№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Құнды жәдігерді тану – тарихты тану

Құнды жәдігерді тану – тарихты тану


Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы мәдени мұралардың маңызын айқындай түсіп, «Туған жер» бағдарламасы аясында бірқатар жобаны іске асыру керектігін көрсетіп берді. Тамырын тереңнен тартқан Сығанақ жайлы қанша, қалай жазсақ та жарасады. Осы қаланың құнды жәдігерлерін әлі толық танып білдік пе? Мәселен, шаһардан табылған керамикалық ыдыстар мен қабырға қаптамасының сынықтары жөнінде не білеміз?


Құнды жәдігерлер жөнінде аудандық тарихи-өлкетану музейінің әдіскері Құралай Дәрменнен сұрадық.
– Өздеріңізге белгілі, 2003 жылдан бастап Қ.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Сайден Жолдасбаевтың басқаруымен көне Сығанақ шаһарында тәжірибелік-зерттеу жұмысы жүргізіліп келеді. Сығанақ қаласынан археологиялық қазба жұ­мыс­тарында табылған жәдігерлердің көпшілігі керамика – саздан жасалған ыдыстар. Соның бірі біздің музейдің төрінен орын тепкен үлкен көлемді ыдыс – Хум. Яғни, көзе. Бұл – дәнді дақыл, астық және сұйықтықтарды сақтайтын, қысқа мойынды, ернеуі қалың, шанағы жұмыртқа тәрізді ыдыс, – деп жауап қатты ол.
Табылған құнды дүниенің қатарында ташнау бар. Ташнау – орта ғасырларда суды сыртқа шығаратын канализацияның бір түрі. Музейде тұрған ташнаудың көлемі шағын. Жұмыртқа тәріздес бұйымның асты ойық. Ол – қазан-ошақтың басында тұратын болған. Қалдық сулар мен артық сұйықтықтарды сол арқылы ағызып жіберетін болған. Оған қоса, ташнаумен қатар орналасқан құнды жәдігердің бірі – қыштан жасалған құмыра. Бұл сұйық ас және су құятын ыдыс болған. Оған қоса, сан ғасырдан сақталған бұйымдар қатарында көне қаптамалар мен күйдірілген кірпіштер бар. Мұның бәрі тарихтан білетініміздей, XV-XVIII ғасырда қала бұрынғысынша сауда және қолөнер орталығы болғандығының айғағы.
– Негізінен Сығанақ қаласынан архе­ологиялық қазба жұмыстарында табылған жәдігерлер мен құнды заттар осы қазба жұмысын жүргізген археологтардың қолында. Ал, бір бөлігі Қызылорда облыстық өлкетану мұражайына табысталған. Бүгінгі таңда зерттеу жұмысы әлі жалғасып жатыр. Алдағы уақытта да көне шаһар көмбесінен құнды дүниелер шығады деген сенім мол, – деді Құралай Дәрмен.
Иә, тарихқа көз жүгіртсек, Сығанаққа зерттеу жұмысын жүргізген бір топ ғалымдар легін айтуға болады. Мәселен, 1892 жылы Е.Смирнов, 1899 жылы В.Каллаур, 1906 жылы И.Кастанье осы қалаға арнайы келіп, ғылыми зерттеу жүргізген. Ал, 1927 жылы Ресей Академиясының жанындағы материалдық мәдениет институтының тапсырмасы бойынша Сығанақ қаласын А.Якубовский археологиялық қазба жұмысын жүргізіп, тыңғылықты қарап шығады. Ол қаланың топографиялық жағына көңіл бөліп, Сығанақ қаласында орын тепкен бірқатар ғимараттардың суретін түсіріп алады. Сондай-ақ 1947 жылы А.Бернштам, 1950-жылдары Е.Агеева мен Г.Пацевич археологиялық барлау жұмысын жүргізген.
1970-ші жылдары отандық ғалым­дар, Отырар археологиялық экспе­дидциясының меңгерушісі К.Ақышев пен К.Байпаков зерттеу жүргізіп, бұл қала орта ғасырлық қаланың ішінде Отырар қаласынан кейінгі атақты екінші қала деген нақты анықтама берген.
Осындай қатпарлы тарихты жаң­ғыртып, жас ұрпаққа құнды мұралар мен жәдігерлер арқылы патриоттық тәрбие беруде музейдің маңызы орасан. Өйткені, тұтас бір ұлт руханиятының келбетін, ғасырлар шежіресін жан-жақты зерттеп, дәріптейтін құтты мекен екені даусыз. Тарихи-өлкетану музейі әлі талай жерде көміліп жатқан тарихын тірілтіп, оны сақтап, ел арасында насихаттай берері айқын.
Жақында Мемлекет тарихы инсти­тутының директоры, тарих ғылым­дарының докторы, профессор Бүркіт Аяған ағамыз көне қалаға арнайы барып, жүргізіліп жатқан архиологиялық қаз­ба жұмыстарымен танысқанынан хабар­дармыз.
Тарихшының сөзінше, шаһардың тарихын танумен қатар, сол кезде тұтынылған тұрмыстық заттардың мәнін анықтап, ғылыми айналымға енгізу маңызды. Бәрінен бұрын, Ұлы дала елінің басты шаһарын Ұлық Ұлыс (Алтын Орда), Ақ Орда, Қазақ хандығының стратегиялық, экономикалық, рухани маңызды бөлшегі ретінде зерттеу керектігін, яғни, мемлекеттік деңгейде мән беру керектігін алға тартты.
Сонда бізге таңсық қаншама құнды жәдігерлердің сыры ашылар еді.

Лаура БИБАСАРОВА

15 қыркүйек 2021 ж. 512 0