Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » «БАҚ ШАППАЙДЫ, БАП ШАБАДЫ»

«БАҚ ШАППАЙДЫ, БАП ШАБАДЫ»


Қазақ төрт түліктің ішінде жылқыны ғана жеті қазынаға жатқызады. Қазақты жылқысыз елестету мүмкін емес. Тіпті көшпенділер мен жылқы егіз ұғымдай қосарланып айтылады. Мұндай ойларды Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында көрініс тапқан. Көшпенділер тақымына басқан сәйгүлігін еркін мініп тұруы үшін ер-тұрман мен үзеңгі ойлап тапты. Атты баптаудың тәсілдерін меңгеріп, Ұлы дала елінде емін-еркін қозғалды. Осы ат баптау өнері Жаңақорған ауданында жақсы дамыған. Әкелі-балалы атбегілерді Өзгент ауылдық округінің Ақсуат ауылынан тапттық. Бақытжан мен Мұқағали Шалысбаевтар тұлпардың тұқым-тегіне, бітім-нышандарына назар аударып, мықтысын таңдай біледі.

Қазір Бақытжан бәйгеге қосатын «Арғымақ» атты сәйгүлігіне көңіл бөледі. Ол шаршы топтан қарасын үзіп, жеті рет жүлде алды. Ұлы Мұқағали Қарағанды мемлекеттік университетінің заң факультетінің екінші курс студенті. Қызылорда облысы көкпаршыларының жасөспірімдер командасының мүшесі. «Қозыкүрең» атты сәйгүлігімен талай топта серке көтеріп, салым салған. Былтыр Петропавлдағы республикалық көкпаршылар сайысына Қызылорда жасөспірімдер командасымен бірге қатысып, жүлделі оралды.
– Ауданда бәйге атын ұстап, жарататындар санаулы. Екінің бірінің қолынан келе бермейтін кәсіп. Өте ыждағаттылықты, еңбекққорлықты талап етеді. Оның үстіне, ауданымызда бәйге спорты сирек болады. Қызылорданың басқа аудандарында бәйге көп болғандықтан, атбегілері де көбірек. Жаңақорған ауданында көкпар спорты жақсы дамығандықтан көкпарға қатысатын аттарды көп ұстайды, – дейді Бақытжан.
Бәйге мен көкпарға ат баптаудың қыр-сырына қанығу мақсатында Бақытжан Шалысбаевты әңгімеге тартып, бірқатар атбегілерді толғандырып жүрген мәселелерді ортаға салдық.
– Мен кішкентайымнан атқа құмар болдым. Жасымнан тайларды бас бүлдіріп, үйретіп тай жарыстарға қатыстым. Бірте-бірте аттарды сатып алып, жарата бастадық, – дейді атбегі.
Атбегілік өнер текпен келеді. Алдымен атты тану керек, сосын оны баптау қажет. Бұл – оңай шаруа емес. Неге десеңіз, ат баптау күрделі өнер. Мәселен, сәйгүліктің күй таңдайтын кезі болады. Бірі тоқжарау күйінде, енді бірі жеңілдеп жарағанда жақсы шабады. «Бабы келмеген жүйріктің бағы байланады» дейтін қазақ бәйгеге қосар жылқыны жаратуға ерекше мән берген.
– Сіздің баптап жүрген сәйгүлігіңізді қайдан алдыңыз?
– 2010 жылы «Арғымақты» Шиелі ауданы, Алғабас ауылындағы Әуезхан Қыдырбаев деген кісіден сатып алдым. Жүйрігім жеті рет жүлделі орындардан көрінді. Оның үшеуінде бас бәйге, екеуінде екінші орын, екі рет үшінші орын алды.
– Сіздің сәйгүлігіңіздің тұқымы қайсы­сына жатады?
– Таза қанды ағылшын жылқысы. Қолтума деп атауға болады. Тұқымы Ресейдің жылқы зауытынан әкелінген. Қызыл паспорты бар. Анасы да жергілікті болғанымен, сырттан әкелінген айғырдан туған.
– Жаңадан баптап жүргендер атымның аяғына жем түсті деп жатады. Оның себебі не?
– Ол жылқыны әлі бабына келмей жатып, зорықтырып, шаба бергеннен болады. Жарауын келтірмей, қатты қинағаннан болатын нәрсе. Аттың аяғына қан түсуін «жем түсті» деп атайды. Жазғы шілдеден аман-есен шығару үшін көбіне арпа береміз. Өйткені, арпа атқа бидайдан гөрі жеңілдеу тиеді.
– Сәйгүлікті қанша ай баптаған дұрыс?
– Әдепкіде семіз атты үйірден алып, жай шаппай, әбден міне беру керек. Бір шақырымға дейін мініп, сосын жарты сағат қаңтарып тастап, одан кейін семіздіктен арылтып, етін қатыру керек. Ол кезде атты жиі-жиі жуып тұрғаныңыз жөн болады.Сәйгүлікті жарату үшін оны, ең алдымен, шабатын күйіне келтіріп алу шарт. Ол үшін, әрине арықтау, біраз қоңдандырып, етін көтеріп алып барып жарата бастайды. Керісінше, ат семіз болса қызылмай, қанжілік етіп алмай, бірте-бірте баппен арытады. Мысалы, семіздігі үш-төрт елі шығатын атты сартап етіп, бабына түсіру үшін кемінде 25-30 күн қажет. Күніне 15-20 шақырым жер жүріп келіп, 4-5 күнде бір таң асырып отырған жылқы қалаған бабыңа түседі. Осы тұста қазақы жылқының ішінде әр түрлі жаратуды сүйетін жылқылардың болатынын ескерте кеткен жөн. Бірі тоқжарау күйінде шабысын түзейді.
