№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ТАРИХИ МҰРАЛАР – ӨРКЕНИЕТТІҢ ӨЛШЕМІ

ТАРИХИ МҰРАЛАР – ӨРКЕНИЕТТІҢ ӨЛШЕМІ

  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтарын халық санасына сіңірудің айрықша маңыздылығын атап өткен болатын. Расында біз ұлан-ғайыр жері мен аса бай рухани тарихы бар елміз. Ұлы Дала елінің әр қиырында тәуменді тарихтың бедері тасқа таңбаланған. Жалпы бұл идеяның түп төркіні – киелі мекендер мен өзге де қасиетті жерлерді өзара сабақтастыра отырып, ұлт жадында біртұтас кешен ретінде орнықтыруды меңзейді.

  Ескі ескерткіштер, киелі кесенелер, қасиетті қоныстар – өркениеттің өлшемі һәм куәсі. Сыр өңірінде есепке алынған 286 ескірткіш, яғни 30 республикалық, 256 жергілікті маңызы бар ескерткіштер мемлекет қорғауында. Ендігі кезекте, айрықша тізімге енген және алдағы уақытта енетін тарихи нысандар сыр-сәулеті бойынша қайта сүзгіден өтеді. Бұл жөнінде әкімдікте өткен тарихи және мәдени мұраларды қорғауға қатысты жұмысшы тобының отырысында облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов мәлімдеді. Уақытша комиссияның жұмысшы тобын бастап келген Наурызбай Сейітқалиұлы сәуір айында өтетін сессияға ұсынылатын мәселелерді тақылау үшін аудандарды аралап жүргенін жеткізді. Жұмысшы топ құрамында: облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мира Әбуова, Қорқыт ата атындағы ҚМУ «Археология және этнография» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Әзілхан Тәжікеев және облыстық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі мекемесінің бөлім меңгерушісі Талғат Бердиев бар.

Модератор Н.Байқадамов отырысқа дейін Сығанақ қалашағы, Көккесене, Қожамберді батыр ескерткіштеріне зия­рат етіп, ахуалымен танысқанын айта келе, алғашқы сөз кезегін аудан әкімінің орынбасары Адай Салыбековке берді.
Өз кезегінде әкім орынбасары ау­дан­дағы тарихи-мәдени мұраларды пай­далану мен қорғаудың жай-күйі мен жаңғырту жұмыстарын баяндамасына арқау етті.
– Аудан көлемінде 40 ескерткіш мем­лекеттік тізімге енгізілген. Оның 33-нің төлқұжаты, есеп карточкасы, қорғау тақтасы орнатылған. Ал жаңадан қосылған 7 ескерткіштің теңгерім иесін анықтау, тіркеу карточкасын, төлқұжатын, қорғау тақтасын жасату жұмыстары жүргізілуде. Биыл кент орталығында орналасқан 5 обаға археологиялық зерттеу жұмысын жүргізу жұмысына жергілікті бюджеттен 2640,0 мың теңге қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу мекемесі арқылы конкурс жарияланды. Сәтін салса, 5 обаны ашып зерттеу жұмысын ағымдағы жылдың 31-шілдесіне дейін аяқтау жоспарда бар, – деді Адай Елеусізұлы.
Сондай-ақ баяндамашы сөзінің соңын­да өңір үшін өзекті 3 мәселені жұмысшы топтың назарына ұсынды. Біріншісі, кент орталығындағы бұрынғы оқу комбинаты ғимаратының сыртқы кірпіштері үгітіліп, ыза тартып тұр. Сол үшін бүгінде үш мемлекеттік мекеме орналасқан ескі ғимаратқа қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізуді сұрады. Екінші, Көккесене және Қасым ата кесенелері ашық аспан астында жатқандықтан қайта қалпына келтіру жұмысын қолға алу керек. Үшінші, Аққорған және Өзгент қалашықтарында археологиялық зерттеу жұмысын жүргізу. Бұл болашақ ұрпақ үшін маңызы зор тарихи бастама болатынын жеткізді.
Мұнан кейін аудан әкімі Ғалым Әміреев тарихи-мәдени ескерткіштерді дамытқанда әсіресе, Сығанақ секіл­ді республикаға танымал көне қала­шықтарды этнотуризммен байла­ныстыру керектігін сөз етті. Ол үшін жаһандану дәуіріне сай қасиетті орынның электронды картасы, интернет сайты, QR-кодын жасап, бірінші кезекте жергілікті жердегі тұрғындардың қызығушылығын арттыру керектігін жеткізді.
– Жаңақорған қашаннан тарихи нысан­дарға бай өлке. Әрбір төбесі мен тасын түрте қалсаңыз тіл бітеді. Қаншама құпиясын ішке бүккен көне шаһар мен мәдени мұра көмбеде жатыр. Мәселен, бір ғана Сығанақты этонотуризм орталығына айналдырып, көне шаһарға көптеп туристерді тартудың жолын іздеу керек. Рас, бізде тамсана тамашалайтын, жалықпай көрікті жерлерді аралайтын орын жеткілікті. Сан ғасырдан сыр шертетін тарихи, мәдени ескерткіштер тағы бар. Ең басты мәселе – осындай тұмса табиғатқа, тарихи таңғажайыпқа құмар шетелдік және отандық туристерді қалай қызықтырамыз? Негізі этноауыл жасап, ұлттық салт-дәстүрімізді дәріптеп, насихаттасақ соның өзі үлкен жұмыс, – деді Ғалым Махмұтбайұлы.
Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мира Әбуова тарихи-мәдени ескерткіштердің қорғалуында ауылдық округ әкімдерінің жауапкершілігі зор екенін жеткізді. Ауыл аумағында орналасқан әрбір ескерткішке көздің қарашығындай қарап, сырттан келген рұқсаты жоқ адамдарға «жабайы археологиямен» айналысуларына жол бермеуін сұрады. Ал, бұрынғы оқу комбинатына қатысты реставрация жасату үшін жоба-сметалық құжаттарын дайындап, кірпіштің құрамын анықтау үшін зертханаға жіберу керектігін тілге тиек етті.
Одан әрі ұсыныс-пікірге ұласқан жұмысшы топ отырысында бірқатар мәселелер көтерілді. Ауданның «Құрметті азаматы» І.Нәрзілдаев Бесарық ауылдық округіндегі ел назарынан тыс жатқан Қостөбе мекеніне археологиялық зерттеу жұмысын жүргізуді, Қ.Бүркітбаев Көккесене кесенесіне қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізіп, кесене аумағындағы 8 обаға археологиялық қазба жасауды жеткізді. Қожакент ауылының әкімі А.Айтжанов заманында өркениеттің орталығы болған Хорасан ата кесенесіне кешенді қолдау, Байкенже ауылының әкімі Н.Оспанов өндіріс орны аймағында орналасқан Серіқұл Алдабергеновтың қоныстанған жеріне қойылған белгіге қатысты заңдылықтарын сауал етті.
Алқалы басқосуды түйіндеген облыстық мәслихаттың хатшысы Наурызбай Байқадамов облыстағы тарихи-мәдени нысандарын қорғау және пайдалану жөніндегі 201-2020 жылдарға арналған Жол Картасы әзірленіп жатқанын айта келе, көтерілген ұсыныс-пікірлер сәуір айында өтетін сессияда қарастырылатынын тілге тиек етті.


20 наурыз 2019 ж. 1 557 0