Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » МӘРТЕБЕСІ БИІК ӘЗ-НАУРЫЗ

МӘРТЕБЕСІ БИІК ӘЗ-НАУРЫЗ


Қарт Қаратаудың бауырына қоныс теуіп, сұлу Сырдың жағасынан пана тапқан жаңақорғандықтар Әз-Наурызды үлкен шаттықпен қарсы алып, мейрамды дүбірлете атап өтті. Орталық алаңға қаз-қатар тігілген қараша үйлер мерекенің салтанатын кіргізіп, жыл басы саналатын ұлық тойды менмұндалатып, барша жұртты шақырып тұрғандай болды. Көңілдерге нұр, жүректерге жыр сыйлаған «Мәңгілік елді мәртебелеп, нұрландырған Әз-Наурыз» атты мерекелік шараны аудан әкімі Ғалым Әміреев ашып берді.
Алдымен аудан әкімі бірқатар ақсақалмен бірге мектептер мен мемлекеттік мекемелер жайған ақ дастарханнан дәм татып, қариялардың ақ батасын алды.
– Жер дүниені жаңартып, көктем айымен ере келетін ұлыстың ұлы күні әз-Наурыз құтты болсын. Наурыз – көктемгі жаңарудың мерекесі, бұл өткенді саралап, болашағымызды болжайтын ерекше кезең. Халқымыз ежелден Наурызды жыл басы санап, ұлыстың ұлы күніне балаған. Біз бүгінгі мерекеге еңсесі биік ерліктің, іргесі сөгілмес бірліктің, ырыс пен ынтымақтың жарасымын сақтай отырып жетіп отырмыз. Біз осы ынтымағымыз арқылы киелі Жаңақорғанның іргесінде ізгілік ұялатып, төрінде татулық орнатқан жерұйық ауданға айналу жолында жұмыс жасаудамыз, – деді Ғалым Махмұтбайұлы.
Сондай-ақ, аудан басшысы ЮНЕСКО-ның 2009 жылдың 30-қыркүйегінде Наурыз мейрамын адамзаттың материалдық емес, мәдени мұра тізіміне кіргізгенін, 2010 жылың 10-мамырынан бастап БҰҰ-ның бас ассамблеясы тарапынан халықаралық мейрам ретінде мойындалып, бүкіл адамзат баласының мәдени мұрасы ретінде бағаланғанын тілге тиек етіп, ауданда еңселі еңбектерімен көзге түскен бірнеше аудан мақтаныштарын марапаттады. Темір жол саласының майталманы Пазылбек Орынбасарұлы, еңбек ардагері Зайнидин Әбусейітов, құрметті сәулетші Файзулла Ягмусов, мәдениет қайраткері Дүйсенхан Сыздықов ауданның «Құрметті азаматы» атағын иемденді. Ал, «Таза көше» номинациясымен Асан Нақышпанов, «Таза кәсіпорын» номинациясымен «КЕGОК» АҚ Жаңақорған бөлімшесінен Нұрділлә Алтыбаев, «Таза аула» номинациясымен Баян Исмайлова марапатталса, бір топ сала қызметкерлері мен аудан тұрғындары аудан әкімінің «Алғыс хатымен» ұлықталды.
Одан әрі табиғат жаңаруының нышаны саналатын салтанатты мереке жалғасын тауып, салт-дәстүрді жаңғыртқан мерекеде ән-жырдан шашу шашылып, ұлттық ойындар ойнатылды. Балуандар белдесіп, көпшілікке наурыз көже тартылды. Әр мекеменің тіккен қазақ үйінде ақ дастархан жайылып, жұртқа дәм-тұз тарту етілді. Аудандық мешіттердің атынан жайылған дастарханда көп балалы отбасылар мен тұрғындарға ас берілді.
Айта кететіні, Наурыз – күллі қазақ халқын біріктіретін, ұлысты ұйыстыратын ұлы мереке. Бұл – ұлттық мәдениетіміз бен ежелгі дәстүрлердің сабақтастығы. Өйткені, қазақ халқының ұлттық құндылықтары, рухани мұралары әз-Наурызбен біте қайнасқаны анық. Ұрпақтан ұрпаққа үздіксіз жалғасып келе жатқан осындай ізгі дәстүрлердің мазмұнын одан әрі байыта түсу маңызді іс.
Жылдан-жылға бай мазмұнға ие болып, мерейі мен мәртебесі арта түскен айтулы мерекенің ақ тілекпен бас қосқан барша ағайынды ортақ мұратқа топтастыра түскеніне толықтай көңіліміз орнығып, шырайлы шарадан мерейіміз тасып қайттық.

Айсұлу АЛДАНАЗАР.
27 наурыз 2018 ж. 1 425 0