» » Ырысы тасыған Ыдырысов

Ырысы тасыған Ыдырысов


Ауданның «Құрметті азаматы», «Қазақстанның құрметті құрылысшысы» Серқожа Ыдырысұлының 63 жасқа толуына орай өткізілген басқосуға ауыл әкімдері, халық қалаулылары, аудан әкімі аппараты қызметкерлері және өндіріс орындарының басшылары қатысты.
Шарада аудан әкімі Ғалым Әміреев:
– Мемлекеттік қызметте 40 жылдан астам еңбек ету, оның ішінде ұзақ уақыт бойы аудан әкімінің орынбасары болу екінің бірінің бағына қона бермейтін бақыт. Осыдан-ақ, Серқожа Ыдырысовтың қызметтегі жауапкершілігі молдығын, сенімді ақтай білетін азамат екенін аңғаруға болады, – деді.
Қызмет жолына үңілсек, 1973 жылы Түгіскенде автокөлік жүргізушісі болып еңбек жолын бастайды. Сосын, №6 комсомол жастар күріш бригадасының техника-механизация жөніндегі бригадир көмекшісі, №7 күріш өндірісі бригадасының бригадирі, орталық шеберхананың меңгерушісі, Түгіскен кеңшары директорының орынбасары, 1994-1995 жылы «Өзгент» шаруашылық серіктестігінің төрағасы, 1996 жылы аудандық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы, 1996-1999 «Түгіскен» мемлекеттік тұқым шаруашылығы директоры және тағы да басқа қызметті абыроймен атқарды. Қайнаған қызметтің шеңберінде жүріп, кәсіби шыңдалған азамат 1999 жылы аудан әкімінің құрылысы, өндіріс және экономика салалары жөнінде орынбасары қызметін атқарып келді. Міне, еңбекпен көтерілген маман әрқашан құрметке лайық. Бұл жөнінде аудан әкімі Ғалым Әміреев сөз етіп, мерей той иесіне, облыс әкімі Қырымбек Елеуұлының «Құрмет грамотасы» мен аудан әкімінің «Алғыс хатын» табыстады.
«Шалқия Цинк» АҚ басқарма төрағасының кеңесшісі Нажмадин Мұсабаев: «Серқожа Ыдырысов 20 жылдай аудан әкімі орынбасары қызметін атқарып келеді. Осы жыл ішінде 13 әкімге қызмет көрсетті. Біріне бірі ұқсамайтын басшының талаптарына сай болып, әртүрлі қабілетін көрсетті. Мен аудан әкімі болып қызмет еткен 5 жылда Серқожа Ыдырысовтың уақытпен санаспай қызмет еткеніне, төтенше жағдай кезінде ел үшін күні-түн белуардан су кешіп, тасқынға тосқын қоя білгенін, өзінің ісмен қатар адами қасиетке бай тұлға екенін білемін. Осындай қадір-қасиетімен әкімдерге сенімді қосшы бола білді», – деді.
Мерей той иесінің адамгершілік асыл қасиеттерін, қоғамдағы адал қызметі жайлы аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Сәулебек Ысқақов, аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысы Есдәулет Сейілов, аудандық маслихат депутаты Сермахан Оразгелдиев, Түгіскен ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Молдахмет Ибрагимов сөз етті.
Ұзақ жылдар аудан экономикасының дамуына еңбек еткен Серқожа Ыдырысовқа халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы аудандық филиалының төрағасы Ізәтілла Нәрзілдаев «Ел ардақтысы» медалін тақты. Қуаныш иесін құттықтаған аудандық білім бөлімі басшысы Болат Ибрагимов сый-сияпат жасады. Кент ардагерлер кеңесінің төрағасы Музарап Махмудов мерей той иесінің еңбексүйгіштік, адалдық, адамдық қасиеттерін арнауға сыйдырып, көпшілік алдында оқып берді.
Кәсіпкерлер Абай Іскендіров жазда шетелде тынығуға демеушілік жасайтынын мәлімдеді. Елдің осыншама құрметіне бөленген Серқожа Ыдырысов мінберге көтеріліп:
– Қазақта «жалғыз ағаш орман болмас, жалғыз адам қорған болмас» деген тамаша тәмсіл бар емес пе? Міне, осындай құрметке, абыройға, атаққа ие болуыма ең алдымен өздеріңіз секілді әріптестікке сенімді көзқараспен қарайтын жандардың арқасында кенелдім. Абыроймен зейнеткерлік жасқа жеткеніме тәубе етемін! – деді.

Мақпал Марқабай.
29 мамыр 2018 ж. 1 956 0