№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » «100 ҚАСИЕТТІ ОРЫН»: ҚЫЛЫШТЫ АТА КЕСЕНЕСІНІҢ ҚҰПИЯСЫ

«100 ҚАСИЕТТІ ОРЫН»: ҚЫЛЫШТЫ АТА КЕСЕНЕСІНІҢ ҚҰПИЯСЫ


Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтарын халық санасына сіңірудің айрықша маңыздылығын атап өткен болатын. Иә, расында біз ұлан-ғайыр жері мен аса бай рухани тарихы бар елміз. Ұлы Дала елінің әр қиырында тәуменді тарихтың бедері тасқа таңбаланған. Жалпы бұл идеяның түп төркіні – киелі мекендер мен өзге де қасиетті жерлерді өзара сабақтастыра отырып, ұлт жадында біртұтас кешен ретінде орнықтыруды меңзейді.
Осы орайда, облыстық, республикалық жұмысшы топтардың ұсынысы бойынша Қазақстанның 100 қасиетті орындары мен кешендерінің тізімі анықталғаны белгілі. «Қазақстанның қасиетті орындары мен кешендері» ретінде ерекше қастерленетін табиғи, мәдени мұраның, зайырлы және діни сәулеттің айрықша қастерлі ескерткіштері, кесенелер енді. Аталмыш 100 қасиетті орынның қатарында ауданнан Төлегетай-Қылышты ата кешені бар. Біз бүгін Қылышты-атаның көпшілік біле бермейтін қасиеттерін әңгімеге арқау етпекпіз.
Иә, Тәуелсіздік алған жылдардан бастап өшкеніміз жаңарып, жоғалтқанымыз қайта оралып, ғасырлардан сыр шертер төл тарих қайта жаңғыруда. Оған қоса, салт-дәстүр дәріптеліп, мәдени мұра қатары молая түсуде. Бір сөзбен айтқанда, өткенді бағалау, бүгінді саралау арқылы «Мәңгілік Ел» болу жолында кемел келешекке көш түзедік. Міне, осы орайда Қазақ даласына Ислам дінінің насихатталуына айрықша үлес қосып, ел мен дін бірлігінің сақталуына ғұмырын арнаған ғұламаның бірегейі – Қылышты ата (Сайид Бұрханиддин). Тарих бедерінде Қылышты ата атымен танылған тарихи тұлға заманының рухани шамшырағы болған. Бізде өз кезегінде «Өз тарихыңды тану – елдігіңнің, өскеніңнің белгісі» деген аталы сөзді ұстанып, баба тарихына көз жүгірттік.
Сайид Бұрханиддин жөнінде жазылған бір көне кітап пен көне қолжазба бар. Оның біріншісі осыдан - 800 жыл бұрын жазылған Нажмеддин Умар Насафи-Самаркандидің «Кадия» (Әл-Канд фи тарихи Самарканд) кітабы. Ал, екіншісі, «Жамеул-мақамат» Хазірет Сайид Ахмад-Махдуми Аъзам Дахбедий жайлы тарихи жазба. Осы қос кітапта есімі аталған Қылышты ата өте әруақты адам болған десе-ді. Ел аузында жүрген аңыз-әфсанаға қарағанда, бұрын көлікті адам көліктен түсіп зиярат етпесе, оның өзі немесе аты майып болған. Қылышты атаның әкесі Камалиддин Меккеден келіп Ферғана шаһарының патшасы (Әбу Бәкір Сыдық ұрпағы) Ілгімағзымның қызына үйленеді. Үйленген соң көп кешікпей Камалдин Меккеге қайта кетеді. Қылышты ата шеше ішінде қалады. Анасынан туған соң атын Саид-Бурханиддин қояды. Бала ата қолында тәрбие алады. Өскенде аспаннан ақ боз ат пен қылыш түскен дейді. Сөйтіп, 1001 бәлеге қарсы тұрып жеңген деген сөз бар. Бір әңгімеде, атасы Ілгімағзым өлгенде орнына патша болған. Сонда уәзірлері мен билерін алдына шақырып алып әңгіме еткенде қолындағы қылыш күннің сәулесіне шағылысып тұрған кезде қонған шыбын екі бөлініп түсе берген. Оның мәні кімде-кім адал болмаса, осы сияқты жаза алады деген. Міне, осыдан бастап Қылышты ата деп кеткен.
Сондай-ақ тағы бір мынадай аңыз әңгіме бар. Тарихи деректерде алтын тағын өз еркімен тастаған екі патша болған. Біріншісі Сұлтан Ыбырахым Адхам, екіншісі Ферғана патшасы болған Сұлтан Сайид Бурханиддин Қылыш еді. Кейін Сыр бойындағы «Узгент» шахарына келіп, ислам дінін елге уағыздап, бір Аллаһқа сыйынып, өмірінің соңына дейін әулиелік тарихат жолымен өтеді. Жергілікті қариялардың айтуы бойынша: - «Елге жау шауып қиындық жағдай тап келсе, қасымнан жау келді» - деп, түсірлетіп шауып өтсеңдер, шығамын, - деген екен. Атадан балаға осылай айтылып келе жатқан өсиетке иланбаған қылышты әулиетінің бір күйеу баласы сынамақ ниетпен «жау келді, жау келді», - деп атойлай мазардың үстінен атпен шауып өтіпті. Сонда күн күркіреп, найзағай ойнап, қатты құйын мен көз аштырмайтындай жел тұрып, бес қаруын асынған сауыт-сайманымен, жал-құйрығы жерге тиген ақбоз атын кісінетіп жарықтық Қылышты атамыз «Жау қайда? Жау қайда?» - деп шығыпты. Жаудың жоқ екенін, жалған оймен шақырғанына налыған бабамыз ашуланып былай деп бата беріпті: - «Үйде өлме түзде өл, босағадан шықпай жаның шықпасын». Бұл батаның шындыққа жанасатынын ағайындар жоққа шығармайтын сияқты. Жаулары оны намазда ұйып тұрғанда шауып өлтірген екен.
Түйіндей келе, Ел Президентінің елді рухани жаңғыруға бағыттаған мақаласы қоғам өмірінде өзінің өзектілігін айқындай білді. Әсіресе, «Туған жер» жалпыұлттық патриотизмі, «Қазақстанның қасиетті орындары» сынды жарқын жобалар көңілдегіні дөп басты. Өйткені, елдік мүдде жолындағы ерен істер туған жерге деген патриоттық сезімнен басталатыны айқын. Оған қоса, Ұлы Дала елінің әр қиырында тәуменді тарихтың бедері тасқа таңбаланған. Жалпы бұл идеяның түп төркіні – киелі мекендер мен өзге де қасиетті жерлерді өзара сабақтастыра отырып, ұлт жадында біртұтас кешен ретінде орнықтыруды меңзейді. Осы тұста, «Төлегетай-Қылышты ата» кешенді кесенесі Қазақстанның 100 қасиетті орындары мен кешендерінің тізімі қатарынан орын алуы ауданның рухани-мәдени өміріндегі айшықты оқиға.

Әбдісамат ӘБДІШ.
11 маусым 2018 ж. 1 609 0