Соңғы жаңалықтар

№90 (8801) 12

12 қараша 2024 ж.

№89 (8800) 9

09 қараша 2024 ж.

№88 (8799) 5

05 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Хатшының жары

Хатшының жары

  Бүгінгі әкімдер, оның орынбасарлары аудандық, облыстық партия комитетінің бірінші, екінші хатшылары болып аталған кешегі кезеңдері оларға артылған жауапкершілік қазіргіден екі есе артық болды. Өйткені жекенің жауапкершілігінде ешнәрсе жоқ, барлығы мемлекеттің меншігі, барлығы партияның қарауында. Осындай ауыр міндетті мойымай көтерген басшылардың жұмысының жүйелі жүруі, олардың жағдайын жасап, қасы-қабағына қарап отыратын қасындағы өмірлік серіктері – жан-жарына да байланысты еді. Осы ретте көп жылдар кеңестік шаруашылықтарды, одан әрі аудандық партия комитетін басқарған, тәуелсіздіктен соң аудан әкімінің орынбасары қызметін атқарған Шәзінда Қарақожаев ағамыздың жары – Мансұрқызы Дариха апамыздың жағдайын білмекке наурыздың жарқыраған тамаша бір күнінде қарашаңыраққа арнайы ат басын тіредік.

   Әйел баласы үшін қасиетті тірліктің тізгіні саналар қара қазанның құлағын әлі қолдан бере қоймаған апамыздың аппақ көңілінде ас-су қарекетінде күйбеңдеп жүрген бұл жағдайына зәредей де реніш жоқ, қайта аузында тобасы, қолында жағасы, шүкіршілігін айтып тауыса алар емес. Егер бұл өмірдің мәні – қанағатшылдық деген ұлы мінезге келіп тірелері рас болса, осындай мінезді ұлық тұтқан Дариха сынды анамыздың бар болмысы өзіне әдемі жарасып тұрғандай. Осындай жандар көп болса мына жердің беті ізгіліктің жақұт бесігіне айналар еді-ау деп ойладым іштей. Мен бұл отбасында бұдан 20 жыл бұрын да, 30 жыл бұрын да болғанмын. Газет тапсырмасымен Шәзінда Қарақожаев ағамыздан сұхбат алып, жарыққа шығарған болатынмын. Бұл құтхананың аурасы сол кездегіден көп өзгере қоймаған. Қабырға біткенді сықата қызылды-сарылы дүние жинауға ниет сараң. Бұл үйдің байлығы – басқада. Оның орнына құдаңның төріне шыққандай көл-көсір ақтарылған ақеділ ықыласқа көңілің тоғайып, арқаңды кеңге салып, жылылық саулаған құтханадан жан сарайың жадырап шығасың. Соның барлығы осы үйдің алтын қазығына айналып отырған ақжаулықты ананың арқасы.
  Осыдан 50 жыл бұрын Алматы зооветеринария институтының төртінші курсында оқып жүрген Шәзінда ағамыз өмірлік жар таңдағанда ауылда өзінің қарындасымен қатар оқып жүрген осы бойжеткенге көзі түсіп, көңілі ауған екен. Бір жыл хат жазысып тұрыпты. Оқуды тәмамдап, ауылға оралған соң бас қосты. Ата-аналары, бір-бірімен құда болып төс қағысқан екі кісі де екі елдің бетке тұтар тұлғалары болған. Бүкіл қажыр-қайратын халық қызметіне арнаған әкелері Қарақожаның «Атадан жалғыз едім, ұрпағым көп болса екен» деген арман-тілегі қабыл болыпты. Бұл күнде Қарақожаевтар әулеті жапырағын кеңге жайған алып бәйтерек сынды.
  Дариға апа бұл босағаға алғаш келін болып түскен күннен бастап адалдық деп аталар алтын арқаудан бір ажырап көрмепті. Ең алғаш Талап елді мекені аймағына қатынап жұмыс істеген қосағына түнгі сағат үштегі пойыздан басқа қолайлы көлік жоқ. Содан қалып қоймасын деп түн баласын ұйқысыз өткізіп, жарын оятып, жұмысына аттандырып барып көңілі орнына түсетін сол ғадет, сол дағды қашан ол кісі өкіметтің қызметінен босап, зейнетке шыққанша қалпынан бір жаңылмады. Міне, қосылған қос тілектің бір-біріне деген осындай қалтқысыз қамқорлық, риясыз ниеттестігінің арқасында абырой деп аталар асыл құндылыққа қатар тұрып қол жеткізе алды.
