Әлемдегі ең кішкентай сәбилер
Өмір сүруге асығып, жүктіліктің жетінші, сегізінші айларында дүниеге келген сәбилер жайлы көп естиміз. Алайда, жүктіліктің жиырма бірінші немесе жиырма екінші апталарында туылып, өлім аузынан аман қалған батыр бөбектерді біле бермейміз. Төменде шала туылып, бірақ өлмей қалған шақалақтар жайлы қызықты мәліметтерді ұсынып отырмыз.

2010 жылдың 7 қарашасында дүниеге ерте келген шақалақтардың тізімі тағы да бір сәбимен толықты. Жүктіліктің 21 аптасында туылған Фрида Мангольдтың салмағы 450 грамм, ал бойы 27,94 см болған. Негізі, 33 жастағы ана егіздерді туған. Алайда, алты аптадан соң қыздың егізінің, яғни Киллиан есімді ұл баланың жүрегі, ішектері қатты ауырған. Сөйтіп сәби шетінеп кеткен. Фриданы ата-анасы ауруханадан шығарғанда мекеменің бас дәрігері сәбидің денсаулығы жақсы екенін мәлімдеген. Және Фриданың оқиғасын «медициналық ғажайып дүние» деп атаған.
Әлемдегі ең кішкентай сәбилердің бірі Эмилия Грабарчик 2016 жылы Батыс Германияда, Виттенде дүниеге келген. Дәрігерлер оны аман қалмайды деп ойлаған. Ауруханада «кішкентай сарбаз» деген атты иеленген ол, бүгінгі күні басқа балалардан қалыспай жақсы өмір сүруде. Сәбидің анасы жүктіліктің 26 аптасында дәрігермен кеңесіп, кесарь отасын жасату туралы маңызды шешімді қабылдауға мәжбүр болған. Дәрігерлердің сөзінше, егер ол отаны жасатпағанда сәби жатырда қажетті қоректің жетіспеуінен шетінеп кететін еді. Әдетте жүктіліктің 26 аптасында жатырдағы баланың салмағы 566 грамды құрайды. Алайда қоректің жетіспеуінен Эмилияның салмағы бар болғаны 226 грамм болған.
2004 жылдың 19 қыркүйегінде Лойол университетінің медициналық орталығында, Иллинойс штатында салмағы 244 грамдық Румаиса Рахман есімді ару дүниеге келді. Оның егізі Хибаның салмағы 563 грамды құраған. Румаиса кесарь отасы арқылы туылған. Қыздың анасының қан қысымы көтеріліп кеткендіктен, дәрігерлер сәбиді құтқарып қалу үшін отаны жасауға мәжбүр болған. Сәби дүниеге келгеннен кейін дәрігерлер оны бірден өкпе желдетуші аппаратқа жалғаған. Ауруханада өткізген үш айдың ішінде Румаиса 1,18 кг, ал оның сыңары Хиба 2,25 кг жинаған. 10 апталық кезеңдерінде олар ешбір қиындықсыз сүтті бөтелкемен іше бастады. Бүгінгі күні физикалық даму жағынан салыстырғанда Румаиса қатарластарынан озып кеткен. 5 жаста оның салмағы 15 килограмды, ал бойы бір метрді құрады.
Мелинда Стар Гвидо 2011 жылдың 30 тамызында, Лос-Анджелестегі медициналық орталықта туылған. Басында оның салмағы 270 грамм ғана болған. Сосын ол ауруханада 5 ай өткізгеннен кейін, оны 2,05 келіге дейін көтерген. Натан Сиберрас жүктіліктің жиырма төртінші аптасында, 2008 жылдың жазында, Ұлыбританияда туылды. Дәрігерлер баланың аман қалатынына күмән келтірген. Бірақ сәби алақанға сыйып кететіндей кішкентай ғана болса да, ешқандай аппаратсыз, өзідігімен демалуды білген. Тәбеті де керемет болған, салмақты тез жинаған. Бүгінгі күні баланың денсаулығы жақсы.
Уиллоу Людден-Брукс 2009 жылы жүктіліктің 23 аптасында туылған. Жүктіліктің 23 аптасында қыздың анасының жатырында инфекция басталып кеткен. Сөйтіп ол мерзімінен бұрын босануға мәжбүр болған. Дәрігерлер баланың толғақ кезінде шетінеп кететініне сенімді еді. Бірақ сәби жарық дүниеге келген сәтте, терең тыныс алып, жылай бастаған. Қазір оның денсаулығы жақсы.