№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Хатшының жары

   
          
Бүгінгі әкімдер, оның орынбасарлары аудандық, облыстық партия комитетінің бірінші, екінші хатшылары болып аталған кешегі кезеңдері оларға артылған жауапкершілік қазіргіден екі есе артық болды. Өйткені жекенің жауапкершілігінде ешнәрсе жоқ, барлығы мемлекеттің меншігі, барлығы партияның қарауында. Осындай ауыр міндетті мойымай көтерген басшылардың жұмысының жүйелі жүруі, олардың жағдайын жасап, қасы-қабағына қарап отыратын қасындағы өмірлік серіктері – жан-жарына да байланысты еді. Осы ретте көп жылдар кеңестік шаруашылықтарды, одан әрі аудандық партия комитетін басқарған, тәуелсіздіктен соң аудан әкімінің орынбасары қызметін атқарған Шәзінда Қарақожаев ағамыздың жары – Мансұрқызы Дариха апамыздың жағдайыне білмекке наурыздың жарқыраған тамаша бір күнінде қарашаңыраққа арнайы ат басын тіредік.
Әйел баласы үшін қасиетті тірліктің тізгіні саналар қара қазанның құлағын әлі қолдан бере қоймаған апамыздың аппақ көңілінде ас-су қарекетінде күйбеңдеп жүрген бұл жағдайына зәредей де реніш жоқ, қайта аузында тобасы, қолында жағасы, шүкіршілігін айтып тауыса алар емес. Егер бұл өмірдің мәні – қанағатшылдық деген ұлы мінезге келіп тірелері рас болса, осындай мінезді ұлық тұтқан Дариха сынды анамыздың бар болмысы өзіне әдемі жарасып тұрғандай. Осындай жандар көп болса мына жердің беті ізгіліктің жақұт бесігіне айналар еді-ау деп ойладым іштей. Мен бұл отбасында бұдан 20 жыл бұрын да, 30 жыл бұрын да болғанмын. Газет тапсырмасымен Шәзінда Қарақожаев ағамыздан сұхбат алып, жарыққа шығарған болатынмын. Бұл құтхананың аурасы сол кездегіден көп өзгере қоймаған. Қабырға біткенді сырқата қызылды-сарылы дүние жинауға ниет сараң. Бұл үйдің байлығы – басқада. Оның орнына құдаңның төріне шыққандай көл-көсір ақтарылған ақеділ ықыласқа көңілің тоғайып, арқаңды кеңге салып, жан сарайың жадырап шығасың. Соның барлығы осы үйдің алтын қазығына айналып отырған ақжаулықты ананың арқасы.
Осыдан алпыс жыл бұрын Алматы зооветеринария институтының төртінші курсында оқып жүрген Шәзінда ағамыз өмірлік жар таңдағанда ауылда өзінің қарындасымен қатар оқып жүрген осы божеткенге көзі түсіп, көңілі ауған екен. Бір жыл хат жазысып тұрыпты. Оқуды тәмамдап, ауылға оралған соң бас қосты. Ата-аналары, бір-бірімен құда болып төс қағысқан екі кісі де екі елдің бетке тұтар тұлғалары болған.  Бүкіл қажыр-қайратын халық қызметіне арнаған аталары Қарақожаның «Атадан жалғыз едім, ұрпағым көп болса екен» деген арман-тілегі қабыл болыпты. Бұл күнде Қарақожаевтар әулеті жапырағын кеңге жайған алып бәйтерек сынды.
Дариға апа бұл босағаға алғаш келін болып түскен күннен бастап адалдық деп аталар алтын арқаудан бір ажырап көрмепті. Ең алғаш Талап елді мекені аймағына қатынап жұмыс істеген қосағына түнгі сағат үштегі пойыздан басқа қолайлы көлік жоқ. Содан қалып қоймасын деп түн баласын ұйқысыз өткізіп, жарын оятып, жұмысына аттандырып барып көңілі орнына түсетін сол ғадет, сол дағды қашан ол кісі өкіметтің қызметінен босап, зейнетке шыққанша қалпынан бір жаңылмады. Міне қосылған қос тілектің бір-біріне деген осындай қалтқысыз қамқорлық, риясыз ниеттестігінің арқасында абырой деп аталар асыл құндылыққа қатар тұрып қол жеткізе алды.
