 сыныпқа бөліпті.
Аудандық білім бөлімінің мәліметінше, аудан мектептері 1987 оқушыны қабылдап, 1-сынып 89-ға жетті. Оның ішінде, №110 мектеп-лицейі 181 оқушыны жеті сыныпқа, №163 мектеп 205 жеткіншекті жеті сыныпқа, №169 мектеп 165 баланы бес сыныпқа бөлді.
Жалпы, ауданда соңғы жылдары демографиялық көрсеткіш өсіп келеді. Оның айқын дәлелі, биыл бірінші сыныпқа барған оқушының саны артты. Мұны кенттегі мектептерден бөлек ауылдық округтерден де аңғаруға болады. Мәселен, Келінтөбедегі №192 мектеп – 98, Түгіскендегі №209 мектеп – 82 оқушыны қабылдады. Ақүйік пен Қыркеңседегі білім ордасына 60-тан аса оқушы 1-сыныпқа келді.
Әрине, мектеп табалдырығынан аттаған баланың көбейгені қуантады. Екінші жағынан ата-аналар «баланың көптігі білім сапасына кері әсер етеді ме?» деп алаңдайды. Расында, бала саны көбейді...
– Адамның бойындағы білімі, білігі, қабілеті, іскерлігімен өлшенетін адами капитал құндылықтары мектепте қалыптасатыны ақиқат. Әсіресе, интеллектуалды тұлға қалыптастыруда бастауыш сыныптан сапалы білім алуы аса маңызды. Біздің ауданда тәлімгерге тәлімді тәрбие, сапалы білім беретін ұстаздар жаңартылған оқу бағдарламасы бойынша біліктілігін арттырды, – деді ауданның бас ұстазы Болат Ибрагимов.
Білімнің бастауы бастауыш сыныптан басталатыны анық. Бүгінгідей білім саласында болып жатқан үлкен өзгерістер, яғни, жаңартылған білім беру мазмұнына көшу кезеңінде де бұл игі бастаманың көш басында бастауыш сынып мұғалімдері тұрады.
№163 мектеп директорының бастауыш сыныптар жөніндегі орынбасары Шаркүл Құтыбаева жаңартылған бағдарламаның артықшылығын айтты.
– Шын мәнiнде бүгiнгi жас – ертеңгi елдiң мызғымас тiрегi, келешек келбетi. Сол себептi олардың бiлiмдi, бәсекеге қабiлеттi болуы ел дамуындағы аса маңызды фактор. Осы тұрғыдан келгенде, жаңартылған бағдарлама – оқушыны өздiгiнен жұмыс iстеуге, ой-өрiсiн кеңейтуге көмектеседi. Жалпы, мектепте 1-3 сыныпқа беретін 18 мұғалім жаңартылған бағдарлама бойынша білімін жетілдірді, – дейді білікті ұстаз.
№209 мектептің директоры Қасым Абуталиповтың сөзінше, ұстаздардың бiлiм берудiң жаңа стандарттарын уақтылы меңгеруін басшылыққа алған. Деңгейлiк оқу курсынан бастауыш сыныптың алты ұстазы өтiпті. Бүгiнде олар үйренiп, бiлгендерiн iс жүзiнде көрсетiп, тәжiрибесiн өзге мұғалiмдермен бөлiсуде екен...
Нұрлат БАЙГЕНЖЕ.
Пікір 28