№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

САУРАНның сыры

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында Қазақстанның 100 қасиетті орындары мен кешендерінің тізімі жасақталды. Олардың қатарында Сауран шаһары да бар. Бүгінде көне қала қайта жаңғырып, құнды дүниелер дәріптелуде. Оның айқын көрінісі биыл түбі түркі елдер Ұлыстың ұлы күнінде көне Сауран қаласында бас қосып, жаңғырған қаланың келбетімен танысты.

Жалпы, өткенді өшірмей, тарлан тарихты таразылап, келер ұрпаққа аманат етіп қалдыру рухани жаңғырудың негізі. Яғни, Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтарын халық санасына сіңірудің маңызы ерекше. «Қазақстанның қасиетті орындары мен кешендерін» қайта жинақтаудың мәні де осында. Жоба аясында елдегі барлық қасиетті нысандар бес топқа іріктелген. Оның ішінде археологиялық ескерткіштер және орта ғасырлық қалалық орталықтар тобы бар. Бұл топқа қалашықтар, бекіністер, петроглифтер, қорымдар, халқымыздың қалыптасуында ерекше рөл атқарған, қазақ мемлекетінің, Ұлы Жібек жолының құрылуына ұйытқы болған орта ғасырлық қалалар кіреді. Сауран қаласы да осы тізімде.
Енді көне қаланың тарихына тоқталсақ. Сауран – құпияға толы, Қазақстандағы қорған дуалдары неғұрлым толық қалпында сақталған әйгілі ортағасырлық қалалардың бірі. Оның ерекше әскери-стратегиялық, сауда-экономикалық және мәдени-тарихи мәнінің құндылығымен Сырдария бойында және қазақ даласында болған барлық ортағасырлық авторлар жазбаларында қалдырылған. Археологиялық зерттеуі жүз жылдан астам уақыт бұрын басталған тарихи мекен жайында орыс ғалымдары П.Лерхтың шығармаларында, П.Пашино жол естеліктерінде кездеседі.
Түркістан қаласының батыс жағында 40 шақырым, қазіргі Жаңақорған ауданы, Манап ауылының оңтүстігінде 15 шақырым жерде орналасқан. Қаланың орнына жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған заттарға қарағанда қаланың іргесінің қалануы VІ ғасырдан басталады. Қолөнердің дамуына Х-ХІІ ғасырларды айтуға болады. Х ғасырдағы араб (Ибн Хаукаль, Макдиси, Истахри) жазба деректері қаланың жақсы салынған құрылыс жүйесі – мешіт, медреселері және сауда орындары туралы мәліметтер береді. Қаланың қазіргі кезде сақталған дуалының биіктігі 7-8 метр және оны айналдыра қазылған ордың кеңдігі мен тереңдігіне қарағанда, мықты бекініс болған. Археологиялық зерттеулер нәтижесінде қаланың ХVІІ ғасырға дейін өмір сүргендігі анықталған.
Тағы бір деректе XIII ғасырдың орта тұсында Сауран қалашығы Ақ Орданың астанасы болғаны жазылады. XIV ғасырдың аяғында Сауранды Әмір Темір әскери қамалға айналдырған, осылайша Сауран қалашығы ислам дінінің Қазақстанға таралуына ықпал еткен деседі. Сауранды зерттеген ғалымдардың бәрі Сырдария бойында және қазақ даласында болған оқиғалар жайында жазғанда шаһардың ортағасырлық екенін алға тартады.
Көне шаһардағы ірі құры­лыстардың арасында «шайқал­малы минаретті», сондай-ақ шаһарды ауыз сумен қамтамасыз еткен кәріздері – жердің астынан салынған канал ерекше көзге түседі. Осы күнге жеткен Сауран қалашығының қабырғалары мен мұнараларының қалдықтары дөңгелек алаң ретінде қаз-қалпында жатыр. Ауданы 550-800 м құрайды. Қаланың ішіне қақпа арқылы кіруге болады.
«Сауран қамалы – өте берік бекітілген қорған, оның мықты және күшті қамал болғандығы соншалықты тағдыр тәлкегінің қолы оның қорғанының түбіне жетіп көрген емес, және көктегі аспанның өзі де әлем жерінің төрттен бірінде мұндай берік қамал көрген емес. Оның биіктігі соншалықты, күннің көзі де одан асып көрген емес. Қамалдың беріктігі соншалықты, оның мұнаралары мен дуалын қирату ешкімнің ойына да кіріп шықпайды». Сауранды жаулап алмақшы болған Абдоллах-ханның әскери жорығын суреттеген (ХVІ ғ. екінші жартысы) автор қамал-қала туралы осылай деп жазған.
