Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Құлдың мұңы


Жойт ұлтарақтай жеріне топырақ тасып қартайды... Мен неменеме жетісіп жасардым? Топырағыңыз не – мен тамырымды суырып бердім... Сірә – содан...

Дауысымды естимін:
  Ащы жазасыңдар... Тым ащы!.. Кейде, тіпті, қорланатындай жазасыңдар.Қорланатындай? Қорланса – тамаша. Намысы бар адам қорланады. Біз осы қорланбаймыз ба деп қорқам. Көре білген, сезе білген адамға қазіргі қорлық аз ба?Өзге жұртпен бірге көрген қорлығының сыртында, қазақ болғаның үшін көретін қорлығың қаншама? Және бұл қорлықты дәл қазір басқа емес, қазақ көрсетіп жатыр. Бай да – қазақ, кедей де – қазақ, би де – қазақ, сорлы да –қазақ. Міне, біздің сорымыз... Қазақ – ұры, қазақ – бұзық, қазақ – мәңгүрт... Әсіресе – мәңгүрт. Қалай ащы жазбайсың?!
  Суға батып бара жатқан адамды шашынан сүйреп шығарады. Басқа жерінен ұстасаң, өзіңді бірге тартып әкетеді. Амал жоқ, оған ұнай ма, ұнамай ма – шашынан ұстауға тиіссің. Құтылушы – бәрібір ұқпайды...
  Жалеладдин Румиде бір мысал бар. Ағаштың көлеңкесінде ұйықтап жатқан адамның аузына жылан кіріп кеткенін байқап қалып, тұсынан өтіп бара жатқан атты жолаушы әлгі кісіні қамшымен тартып жіберіп оятады. Түкке түсінбеген бейшараны сабап жүріп, ағаш маңында шашылып жатқан шірік жемістерді зорлап жегізеді. Қамшыдан қорыққаннан жүрегі айныса да, тоя жеген шірік жеміспен бірге жыланды қайта құсып тастап, әлгінің жаны қалады... Абайдың ащы сыны да қазақтың жон арқасында ойнаған сондай қамшы болатын...
 Бізге де неге ащы жазбасқа?
  Ұзақ уақыт қараңғыда қамалған адам, кенет жарыққа шыққанда, жанары қарығып, соқыр болып қалады... Жарықты аңсадық. Тәңірінің құдіретімен жарық ойламаған жерден лап қойылғанда, жанарымыз күйді. Жаппай соқырлық басты. Соқыр болған, кім көрінгеннің жетегінде кеттік. Қаңғалақтап жүріп бір «қайырымды» жетекке ілінген пысықтау соқыр қалған соқырларға: «Сендер артта қалдыңдар, сендер – соқырсыңдар!» деп күліп барады. Озық соқырлар!.. Жолсызда түртінектеп жол табатын соқыр аталарынан қалған жалғыз таяқ бар еді. Жетекке ерген жетесіз оны да лақтырып тастады. Жетектегі соқыр қалған соқырларды жетелейді... Әлемнің көзі бар. Көзі бар әлем соқырларды жазбай таниды – бізді. Жетекке алып қамқорсып ойнайды... Жақсы ойыншық! Көзі бар әлемнің көз алдында соқырды соқыр жетелеген ұзын-шұбақ соқыр көш кетіп барады – қайда? Бұл көш ата қазақтың сахарада адасып көшкен атам заманғы көшінен аумайды. Бірақ ол бақ іздеп, әлемнен өзін іздеп көшіп еді...
  Ал мына... Соқыр көш не іздейді?..
​Тұрсынжан ШАПАЙ.
​ОЯН.Намыс.kz
17 сәуір 2018 ж. 1 294 0