Төрт бес сағат бойы атты жетекке алып, немесе мініп, әбден терін кептіреді. Атты суытқанда артқы екі аяғына кезек-кезек салмақ салып, тұяғының ұшын ғана тіреп тұратын қасиетін атбегілер жақсы белгіге санайды. Бұдан өзге де жақсы атқа тән белгілер жетерлік. Жылқы малын баптау үшін әркім әртүрлі айла-шарғы ұстанған. Мәселен, еті бар атты бабына түсіру үшін 15-20 күн кеткен. Күнде 15-20 шақырым жүріп келіп, 5-6 күнде бір таңасып отыратын жылқы қалаған бабына келе алған.
– Бәйгеде жылқының орын алуы неге байланысты?
– Сәйгүліктің рухына байланысты. Чемпион­дық рух бойында болса бәйгеден бірінші келеді. Ол үшін оның ата-тегін тану маңызды. Содан кейінгісінің бәрі бапкердің қолында. Бұрын Жаңақорған өңірінде Ақалтеке өте қадірлі болды. Қазіргі кезде қандай бәйге болмасын ағылшын жылқысы қара үзеді.
– Ағылшын және араб жылқыларын осында әкеліп, құлындай өсіріп, жерсіндіруге бола ма?
– Әрине болады. Ол шетелден әкелінген жылқыларға қарағанда, ауа-райына да төзімді болады. Туғаннан өңірдің ыстық-суығына бейімделіп өседі. Ол кезде аяқтары да мықты, далада өз аяғымен жайылымда өскендіктен шыдамды әрі сіңірлі болып келеді.
Қазір көптеген бай жігіттер ағылшын-араб қанды жылқысын баптауға ден қояды. Себебі, олар көптеген жылдар бойы сұрыптаудан өткендіктен өте жүйрік. Біздің жылқыларымыздың жылдамдығы төмен. Қазіргі кезде Адай және Қарабайыр қазақ жылқыларын баптап салса, алыс қашықтыққа аламанға салуға әбден болады. 51 шақырымдық «Алтын тұлпар» аламанын ұйымдастырғанда көбіне ағылшын-арабы жылқылары бас бәйгені алуда. Биесі шетелде туылғанымен өзімізде құлыны қолдан өсіріліп, ауа-райына бейімделгендер топ жаруда. Мұның тұрақты түрде селекциялық жұмысымен айналысып отырсақ үлкен биіктерге жетеміз, – дейді атбегі.
Бақытжан Шалысбаевтың айтуынша, жақсы жылқының бойынан басқаларына қарағанда жүйрік екенін ерекшелеп тұратын мынадай белгілері бар: омыртқасы шығыңқы бітеді, кең тынысты, сағақты болып келеді, тұсарлығынан адырая көрінетін жуан сіңірді оңай аңғаруға болады, томардай болып біткен шоқтығы да көзге бірден түседі.
Білгір атбегілер жүйрік аттың тісіне дейін қарап, егер күрек тіс қатары мен азу тіс қатарының арасындағы кетік алшақ болса, оны да жақсы қасиеттің бір нышанына балайды. Шын жүйрікті мінез-бітіміне қарай да тануға болады.
Атты баптағанда алдымен оны суытудың жөн-жосығын білген жөн. Атты суытқанда артқы екі аяғына кезек-кезек салмақ салып, тұяғының ұшын ғана тіреп тұратын қасиетін атбегілер жақсы белгіге санайды. Аттың аяғы әлді болса ғана бір аяғына салмақ салып, тезірек тынығуға мүмкіндік алады. Немесе, жайылса желдеп жайылатын, су ішсе судың тұнығын қуалап ағысты өрлей ішетін, оттаса көк-құрақты қомағайлана қарбытып, дәл түптен қауып оратын, жетектесең ботадай елпілдеп соңыңнан еретін жетекшіл мінезін нағыз атбегілер хас жүйрікке тән қасиетке балаған.
Міне осы сияқты жылқының толып жатқан қасиет белгілеріне көңілі толған атбегі әрі қарай таңдаған пырағын баптауға кіріседі. Егер құлын кезінен көзі түссе, желкесін ноқтаға қидырмай, желіде шырылдатпай еркін жетілуін қадағалайды. Тіптен тай, құнанында да иесіне үйірсек болуы үшін бас білдіріп қойғаны болмаса, жаншып мінбейді.
– Ат баптау түптеп келгенде, атты шынықтыру деген сөз. Атты жүгіртіп, желдіртіп, аяңдатып жарату, ең алдымен, тынысының кеңеюіне, сіңірінің бекуіне, тұла бойын ауырлатқан ащы тердің шығуына мүмкіндік беруі. Ащы тері алынған арғымақ алдына ат жібермейді, – дейді Бақытжан Шалысбаев.

ТҮЙІН. Еңбек өндірісіне техника араласқалы жылқыға сұраныс азайды. Дегенмен Бақытжан пен Мұқағали Шалысбаевтар сынды атбегілер барда жылқының қасиетін танып, білуге болады. Өзгенттен соған көзім жетіп қайттым.

Ескендір ЕРТАЙ
24 шілде 2019 ж. 1 326 0