» » » Қыз қылығымен көрікті

Қыз қылығымен көрікті


Қазақ ықылым заманнан «қызды қырық үйден тыю» – деген сөзді бекем ұстанып, қыз бала тәрбиесіне аса қатты көңіл бөлген. Қыз балаға төрден орын беріп, құтқа балаған. Қыз баланың жүрген жүрісі, сөйлеген сөзіне дейін назардан тыс қалмаған. Бойжеткеннің биязылығына, көркем мінезділігіне, ажары, жүріс-тұрысына сай болып өсуіне көп зейін қойған. Тіпті, үлкен отырған жерде тура қарамай, жүзін төмен салып, айтылған өнеге-өсиетті бойына әдеппен сіңіру де қызға деген тәрбие салмағының бірі болып саналған. Шашқа таққан шашбауы, саусағындағы сақина, білезігі, қосетекті бүрмелі көйлегінің өзі бойжеткеннің болмыс-бітімін ажарландырып, әдемі әдебін әйгілеп тұрған. Қыздарға арналып айтылған түрлі мақал-мәтелдер, ырым-тыйымдар бүгінге дейін мәнін жоймай, тәрбиелік бояу-нақышымен тамсантып келеді.

Қазір, XXI ғасыр – жаңа ғасыр, жаңа көзқарас, заман талабы осылай деп сол салт-дәстүрімізге сай қыз бала тәрбиесін уысымыздан шығарып алғандаймыз. Қыз балаға тән табиғи қасиеттерден өзіміз де қаражаяу қалғандаймыз. Бүгінде қиылған, түрлі-түске боялған шаш, ажарын алмастырған, ішімдік пен шылымға жіпсіз байланған бұрымдылардан көз сүрініп, жүзінен нұр төгілген, тұнық жанарының өзімен есті тандырған қазақ аруының елесі архаизмге айнала бастаған ба дейсің Заманауи талап пен талғам, заманауи көзқарас өз ұлтымызға, қаракөз қыздарымызға деген қамқорлығымызды ақсатып жатқандай.
Ерсі қылыққа әуес, естір құлаққа ессіз сөзбен маталған арулар қатары күн санап көбеюде. «Кім біліп жатырдың» астарында жасырғандай болғанмен көзге шыққан сүйелдей сүйкімсіз дерт жамаған «көше қыздарының» боғауызсыз сөйлей білмейтіні де бесенеден белгілі. Екеудің басы қосылса ерегіс, сөз іліп алып, көз көгерту қазіргі қыздарға таңсық нәрсе емес. Ойда жоқта кеудесін керней кеткен жалған намысқа жүгініп, жұдырық ала жүгіру көзкөрген үйреншікті әдетке айналып барады
Қыз – болашақ ана, аяулы жар, кішіпейіл келін екенін санамыздан шығармасақ екен. «Ұлт саулығы» – деген ұлық тіркес те тура осы тәрбиемен ұштасатындай. Қыз балаға деген ықылас – көңіліміз оның тәрбиесіне деген ұстанымымызға қарсы келмеуі тиіс. Ұлтымыздың дамуы, өсіп-өнуі жолында алдымызда аманат болған бойжеткеннің алар орны мен берер бағыты ерекше. Қыз тәрбиесіне деген жауапкершілік ешқашан еңсесін төмендетпеуі керек. Әрбір отбасындағы ата-әженің, әке мен ағаның, бағыт беріп, жол нұсқаушы ананың, сырлас жеңгенің берер өнегесі өз деңгейінен түспесе ақ маңдайлы арудың ақ жолынан адасып, қателікке ұрынбасы хақ.

ТҮЙІН. Аруларымызға көңіл қойып, қыз тәрбиелей отырып ұлтты тәрбиелеуге аз да болса атсалысайық. Қаймағы бұзылмаған қазағымыздың «ұлт» – статусын сақтап қалуы – берер тәрбие мен өрілген өсиеттің ұлт жастарының бойынан табылуында. Ешқандай да жаңа заман, жаңа мода, жаңа түсінік, жаңа ғасыр мен жаңа дәуір қазақ аруының көркем мінезін, сырлы жанарын, ибасы мен әдебін өзгертпеуі тиіс.

Жәмила ЕРМАХАН
03 ақпан 2024 ж. 435 0