  Шәзінда ағамыз отыз бір жасында «Қызыл Жұлдыз» кеңшарының директоры болып, он үш жыл жемісті қызмет атқарды. Сол жылдары ауылға жаңадан мектеп салынды. Ауыл көшелеріне ауыз су кіргізілді. Совхоз мемлекетке ет-сүт өнімдерін тапсырудан алдыңғы қатарға шықты. Жас, іскер азаматтың қабілеті лайықты бағаланып, ол жетпіс сегізден бастап аудандық партия комитетінің ІІ хатшысы болып сайланды. Осы кезеңдері ауданымыздағы Бірлік кеңшарында қиын ахуал қалыптасып, туындаған қайшылықтарды жүйелі жолға қоя білетін білікті басшыға зәрулік туындағанда осы кісіге сенім артылып, енді Шәкеңе қайынжұрттың ауылын қамқорлыққа алуға тура келді.
«Бірліктің» бірлігі кете бастаған тұста басшылыққа барған Шәкеңнің қатаң талапшылдығы көп қожыраған істі табаннан тік тұрғызып, тұрмыс түзеліп, тәртіп жолға қойылды. Елдің берекесі артты.
Бұдан кейінгі жылдарда Шәзінда Қарақожаев аудандық атқару комитетінің бірінші орынбасары, тәуелсіздік жылдарында аудан әкімінің бірінші орынбасары қызметтерін атқарды. Қазақ ССР Жоғарғы кеңесіне депутат болып сайланып, елдің игілігіне қыруар қызмет атқарды.
Осындай абыройлы қызметінің бағы жануында үйдегі тілекшісі, өмірлік серігі Дариха анамыздың орны айрықша болғанын ол өзі де мойындайтын. Бұл жөнінде Дариха апа: Жолдасымның разы болғаны шығар, кейін жасы келе «Әй Дариха-ай, он бірінші балаңмын ғой» деп отыратын еді дейді.
  Қарағайға қарсы біткен осындай ер-азаматтың көңілінен шыққан қазақ қызына осынша тәрбие, тағылым, өнегені берген отбасы да тегін емес еді. Бірлік ауылындағы бұл шаңырақты жұрт «Қажының үйі» деп атады. Аталары Әбжаппар кезінде Меккеге қажылыққа барып, денесі сонда жерленген. Перзенттері де көзі ашық, оқыған-тоқыған, кешегі қанды қырғынды бастан кешкен, аман қалғандары қатарында Мансұр Әбжаппарұлы білімділігімен, ақыл-парасатымен елдің арқасүйері болып, ауылдағы ірілі-ұсақты дау-дамай, реніш-кикілжіңдерді ата-дәстүрімен шешіп отырған кісі.
  Мансұр молданың үйіндегі кебеже мен сандық толы кітапқа құштарлық балаларын да білімге ынтызар етіп, бәрінің де көкірегі ашық, көңілі ояу болып ержетті. Бәрінен бұрын құлақтарына құйып өскен обал, сауап, ұят болады ұғымы бұл үйдің мүшелерінің ғұмыр бойы ұстанып, қалт жібермеуге тырысатын алтын қазығына айналды. Ал ақ шүберекке оралған Құран кітабына әкеден басқа ешқайсысы қол тигізуге жүрегі дауаламайтын.
   – Әкемнің әңгімесі адалдықпен басталып, адалдықпен аяқталар еді. Біреудің наласына қалып, қарғысқа ұшырап, харам жолмен мың теңге тапсаң да ол жұмырыңа жұқ, тесігіңе тығын, жыртығыңа жамау бола алмайды. Ендеше жоққа сабыр ет, барыңды қанағат тұт. Жүрегің таза, ниетің де таза болса, пәле-жаладан азатсың. Ауру сенен айналып өтеді. Адал ризықпен тапқаның жұғымды, ұрпағыңа да жетіп артылады деп отыратын, – дейді Дариха апа.
  Әке сөзінің растығына бұлар өздері де талай көз жеткізді.
