Тұрақтылықтың тірегі
Заманымыздың заңғар жазушысы Әбіш Кекілбаев: «Мен рухани күшті адамды көрсетуді жақтаймын. Өйткені рухани күштілік – ар тазалығы, сезім шынайылығы, мұрат тұрлаулылығы. Мұндай адамдар өткінші бақыттың, өткінші қайғының ырғағына мойын ұсынбайды. Сондықтан олардың тағдыры қиын болуы, ауыр болуы мүмкін, бірақ өкінішті болуы мүмкін емес» дейді.
Дәл осы сөздерді біз өз ұстазымыз Тұрдыбек Мықтыбаевқа қарата айтуымызға әбден болады. Ол – адалдық пен парасаттылықты өмірінің басты тірегіне айналдырды. Оның жүрегі таза, ниеті шынайы, ойы нақты, ісі табанды еді.
Ұстаз деген тек тақта алдында сабақ беретін адам емес. Кейде оның аты мен айбары-ақ сыныпқа тәртіп әкеледі. Тұрдыбек ағай дәл сондай тұлға еді. Ол сыныпқа кірген бойда «не бүлдіріп қойдық?» деген ой сананы бірден селт еткізетін. Қарапайым көзқараспен қарасаң, оның бойындағы айбар мен қаталдық қатаң көрінгенімен, шын мәнінде ол әр сөзінде, әр әрекетінде тәртіп пен әділдікке шақыратын.
Ұзақ жылдар бойы мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарған Тұрдыбек ағай – білім ордасының жүрегі, ұжымды біріктіріп, жас мұғалімдерге тәжірибе алмасу мен тиімді сабақ беруді үйрететін ағартушы-педагог болды. Оның жанында әр іс-әрекет мәнді, әр сөздің салмағы бар еді. Бозғыл сары тартатын бет-бейнесі алғашқыда суық көрінгенімен, төбесін көрген бойда оқушыны өзін-өзі реттеуге шақыртатын. Бұл қорқыныш емес, шынайы сый-құрмет пен жауапкершілікке үндеу еді.
Адамның көзі – тек көру құралы емес, ол ой мен көңілдің, сезім мен ниеттің айнасы. Сондықтан ұстаздың көзі ерекше қызмет атқарады: бір қарасымен оқушының не түсінгенін, не түсінбегенін аңғарады, жасырғанын байқайды, көңіл-күйін сезеді. Ағайымыздың көзі де сондай өткір еді. Оның жанары біздің көзімізге қадала қалса, тұла бойымызды тесіп өтетіндей әсер қалдыратын. Сол бір қарасымен-ақ ол адамның ішкі ойына үңіліп, сезімін оқып, әр іс-қимылын бағалайтын. Оның көзі – тек бақылау құралы емес, әділдік пен байыптылықтың, тәжірибе мен даналықтың айқын белгісі болатын.
Кей кездері пән мұғалімін алмастырып сабақ берген сәті есте қалыпты. Оның қолындағы бор дәлдеген оқушыға дәл тиетіндей кәсіби шеберлікті көрсетті. Бірақ ең маңыздысы – оның әр сөзі дәл әсер етіп, сыныптағы жағдайды реттеп, оқушыны жауапкершілікке шақыра білетін. Бір сөзбен айтқанда, ол – тәртіптің тірегі, сенімділік пен әділдіктің үлгісі болды.
Тұрдыбек Мықтыбаев тек мектептегі тәртіптің символы ғана емес. «Жаңақорған тынысы» газетінде редактор болып қызмет еткен кездері газетті талдап оқитынына куә болдым. Арнайы телефон соғып, әр мақаланың мазмұнын саралап, бағыт-бағдар беріп отыратын. Осылайша ойыңды орнықтырып, қиялыңды қозғап, шабытына шабыт қосып, қоғамға ой салатын мәселелерді талқылауға үлес қосты.
Павлодар жақта біз ұлттық мәселелерді жиі көтеретінбіз. Сол әдетке басып, бір жолы аудандық газетке ұлттық мақтаныш туралы қалам тартсам керек-ті. Ұстазым телефон соқты. Дауысында байыптылық пен даналық бар еді.
«Нұрлатжан, сен көтерген мәселеңмен толық келісемін. Бірақ ұмытпа, ұлттық мақтаныш – өзіңді өзгелерден артық қою, астамсу емес. Шын мақтаныш – басқалармен бірге өркениет жолында қатар адымдап, алға ұмтылуға, өзіңнің қабілетіңді қапысыз сезіне білу».
Осы сөздер менің жадымда мәңгілікке жатталып қалды. Ол тек сөз емес, тәрбиелік сабақ, рухани бағдар болды. Ұстаздың айтқаны әрқашан ойға терең бойлауға шақырады, адамның өз-өзін бағалауы мен өзгелерге деген құрметтің шынайы өлшемін көрсететіндей еді.
Зейнетке шыққаннан кейін ауылдың ардагерлер кеңесінің төрағасы болып, елді бірлікке шақырып, қайраткерлік қырын көрсетті. Ол ауыл өміріне белсенді араласып, әрбір қоғамдық іс-шараға үлес қосып отырды. Ардагерлер кеңесі арқылы ауылдың әлеуметтік және мәдени өмірін дамытуға атсалысып, өмірлік қағидасын – әділдік, жауапкершілік, бірлік және өзара сыйластық – ауыл азаматтарына да үлгі етті.
Тұрдыбек ағай ауылдың нақты мәселелеріне де белсенді араласып, тұрғындардың мұң-мұқтажына қол ұшын беруге әрдайым дайын еді. Көптеген әлеуметтік бастамалар мен қоғамдық жобалар оның атқаруымен жүзеге асырылып, ауыл өмірінің сапасын арттырды. Ол – өз өмірін тек білім мен тәрбиеге ғана емес, елге қызмет етуге арнаған тұлға еді.
Оның жанында әрбір іс-әрекет мәнді, әр сөз салмақты, ал әр оқушы – болашаққа бағдар алған тұлға. Тұрдыбек Мықтыбаев – тәртіптің тірегі, ұстаздықтың үлгісі, ауыл жанашыры, қоғам белсендісі. Ол өз сөзімен, ісімен әрқашан ізгілік пен сенімділіктің үлгісін көрсетті. Біз оның өнегесін әрдайым есімізде сақтап, қадір-құрметін жүрегімізде мәңгі ұстаймыз.
Ағайымыздың жаны жәннатта болсын!
Нұрлат БАЙГЕНЖЕ





