№30 (8741) 16

16 сәуір 2024 ж.

№29 (8740) 13

13 сәуір 2024 ж.

№28 (8739) 9

09 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930 
» » РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ – ЖАСТАРДЫҢ ӨМІРІНДЕ

РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ – ЖАСТАРДЫҢ ӨМІРІНДЕ


Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында көтерілген ұлттық болмысты сақтай отырып мәдени құндылықтарды дамудың жаңа сатысына көтерілу жайы халықтан қолдау тапты. Осыны ескерген, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының аудандық филиалы Жаңақорған аграрлы-техникалық колледжінде «Рухани жаңғыру – жастар өмірінде» атты облыстық семинар ұйымдастырып, рухани жаңғыру негізінде атқарған жұмыстарын саралап, алдағы міндеттерді нақтылады.
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы аудандық филиалының төрағасы Ізәтіллә Нәрзілдаев пен колледж директоры Мадияр Ахметовтың ұйытқы болуымен өткен алқалы жиынды аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Айтпенбет алғы сөзбен ашып, ұлттық құндылықтарды тілге тиек етті.
– Елбасының бағдарламалық мақаласының жастарға тәлім-тәрбие берер үлесі басым. Ел егемендігін алғаннан кейінгі алғашқы ұрпақ бүгінде ел тізгінін ұстайтын халге жетті. Сондықтан, мақаладағы білім, ғылым, бәсекеге қабілетті болу, ұлттық код сынды бастамалар жастардың бойынан орын таба білуі керек. Өйткені, бұл – білімдінің мыңды жығар заманы, – деді аудан әкімінің орынбасары.
Рухани жаңғыру – ұлттық сананы жаңа биікке шығарып, жаһандық бәсекелестікке сай дамуда құрал болады. Яғни, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп, заманауи білімді меңгерген жастар ұлттың дамуына лайықты үлес қосады.
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық филиалының төрағасы Сәдуақас Аңсат рухани жаңғыру жайлы әңгіменің әлқиссаасын әріден бастап, тереңнен толғады.
– Елбасы мақаласында «Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек», – деді. Бұл – халықтық тәрбие мен салт-дәстүрге, білім мен ғылымға, мәдениет салаларына ерекше көңіл бөлінген айтулы бастама болды, – деді қоғам белсендісі Сәдуақас Аңсат.
Оның айтуынша, «Қазақ тілі» қоғамы да облыстың зиялы қауымымен бірге рухани жаңғырудың алдыңғы қатарында болуы үшін насихат жұмыстарын жүргізуде. Мәселен, өткен жылы «Қазақылықтың атамекені» ҚБ-нің қаржысына «Рухани жаңғыру – ұлттық жаңғыру» атты жиын өткізіп, осы атпен кітапша шығарып, бірнеше рухани шаралар ұйымдастырған.
– Қазіргі жастарда мүмкіндік мол. Соған орай жаңашылдықты, инновациялық технологияны меңгеруге ұмтылыс жоғары. Бұл құптарлық жай, бірақ ең бірінші бүгінгі ұрпақтың ертеңгі ата-ана екенін естен шығармауымыз керек. Ал, ата-ана ұрпақтар сабақтастығын жалғап, ұлттық мүддені келешекке бәз қалпында, қаймағын бұзбай жеткізуі керек, – деді «Ұлт тағдыры» облыстық қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Қорқыт ата университетінің профессоры Жақсыбек Егізбаев.
Басқосу барысында Әлібек Сүгірбаев, Бөкен Төребаев пен Жақсыгүл Бегманова жетекшілік ететін «Ақ әжелер» ансамблі ән салып, дәстүрлі әнді тағы бір жаңғыртты. Ал, тіл жанашыры, ақын Әбілхайыр Сыздықовтың ана тілі жайлы өлеңі көпшілікке ой салды.
Жиын соңында Сәдуақас Аңсат ел ағасы Алшынбай Тұртановты, аудандық білім бөлімінің басшысы Болат Ибрагимовты, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Аягөз Айдосованы, аудандық кітапхананың «Қазақ тілі» қоғамы бастауыш ұйымының төрайымы Әсемкүл Тілеубергенованы, №247 мектептің «Қазақ тілі» қоғамы бастауыш ұйымының төрағасы Нұрбол Ыдырысовты Халықаралық «Қазақ тілі» ҚБ-нің «Құрмет грамотасымен» мадақтаса, Шолпан Абдраймованы, Ұлбазар Балтахожаеваны, Ұлбала Мұсаеваны, Жанар Орынбетованы, Бейсенкүл Сейілованы, Ерман Ахметовты облыстық «Қазақ тілі» қоғамының «Алғыс хатымен» марапаттады. Ал, «Ұстаз жолы» қоғамдық қоры Әбілхайыр Сыздықовқа «Мәдениеттің үздігі», Мадияр Ахметовке «Агротехникалық білім үздігі» төс белгісін тақты.

Р.S.: Мазмұнды шарадан әрбір азамат рухани жаңғыруды болашаққа бағытталған үкілі үміт, асқақ арман, абыройлы парыз деп қана қабылдамай, төл міндет және тегеурінді талап деп түсінгені абзал екендігін пайымдап қайтты.

Айсұлу АЖАНХАНҚЫЗЫ.
21 сәуір 2018 ж. 1 370 0