Шәзінда ағамыз отыз бір жасында «Қызыл Жұлдыз» кеңшарының директоры болып, он үш жыл жемісті қызмет атқарды. Сол жылдары ауылға жаңадан мектеп салынды. Ауыл көшелеріне ауыз су кіргізілді. Совхоз мемлекетке ет-сүт өнімдерін тапсырудан алдыңғы қатарға шықты. Жас, іскер азаматтың қабілеті лайықты бағаланып, ол жетпіс сегізден бастап аудандық партия комитетінің ІІ хатшысы болып сайланды. Осы кезеңдері ауданымыздағы Бірлік кеңшарында сол кездегі қиын ахуал қалыптасып, туындаған қайшылықтарды жүйелі жолға қоя білетін білікті басшыға зәрулік туындағанда осы кісіге сенім артылып, енді Шәкеңе қайынжұрттың ауылын қамқорлыққа алуға тура келді.
«Бірліктің» бірлігі кете бастаған тұста басшылыққа барған Шәкеңнің қатаң талапшылдығы көп қожыраған істі табаннан тік тұрғызып, тұрмыс түзеліп, тәртіп жолға қойылып елдің бекересі артты.
Бұдан кейінгі жылдарда Шәзінда Қарақожаев аудандық атқару комитетінің бірінші орынбасары, тәуелсіздік жылдарында аудан әкімінің бірінші орынбасары қызметтерін атқарды. Қазақ ССР Жоғарғы кеңесіне депутат болып сайланып, елдің игілігіне қыруар қызмет атқарды.
Осындай абыройлы қызметінің бағы жануында үйдегі тілекшісі, өмірлік серігі Дариха анамыздың орны айрықша болғанын ол өзі де мойындайтын. Бұл жөнінде Дариха апа: Жолдасымның разы болғаны шығар, шалым кейін жасы келе «Әй Дариха-ай, он бірінші балаңмын» ғой деп отыратын еді дейді.
Қарағайға қарсы біткен осындай ер-азаматтың көңілінен шыққан қазақ қызына осынша тәрбие, тағылым, өнегені берген отбасы да тегін емес еді. Бұл шаңырақты жұрт «Қажының үйі» деп атады. Аталары Әбжаппар кезінде Меккеге қажылыққа барып, денесі сонда жерленген. Перзенттері де көзі ашық, оқыған-тоқыған, кешегі қанды қырғынды бастан кешкен, аман қалғандары қатарында Мансұр Әбжаппарұлы білімділігімен, ақыл-парасатымен елдің арқасүйері болып, ауылдағы ірілі-ұсақты дау-дамай, реніш-кикілжіңдерді ата-дәстүрімен шешіп отырған кісі.
Мансұр молданың үйіндегі кебеже мен сандық толы кітапқа құштарлық балаларын да білімге ынтызар етіп, бәрінің де көкірегі ашық, көңілі ояу болып ержетті. Бәрінен бұрын құлақтарына құйып өскен обал, сауап, ұят болады ұғымы бұл үйдің мүшелерінің ғұмыр бойы ұстанып, қалт жібермеуге тырысатын алтын қазығына айналды. Ал ақ шүберекке оралған Құран кітабын әкеден басқа ешқайсысы қол тигізуге жүрегі дауаламайтын.
– Әкемнің әңгімесі адалдықпен басталып, адалдықпен аяқталар еді. Біреудің наласына қалып, қарғысқа ұшырап, харам жолмен мың теңге тапсаң да ол жұмырыңа жұқ тесігіңе тығын, жыртығыңа жамау бола алмайды. Ендеше жоққа сабыр ет, барыңды қанағат тұт. Жүрегің таза, ниетің де таза болса, пәле-жаладан азатсың. Ауру сенен айналып өтеді. Адал ризықпен тапқаның жұғымды, ұрпағыңа да жетіп артылады деп отыратын, – дейді Дариха апа.
Әке сөзінің растығына бұлар өздері де талай көз жеткізді.
