Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Көшет – көктем сәні

Көшет – көктем сәні


Атадан мал қалғанша, тал қалсын», деген сөздің түпкі мәні тереңде жатқаны даусыз. Бастысы, ерінбей еңбек еткеннің еңсесі биік болып, берекесі артады. Ырысын қарапайым кәсіптен тапқан кент тұрғыны Соня Ахмедова 30 жылдан астам уақыт бойы көшет өсіріп келеді. Алақандай ауланың қызу тірлігі наурыз айынан қарбалас тіршілікке айналды.


«Нұр» базарындағы көшет павильонында Соня апаны танымайтын жаңақорғандықтар кемде-кем. Көктем шығып Жер-Ана оянғаннан көздің жауын алар түрлі-түсті гүлдері мен көкөніс көшеттерін саудаға шығарады. Қызанақ, қияр, қалампыр, раушан гүлдері, көпжылдық аула гүлдері мен құлпынай көшеттері, бөлме гүлдері, жеміс ағашы көшеттері мен қауын, қарбыз ұрықтары, қысқасы, керектің бәрін табасың. Егінге тиетін зиянкестерді дәрілеу мен тыңайтқыштардың түр-түрі де бар. Ең бастысы, оларды егіп, күтіп-баптауды да егжей-тегжейлі түсіндіріп береді.
– Өзіміз өсірген көкөніс көшеттерін 50 теңгеден сатамын. Гүлдердің түріне қарай бағасы да әр түрлі. Оларды өсіру балаға мейірім төгумен бірдей. Күнделікті күтім қажет. Кейбір көшет түрлерін көршілес Түркістан, Шиеліден көтерме бағада алып келемін. Ислам дінінде сауданың өз ережесіне сай кісі ақысын жемеу әр адамға парыз. Саудаласу сүннет екенін кей жастар біле бермейді, – деді апамыз.
Көшет егу көп еңбекті қажет етеді. Шыны керек, бұл іске көпшілік жүрексінеді. Байқағанымыз, орталық базарда көшет саудалаушылар көп емес. Десе де қызылды-жасылды гүлге көмкерілген бұрышта қанбазарды қыздырған бейнеткеш жандардың
еңбекқорлығын көріп сүйсінесің.
– Гүлдерді өсіру жаныңа сұлулық пен тыныштық сыйлайды. Үйімнің айналасын гүлге көмкеріп, жұпар иісінен жан рахатын табамын. Бір сөзбен айтсам, әрі табыс көзі, әрі үйдің сәні ретінде кәдеме жаратамын. Міне, мына гүлдердің ұрығын қара күзде жинап алғанмын. Енді саудаға шығардым. Көшет сатуды кәсіп ету аса көп қаражатты қажет етпейді. Ерінбей еңбек етсең, қандай кәсіп болса да ризығыңды табасың, – дейді ол бізбен әңгімесінде.
Есік алдындағы шағын егін-жайында түрлі көкөністің тұқымы егіліп, құлақ атып тұр. Оның күтімі мен бабына үйдегі келіні мен немерелері қолқабыс етеді. «Қазіргі заманда әр тұқымбаққа сай уақытылы дәрі-дәрмек пен қажетті минералдар бермесеңіз, дән дұрыс өнбейді. Одан қалды, түрлі зиянкестер жапырмау үшін де құрт-құмырсқаға қарсы дәрілер пайдаланамыз. Ауа райының бір қалыпты болуы да маңызды. Осындай шығындарды қосып есептеп, тиімді баға қойып отырмыз, –деді келіні.
Отбасылық дәстүрге айналған кәсіптің арқасында берекелі күн кешкен еңбек адамының адал ісіне сүйсінбейтін жан жоқ шығар. Есік алдынан қызанақ, қияр, қырыққабат егіп қана қоймай, одан қыстың қамы үшін түрлі салат жабады. Күзде той маусымында тойханаға 12 түрлі салат жасайды екен.
Аз-кем әңгімелесіп тұрғанда қаншама адам сауда жасап кетіп жатты. Бірі тал көшеттерін, бірі гүл түрлерін, бірі көкөніс көшеттерін таласа алуда. Назира апаның басқа көшет сатушы апалардан айырмашылығы, өнім жергілікті жерде өндіріледі, әрі қолжетімді бағада сатылуы дер едім.
Қызу сауданың көркін келтірген бөлме гүлдеріне сұраныс көп екенін байқадық. Қоршаған ортаның әдемілігін арттыратын әсем табиғатқа құмартпаған жан кемде-кем. Ал оны ажарландырып тұрған апаның апаның ақ көңіл, адал пейіліне алғысымызды білдірдік.

Мақпал МАРҚАБАЙ




03 мамыр 2024 ж. 275 0