№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Құпиясы терең құнды жәдігер

Құпиясы терең құнды жәдігер


«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында мәдени мұралардың маңызын айқындай түстік. Бағдарлама «Туған жер» бағдарламасы арқылы бірқатар жобаны іске асыру керектігін көрсетіп берді. Тамырын тереңнен тартқан Сығанақ жайлы қанша, қалай жазсақ та жарасады. Алайда осы қаланың құнды жәдігерлерін толық танып білдік пе? Мәселен, шаһардан табылған керамикалық ыдыстар мен қабырға қаптамасының сынықтары жөнінде не білеміз?

 Құнды жәдігерлер жөнінде аудандық тарихи-өлкетану музейінің әдіскері Құралай Дәрмен былай дейді.

 – Өздеріңізге белгілі, 2003 жылдан бастап Қ.Яссауи атындағы Халықаралық қазақтүрік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Сайден Жолдасбаевтың басқаруымен көне Сығанақ шаһарында тәжірибелік-зерттеу жұмысы жүргізіліп келеді. Сығанақ қаласынан археологиялық қазба жұмыстарында табылған жәдігерлердің көпшілігі керамика – саздан жасалған ыдыстар. Соның бірі біздің музейдің төрінен орын тепкен үлкен көлемді ыдыс – Хум. Яғни, көзе. Бұл – дәнді дақыл, астық және сұйықтықтарды сақтайтын, қысқа мойынды, ернеуі қалың, шанағы жұмыртқа тәрізді ыдыс, – деп жауап қатты ол.

 Табылған құнды дүниенің қатарында ташнау бар. Ташнау – орта ғасырларда суды сыртқа шығаратын канализацияның бір түрі. Музейде тұрған ташнаудың көлемі шағын. Жұмыртқа тәріздес бұйымның асты ойық. Ол – қазан-ошақтың басында тұратын болған. Қалдық сулар мен артық сұйықтықтарды сол арқылы ағызып жіберетін болған. Ташнаумен қатар орналасқан құнды жәдігердің бірі – қыштан жасалған құмыра. Бұл сұйық ас және су құятын ыдыс болған. Оған қоса, сан ғасырдан сақталған бұйымдар қатарында көне қаптамалар мен күйдірілген кірпіштер бар. Мұның бәрі тарихтан білетініміздей, XV-XVIII ғасырда қала бұрынғысынша сауда және қолөнер орталығы болғандығының айғағы.

 – Негізінен Сығанақ қаласынан археологиялық қазба жұмыстарында табылған жәдігерлер мен құнды заттар осы қазба жұмысын жүргізген археологтардың қолында. Ал, бір бөлігі Қызылорда облыстық өлкетану мұражайына табысталған. Бүгінгі таңда зерттеу жұмысы әлі жалғасып жатыр. Алдағы уақытта да көне шаһар көмбесінен құнды дүниелер шығады деген сенім мол, – деді Құралай Дәрмен.

 Иә, тарихқа көз жүгіртсек, Сығанаққа зерттеу жұмысын жүргізген бір топ ғалымдар легін айтуға болады. Мәселен, 1892 жылы Е.Смирнов, 1899 жылы В.Каллаур, 1906 жылы И.Кастанье осы қалаға арнайы келіп, ғылыми зерттеу жүргізген. Ал, 1927 жылы Ресей Академиясының жанындағы материалдық мәдениет институтының тапсырмасы бойынша Сығанақ қаласын А.Якубовский археологиялық қазба жұмысын жүргізіп, тыңғылықты қарап шығады. Ол қаланың топографиялық жағына көңіл бөліп, Сығанақ қаласында орын тепкен бірқатар ғимараттардың суретін түсіріп алады. Сондай-ақ 1947 жылы А.Бернштам, 1950-жылдары Е.Агеева мен Г.Пацевич археологиялық барлау жұмысын жүргізген.
 
1970-ші жылдары отандық ғалымдар, Отырар археологиялық экспедициясының меңгерушісі К.Ақышев пен К.Байпаков зерттеу жүргізіп, бұл қала орта ғасырлық қаланың ішінде Отырар қаласынан кейінгі атақты екінші қала деген нақты анықтама берген.

 Осындай қатпарлы тарихты жаңғыртып, жас ұрпаққа құнды мұралар мен жәдігерлер арқылы патриоттық тәрбие беруде музейдің маңызы орасан. Өйткені, онда тұтас бір ұлт руханиятының келбеті, ғасырлар шежіресі жан-жақты зерттеліп, дәріптеледі. Тарихи-өлкетану музейі әлі талай жерде көміліп жатқан өткеннің жадын тірілтіп, оны сақтап, ел арасында насихаттай берері айқын.

 Сығанақ тарихи шахарына жиі атбасын бұрып, үлкен қызығушылық танытып отырған Мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркіт Аяған ағамыз көне қалада жүргізіліп жатқан архиологиялық қазба жұмыстарын жүйелі қадағалап, іс барысын ғылыми айналымға енгізуде.

 Ол тұтас тұтынылған тұрмыстық заттардың мәнін анықтап, сипатын тану арқылы әр дәуірдегі Ұлы дала елінің басты шаһарын Ұлық Ұлыс (Алтын Орда), Ақ Орда, Қазақ хандығының стратегиялық, экономикалық құрылымның тарихын түзуге болатынын алға тартады. Сонда бізге таңсық қаншама құнды жәдігерлердің сыры ашылар еді.

Лаура АЙДАРХАН
04 тамыз 2022 ж. 871 0