№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

«ТОЛЫҚ АДАМ»

Абайтану ілімі – тарих толқынында өміршеңдігін дәлелдеген рухани-мәдени құндылықтарды зерделеуде, ұлттық таным-түсінікті танып, салт-сананы ұғуда бағдаршам болатын құрал. Ендеше ақын мұрасын «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында зерттеу қажет-ақ. Әсіресе нарықтық қатынастан күйреген ұлттық қадір-қасиетті жаңғыртуда Абайдың «толық адам» идеясын насихаттау маңызды.

Абай шығармашылығында білімсіздік пен надандықты, жалқаулық пен еріншектікті, күншілдік пен мансапқорлықты, менмендік пен мақтаншақтықты, әділетсіздік пен сатқындықты сөз етіп, жаман қасиеттерді тәрбиелеу керектігін түсіндіріп, «толық адам» ілімін мұра етті.
Ақын «Ғылым таппай мақтанба» өлеңінде «толық адамның» теориясын ұсынады және оған жетудің жолын көрсетеді.
Адам болам десеңіз
Бес нәрсеге асық бол
Олар: Талап, Еңбек, Терең ой, Қанағат, Рақым.
Яғни адамды рухани кемелдендіріп, ой-санасын жетілдіріп, білім-ғылымды меңгеруге қажетті дағдыларды көрсетті.
Бес нәрседен қашық бол.
Олар: Өсек, Өтірік, Мақтаншақ, Еріншек, Бекер мал шашпақ.
Бұл – қоғамның негізгі керітартпа факторлары. Мұндай әдеттерден біз арыла алдық па?!
Абайдың «Қанағат, Рақымына» қарағанда «Бекер мал шашпағын» берік ұстандық. Оған аста-төк тойлар бәсекесі дәлел. Бұл жөнінде газеттің №8 (8226) нөмірінде «Тойдың мәнісін түсініп алайық...» мақаласында ертеректе тойды бай-бағландар ғана жасағанын, кедейлер көрпесіне қарай көсілгенін келтірдік. Қазір бәрі керісінше. Абайша айтқанда, «Бекер мал шашпақтың» нақ өзі. Тіпті мақтаншақтық, бәсекелестік көзге шел басқандай несиемен торлап тастады...
Жақында редакцияға ауданға белгілі кәсіпкер келді. Жарнама беруге. Ондағысы – жұмысшы тарту. «Жұмысшы таппай жүргеніме екі ай болды. Қаржылай көмек сұрап келетіндер көп. Оларға ай сайын 70 мың теңге жалақы беремін, жұмысқа кел десем, басын алып қашады. Амал жоқтықтан өзбектерді жалдаймыз», – деді әлгі азамат. Мұны еріншектіктің көрінісі деуге болады ма, әлде масылдық дейміз бе? Мұндайда Абай: «Еріншектік – күллі дүниедегі өнердің дұшпаны. Талапсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық, кедейлік – бәрі осыдан шығады», демей ме?
Біз мақтансүйгішпіз. Ол жөнінде мысал тым көп. Өтірік ақпар беріп, мерейімізді асыруға әдеттендік. Ғайбат айтып, уақыт өткізгенді жақсы көреміз.
«Ғылым таппай мақтанба» өлеңінен негіз алған «толық адам» идеясын Абай қара сөздерінде де талдайды.
Төртінші қара сөзінде күлкі мастық екенін, есіл өмірді ескерусіз, босқа, жарамсыз қылықпен өткізуден сақтандырады. Жетінші қара сөзінде айтылатын «жанның тамағы» дейтін пәлсапалық мағынасын көкірекке сәуле, көңілге сенім құймай адамдық деңгейге жетпейтінін түсіндіреді. Он жетінші қара сөзінде ақыл, қайрат, жүрек үшеуін ғылым арқылы таразылап: «Осы үшеуің бір кісіде менің айтқанымдай табылсаңдар, табанының топырағы көзге сүртерлік қасиетті адам сол», дейді.
Отыз сегізінші қара сөзінде толық адам дәрежесіне жетпей толыққанды өмір сүру мүмкін еместігін алға тартып: «Құдай тағаланың ниһаятына ешкім жетпейді. Бірақ сол жолға жүруді өзіне шарт қылып кім қадам басты, ол таза мұсылман, толық адам делінеді» дейді. Сосын адамдықтың қалыбын былай ұсынады: «Әуелгісі – әрбір жаманшылықтың жағасында тұрып адамның адамдығын бұзатын жаманшылықтан бойын жимақтық, бұл адамға нұр болады.
Екіншісі – өзін-өзі өзгешелікпен артық көрсетпек адамдықтың нұрын, гүлін бұзады.
Үшіншісі – қастық қылмақ, қор тұтпақ, кемітпек. Олар дұшпандық шақырады.
Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Сонан қашпақ керек. Әуелі – надандық, екіншісі – еріншектік, үшіншісі – залымдық деп білесің», деп ары қарай надандық, еріншектік, залымдықты тереңірек талдап, жаман қасиеттерден сақтандырады.
Жалпы ақын философиясынан адамдықтың, адалдықтың формуласы, ілгері елдер санатында болудың жолы – балаға сапалы білім, саналы тәрбие сіңіру, ағайын-туыс арасындағы берік қарым-қатынас және білім-ғылымды игеруде екенін ұғасыз.

P.S.: Абай осыдан екі ғасыр бұрын отарлау езгісіне түсіп, рухани-этикалық тұрғыдан ұсақталып бара жатқан халқына тура жолды көрсетіп, тәрбиелік, танымдық мақсатта «толық адам» идеясын қалдырған-ды. «Мәңгілік Елді» мұрат еткен біздер де алдымен «толық адамға» айналып, бәсекеге қабілетті болуымыз тиіс. Ақынның мұрасы бізге осыны үндейді.

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ.
10 шілде 2019 ж. 1 574 0