  Шәкеңнің совхоз директоры кезінде ғой, шаруашылықты аралап келе жатып, егістіктің канал суы орып кеткен тұсын денесімен бөгеп, өзіне қатты суық тигізгені бар. Алматы ауруханасында жатты. Анализді көрген туған дәрігер қарындасының жылап шығып кеткенін көз шалып, ауру тарихын байқатпай қолға түсіріп, өзі көріп еді, сырқатының түрі сұмдық көрінеді. Бауыр қатып қалған дей ме, бес-алты ай өмірі қалған ба, бірдеңе. Содан ауылға жетіп, күн санау ғана қалғанын іштей мойындаған.
Екеуінің де әлі қырық жасқа да толмаған кезі, шүпірлеген жеті-сегіз баланың анасы Дариханың уайымында шек жоқ еді. Сол күні түс көрді. Көкте қалықтап ұшып жүр екен. Таңертең бар уайым-қайғыны серпіп, жеңілденіп оянды. «Бәрі де жақсы болады» деді ол жарына «Жазылып кетесің» Жаратқанға тәуекел етіп, бар ықыласымен беріліп, сырқаттың жағдайын жасап, көңіл-күйін көтермелеуден жалықпады. Бар қолынан келері, әкесінің сырқаттарға жазып беретін қасиетті дұғалары дарыған қара суды ұрттатып, ас-ауқатты қатаң қадағалау ғана еді. Кос үміт бір-бірін сендіріп, демеп, желеп-жебеп жүріп тіршіліктің желкеніне жабысты, құдыреттің разылығына қауышты. Шын иман еткенді Жаратушы Ие де күтпеген сыйлықтармен сүйіншілейді екен. Бұл сынақ екеуіне де өмірлік ғибрат болды. Ауруды жеңіп, аяққа тік тұрып, ел игілігіне қаншама үлес қосқан қайран аға бұдан соң да отыз екі жыл өмір сүріп, жетпіс екі жасында өмірден озды.
Өзі ат үстінде жүрген аламан шақтарды айтпай-ақ қояйық, зейнетке шыққаннан кейін де бұл кісінің көптің қамы үшін жар құлағы жастыққа тимей, елдік мәселелерді көтеріп жүретіні жадымызда тұр. Жиналыс, басқосуларда Қарақожаев мінберге көтерілгеннен жұрт: «Ал енді Шәкең әңгімені К-2-дан бастайды» дейтін гу етіп. Ия, шынында да әңгіменің арқауы ауылды суландыруға, құдық қазуға, қашыртқы салуға барып тірелетін. Су келсе ну келеді. Молшылық келеді. Жайылма өңірін суландыру, жайқалған бау-бақшаға айналдыру, «Ордакент» саяжайының құрылысын бастандыру, тағы осындай жұмыстар сол кезгі құштар көңіл, құмбыл іс-әрекеттердің нақты жемісі екеніне ешкім дау келтіре алмас.
  Қарақан бастың қамын жиып қойып, халықтың жағдайын ойлайтын, солармен бірге жадырап, бірге мұңаятын жаны асыл азаматтардан жүрегі ізгі ұрпақ дүниеге келеді екен. Шәзінда аға мен Дариха анамыздан өсіп-өнген ұл-қыздардың барлығы енді бүгін елдің қызметінде жүр. Мінгендері пырақ, ұстағандары шырақ.
  Тұңғыштары Ботагөз – мұғалім, ері Жолтай Әлмаш талантты жазушы, мемлекет қайраткері, екінші қыздары Кәмирасы дәрігер еді, Сүйіндігі гидротехник болатын. Бақтыгүлі Президент әкімшілігінде баспасөз хатшысы, Жақсылық – мемлекеттік стандарттау мекемесінде жауапты қызмет атқарады, Амандық №163 мектепте мұғалім, Бейбіті – су маманы, Ырысты – мұғалім, оның ері Жошыхан Қыраубаев шетелде елшілік қызметте, Нұржаны – жер комитетінде, ал енді Орманының қызметі бәрінен жоғары – анасының қолында, қас-қабағына қарап, қамқорлығын жасап отыр.
  Иә, бүгін сәті түсіп, ақыл-өсиетімен ғана емес, сыпайы мінез, табиғи қалпымен көпке өнеге болып отырған Дариха Мансұрқызымен сұхбаттасып, сыр сандықтың кілті ашылғандай, ақжарқын жанның ескі мен жаңаша бірдей сауатты білімі-парасатынан өрілген өнегелі әңгімесіне қанығып, апа шаңырағынан рухани қанаттанып қайттық.

Баян ҮСЕЙІНОВА,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.


21 наурыз 2019 ж. 649 0