Шалының совхоз директоры кезінде ғой, шаруашылықты аралап келе жатып, егістікті канал суы орып кеткен тұсын денесімен бөгеп, өзіне қатты суық тигізгені бар. Алматы ауруханасында жатты. Анализді көріп дәрігер қарындасының жылап шығып кеткенін байқап қалып ауру тарихын байқатпай қолға түсіріп, өзі көріп еді, сырқатының түрі сұмдық көрінеді. Бауыр қатып қалған дей ме, бес-алты ай өмірі қалған ба, бірдеңе. Содан ауылға жетіп, күн санау ғана қалғанын іштей мойындаған.
Қырық жасқа да толмаған, шүпірлеген жеті-сегіз баланың анасы Дариханың уайымында шек жоқ еді. Сол күні түс көрді. Көкте қалықтап ұшып жүр екен. Таңертең бар уайым-қайғыны серпіп, жеңілденіп оянды. «Бәрі де жақсы болады» деді ол жарына «Жазылып кетесің» Жаратқанға тәуекел етіп, бар ықыласымен беріліп, сырқаттың жағдайын жасап, көңіл-күйін көтермелеуден жалықпады. Бар қолынан келеді, әкесінің сырқаттарға жазып беретін қасиетті дұғалары дарыған қара суды ұрттатып, ас-ауқатты қатаң қадағалау ғана еді. Кос үміт бір-бірін сендіріп, демеп, желеп-жебеп жүріп тіршіліктің желкеніне жабысты, құдыреттің разылығына қауышты. Шын иман еткенді Жаратушы ие де күтпеген сыйлықтармен сүйіншілейді екен. Бұл сынақ екеуіне де өмірлік ғибрат болды. Ауруды жеңіп, аяққа тік тұрып, ел игілігіне қаншама үлес қосқан қайран аға бұдан соң да отыз екі жыл өмір сүріп, жетпіс екі жасында өмірден озды.
Өзі ат үстінде жүрген аламан шақтарды айтпай-ақ қояйық, зейнетке шыққаннан кейін де бұл кісінің көптің қамы үшін жар құлағы жастыққа тимей, елдік мәселелерді көтеріп жүретіні жадымызда тұр. Жиналыс, басқосуларда Қарақожаев мінберге көтерілгеннен жұрт: «Ал енді Шәкең әңгімені К-2-дан бастайды» дейтін гу етіп. Ия, шынында да әңгіменің арқауы ауылды суландыруға, құдық қазуға, қашыртқы салуға барып тірелетін. Су келсе ну келеді. Молшылық келеді. Жайылма өңірін суландыру, жайқалған бау-бақшаға айналдыру, «Ордакент» саяжайының құрылысын бастандыру сол кез құштар көңіл, құмбыл іс-әрекеттердің нақты жемісі екеніне ешкім дау келтіре алмас. Қарақан бастың қамын жиып қойып, халықтың жағдайын ойлайтын, солармен бірге жадырап, бірге мұңаятын жаны асыл азаматтардан жүрегі ізгі-ұрпақ дүниеге келеді. Шәзінда аға мен Дариха анамыздан өсіп-өнген ұл-қыздардың барлығы енді бүгін елдің қызметінде жүр. Мінгені пырақ, ұстағаны шырақ.
Тұңғыштары Ботагөз – мұғалім, ері Жолтай Әлмаш талантты жазушы, мемлекет қайраткері, екінші қыздары Кәмила – дәрігер, Сүйіндігі – гидротехник, Бақтыгүлі Президент аппаратында баспасөз хатшысы, Жақсылық – мемлекеттік стандарттау мекемесінде жауапты қызмет атқарады, Амандық №163 мектептің программист, Бейбіті – мұғалім, оның ері Жошыхан Қыраубаев шетелде елшілік қызметте, Нұржаны – жер комитетінде, ал енді Орманы ең үлкен қызметте – анасының қолында, қас-қабағына қарап, қамқорлығын жасап отыр.
Ия, бүгін сәті түсіп, айналасына абыройлы, ақыл-өсиеті ғана емес, сыпайы мінез, табиғи қолымен көпке өнеге болып отырған Дариха Мансұрқызымен сұхбаттасып, сыр сандықтың кілті ашылғандай, ақжарқын жанның ескі мен жаңаша бірдей сауатты білімі-парасатынан өрілген. Өнегелі әңгімесіне қанығып, апа шаңырағынан рухани қанаттанып қайттық.
29 шілде 2019 ж. 554 0