№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » МЕРГЕНДІК ӨНЕРДІҢ МӘНІ ТЕРЕҢДЕ

МЕРГЕНДІК ӨНЕРДІҢ МӘНІ ТЕРЕҢДЕ



Қазақтың ұлттық ойын түрлері мазмұндық жағынан адамды жауынгерлік рухқа тәрбиелейтін маңызды дүние. Әсіресе, садақ ату – қазақтың қанына сіңген өнер. Қалың нөпірді қақ жарып, дода ортасынан керіп тұрып садақ тартқан, мергендік өнерімен мәлім білекті жігіттерді көргенде жүрегі жарылмайтын қазақ бар ма?
Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығы жер жүзіне Ұлы даладан тарағанын тайға таңба басқандай етіп көрсеткен. Бұл да болса, біздің төл тарихымыздың қайта жаңғырғанының белгісі. Жылқының қолға үйретілуі атқа міну мәдениетінің де негізін қалағаны айтылады бағдарламалық мақалада. Мұның барлығы да қалыптасқан көшпенділер әлемінің «мәдени кодының» айрықша элементі болса керек.
Жақында ғана жаңақорғандық жас шабандоз Ғалымжан Өміртай Жамбы атудан Қазақстан Республикасының V чемпионатында чемпион атанып, бөркімізді аспанға аттық. Бұл бүгінгісі. Әуелі әңгіменің әлқиссасын әріден бастасақ.
Биыл араға 20 жыл салып садақ атудан қазақстандық спортшылар Олимпиада ойындарына командалық жолдамаға қол жеткізді. Бұл қуанатын жағдай болғанымен, қазақ үшін таңданатын жәйт емес. Тарихқа көз жүгіртсек, садақ қадым заманынан бері көшпелілердің иығынан түспеген, қазақтың дәстүр-салтымен біте қайнасқан қымбат мұра деуге болады. Тас дәуірінен ХХ ғасырға дейін оқ пен жебені жанына серік етіп, құралайды көзге атқан мергендер болғанына тарих куә. Бірі адырнасын сайлап аңға шықса, екіншілері соғыста жаудың бетін қайтарып, егемендік жолда қан кешкен. Алайда XXI ғасырда садақ атудан қазақ оғландары топта оза шаба алмай жүр.
Садақ пен қазақ егіз ұғым. Садақты бабаларымыз ерте кезде аң аулауда, кейін соғыс ісінде қару ретінде қолданған. Тарих беттерін парақтасақ бес қаруын сайлап, қазанат мінген жау¬жүрек батырлардың ұлан-ғайыр байтақ даланы ұрпақ үшін қорғап қалған ерлігі біздерге өнеге. Көйлегін қанмен жуған батыр бабалар ат үстінде жүріп садақ атудың мергендік өнерін меңгерген. Сақ пен ғұнның бірден-бір мұрагері саналатын ата-бабаларымыздың садақ атудағы шеберлігін бүгінгі ұрпақтың тек кітаптан оқып, аңыз-әңгімеге еліртіп жүргені қынжылады. Көшпенді өмір салтын ХХ ғасырға дейін, ұрпақтан-ұрпаққа мирас етіп сақтап келген біздің қазақтың садақ жасау технологиясы мен оған қатысты төлтума атаулары мен ұлттық ойындары да әзірге ғылыми-зерттеу нысанына толық айнала алмады. Ердің бес қаруының бірі саналатын садақты қазіргі ұрпақ тек музейден ғана көруде.
Садақ ату мен қазақтың арасындағы біте байланысқан деректерге қарамастан, қазіргі таңда еліміздің мергендері садақ ату спортынан дүбірлі додаларда жүлде салмағаны біраз ойға жетелейді. Садақтың баптауын келтіре алмай жүрміз бе, әлде садақ ату спорты бізге бейтаныс па?
     
ШАБАНДОЗДАР НЕ ДЕЙДІ?

Халықаралық бәсекелердің ішіндегі ең абыройлысы да дәл осы – Олимпия ойындары. Аталған төрт жылдықтың басты додасында корей мергендерінің бәсі жоғары. Оңтүстік Корея 1972 жылдан бастап жарыстарға дербес қатыса бастаған ел. Өздері өнер көрсеткен Олимпия ойындарында корей елі садақ ату спортынан 23 алтын, 9 күміс және 7 қола жүлдеге қол жеткізген. Осылайша оңтүстіккореялық спортшылар Олимпиададағы жетістіктері жөнінен ешкімді маңына жуытпайды. Садақ ату спортындағы медаль саны бойынша екінші орында тұрған АҚШ-тың қанжығасында 17 алтын жүлде бар екенін ескерсек, әзірге корей мергендерін тоқтату өте қиын.
Бүгінгі таңда Жаңақорған ауданында да мергендердің мектебі қалыптасып келеді. Бұл жөнінде біз ат спорты түрлерінен Сыр өңірінің жаттықтырушысы, білікті бапкер Исламхан Боранбаевтың да пікірін білген едік.
– Біздің елде жас садақшылар бар, олардың деңгейі жоғары. Әзірге біз олардан жеңіс жолындағы жалынын, жігерін көре алмаудамыз. Біз ат спортын баптайтын болғандықтан кейде жамбы атуға жағдай жасалмағанын көріп еңсеміз түседі. Тек ірі мегаполистерде болмаса, қалған өңірлерде бұл спорттың түрі жоқтың қасы. Бұл дұрыс емес, өйткені нағыз ауылдың баласынан садақ ату спорты шығатынына сенімдімін. Сондықтан бабадан қалған бұл спорт түрлеріне әлі қолдау керек, сосын барып нәтижесін сұраған абзал, – деді бапкер.
Қазіргі кезде жамбы ату спортының халықаралық деңгейдегі беделі өсіп келеді. Осы спорт түрінен  саңлақтардан күтеріміз көп. Сыр өңірінен шыққан тұңғыш, әрі ең жас чемпион, жаңақорғандық Ғалымжан Өміртай жуырда Жамбыл өңірінде өткен Қазақстан Республикасының V чемпионатында топ жарған болатын.
– Маған садақ ату мен ат жалында жүріп атой салу қаннан келген қасиет. Қазақтың әрбір баласы атқа міне алады, бабын келтірсең садақты да ата алады. Әрине садақ ату оңай спорт емес. нысана көздеп, діттеген жеріңе жеткізе білу аса шеберлікті талап етеді. Бізде садақ атуды қолдаудан бұрын, оны насихаттап, жастар арасында қызығушылықты тудыру кемшін қалған. Егер осы айтылғандар кезең-кезеңімен жүзеге асса біз алмайтын асу, біз бағындырмайтын белес жоқ, – деді жас чемпион.
Қорыта  айтқанда, төрткүл дүниенің бәсекелерінде қоржынымызға уыстап олжа салмауымыздың басты себебі – садақ ату спортына жеткілікті көңіл бөлмей келе жатқанын көрсететіндей. Сондықтан садақ ату өнерін жастар бойына тереңірек сіңдірсек, қанмен келген қасиетті бойына дарытып, жігерін жанысақ онда біздің елдің спортшылары әлемдік ареналарда, әсіресе тәуелсіздік алғаннан бергі арман болған Олимпиада алтынын алып берер еді. Ол күнге де жетерміз...
                                           Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
04 тамыз 2019 ж. 1 615 0