Сауран қаласына көңіл бөлген зерттеушілердің қай-қайсысы да шайқалмалы мұнаралары бар медресені басты назарда ұстаған. Олар үшін бірінші кезектегі мәселе – осы медресенің орнын анықтау болған. Академик К.М.Байпақов шайқалмалы мұнаралары бар медресе орнын қаланың бас көшесі алаңға келіп тірелетін жерде деп көрсеткен болатын. Оның жорамалын анықтау үшін қала алаңының солтүстік-шығыс бұрышында орналасқан төбеде қазба жұмыстары жүргізілді.
Дүкенбай Досжан зерттеу мақаласында: «Қаланы алты мұнаралы үлкен қорған қоршап тұрған екен. Қорған саз балшықтан, кей жері күйдірген қыштан өріліпті. Әр мұнарада қарауыл қарайтын күмбез, жауға оқ ататын тесіктер бар. Осы белгілер Сауран қаласының негізігі міндеті – ел күзету, басқыншы жауға бірінші тосқауыл болу екенін байқауға болады. Қорған төрт бұрышты етіп салынған. Қалаға кірер қақпа мен шығар қақпа бір-біріне тұспа-тұс орнатылған. Оңтүстік шығыстан солтүстік батысқа көлбеу жатыр. Тосын көзге бірден шалынатын нәрсе – қала халқының өте тығыз отырғанға ұқсайтындығы. Өйткені белдеу-белдеу, қатпар-қатпар болып жатқан топырақ үйінділері бұрынғы үйлерді, дуалдарды көз алдыңа елестетеді. Сонымен қатар ескі қару-жарақ, қыш құмыра, ыдыстарынан аяқ алып жүргісіз. Сәл қазып көрсеңіз – бірі болмаса, бірі шыға келеді. Қаланы 1219 жылы Жошыхан қиратқанымен Сауран ХV ғасырдың аяғына дейін өмір сүрген», – деп жазады.
Ал, шамамен ХІV ғасырда салынған екінші Сауранның орны Түркістан қаласынан Қызылордаға қарай өтетін теміржолдың бойымен 45 шақырым жерде сақталған. Қазіргі кезде шаһардың орнындағы көне ғимараттарды қалпына келтіріп, туристер көретін музей жасау жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.
Ортағасырлық Сауран қаласының тарихынан сыр шертетін мәліметтер араб-парсы және орыс деректерінде, сонымен қатар қазақ халқының дас-тандарында, т.б. кездеседі. Ескі қаланың қалдықтарына үлкен қауіп төніп тұрғанын ескеріп, кешендік археологиялық жұмыстар әлі де жүргізіліп жатыр. Келер ұрпақ үшін көне қаланың қалдықтарын сақтау мақсатында және қайта қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда.
Қазіргі кезде көне қаладағы археологиялық жұмыстар шамамен 50 гектарды құрайтын территорияны алып жатыр. «Мәдени мұра» Қазақстандық бағдарламасы шеңберінде өткізіліп жатқан зерттеу жұмысы барысында табылған заттар, яғни күйіктастың, гипстің сынықтары осында мешіт пен медресенің болғандығын дәлелдейді. Тарихшылардың пікірінше, осы себептен бұл жерді мекендеген адамдар айтарлықтай жоғары білімді болған. Дәл Сауранда осы аймақтағы алғаш оқу орны ашылған.
Сауран туралы алғашқы деректер Х ғасырдың бірінші жартысына жатады. «Мәдени мұра» Қазақстандық бағдарламасы жүргізген қазба жұмыстарының нәтижесінде Сауранның орталық бөлігінен табылған күйіктас, гипс сынықтары мұнда мешіт пен медресенің болғанын дәлелдейді. Тарихшылардың пікірінше, осы жерді мекендеген адамдар айтарлықтай жоғары білімді болған. Қазақстан бойынша теңдесі жоқ, бірегей қаланы сумен қамтамасыз ету технологиясы болғаны да осы Сауран жерінен табылып отыр.
Қорыта айтқанда, Сауран – Ұлы Дала елінің бастауында тұрған мыңжылдық қорған. Ол 100 жылдан астам уақыт бойы ғалымдардың назарын өзіне тартып келе жатыр. Сырлы аймақтың әр шақырымы жүздеген рет зерттеліп, суретке түсірілсе де, мамандар күн сайын бұл жерден жаңалықтар табуда. Сондықтан, өскелең ұрпаққа қаланы қайта таныту арқылы келешекке мұра қалдыру рухани жаңғырудың басты құндылығы.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
13 шілде 2019 ж. 1 462 0