№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ТҮЙЕ БАЛУАН: ҚАНЖЫҒАМЫЗ ҚАШАН МАЙЛАНАДЫ?

ТҮЙЕ БАЛУАН: ҚАНЖЫҒАМЫЗ ҚАШАН МАЙЛАНАДЫ?


Соңғы жылдары түйе балуаннан қанжығамыз майланып, абыройымыз асқақтаған емес. Тіпті, жалауы алты рет желбіреген Қазақстан барысының іріктеу кезеңінде де төбе көрсетпедік. Сыр апайтөстері арасында да бәсіміз төмен. Сондықтан, «неге бізден түйе балуандар шықпай жүр?» деген сауалға жауап іздеп көрген едік.
Жалпы, біз қазақ күресі жөнінде сөз қозғағанда түйе балуандардың бәсекесі көз алдымызға елестейді. Ықылым заманнан бері қазақ халқымен біте қайнасып, тамыры тереңнен бастау алатын ұлттық спорттың төресі қазақ күресі құлашын кеңге жайды. Мұны «Қазақстан барысы», «Еуразия барысы» сынды аламандардан аңғаруға болады. Аталастың емес ауылдастың аты озғанын қалайтын елдің ұлы емеспіз бе, осындайда біздің де ауданнан бір түйе балуанның шықпағаны қынжылтады.
Кейінгі кездері ауданда қазақ күресінің қанат жайып келе жатқандығы шындық. Республикалық, халықаралық додаларда бәсі биік болып жатқан жерлестер аз емес. Бірақ, түйе балуанға келгенде жұмған аузымызды ашпаймыз.
Кейде Арал, Қармақшы сынды ауданның алыптарының тақымында кететін жүлдені көріп, «қанжығамыз қашан майланады?» деген сұрақ еріксіз ойға оралады? Бабы мен бағы басым болған балуандар тұғырдың биігінен көрінгенде әттең-ай деп қалатынымыз жасырын емес. Тіптен, Машбекте өтетін халықаралық турнирде өзіміздің балуандардың шама-шарқы өзге облыстан келгендерге жетпей жатқанда...
– Жалпы, ауданда түйе балуандар жарысы ұйымдастырыла бермейді. Кезінде соғыс ардагері Әнуар Әбутәліпов атындағы турнирде ептеп төбе көрсетіп қоятын еді. Қазір тек Наурыз мейрамы секілді күндері болмаса, түйе балуандарды бозкілемнен көре бермейміз. Бізде нардай азаматтар қалмады дегенге сену қиын. Сондықтан, жастарды шамамыз келгенше қолпаштауымыз керек, – деді спорт ардагері Маметәлі Жаденов.
Ардагер сөзінің жаны бар. Жас буынға жігер беріп, намысын қайрайтын кез келген секілді. Ауыл-ауылдан іріктеу жарысын өткізіп, дарынды балаларды жинап алсақ қайтеді? Әйтпесе, ауылдағы атанжілік балалардың табиғи күш-қуаты мол болғанымен, түйе балуандарды сынайтын сындарды көбейту қажет пе?
Білекті де нар тұлғалы балуандарды баптайтын білікті бапкерлерге кенде емеспіз. Оның бірі – Әбдісаттар Садықов. Оның шәкірттері бүгінде аудан атын оздырып жүр. Бірақ, түйе балуанға келгенде тауымыз шағылып қалатыны бар. Қазақстан барысында талап та қатал, ереже бойынша түйе балуанның салмағы 90 келіден жоғары болуы шарт. Бұл да біз үшін өзекті.
Асылында, қазақ күресінің ерекшелігі көп, табан тіреп ұстасқан сәтте тобықтан қағуға, шалуға рұқсат етіледі, ал қолмен қарсыластың аяғына жармасуға әсте болмайды. Қазақ күресін жетік меңгерген балуан өзге ұлттардың күресін қиналмай, еркін меңгеріп кетеді. Күрес оңай-оспақ өнер емес, оған көзсіз берілген, жан-тәнімен қалаған, шыдамы мықты талапкер ғана қатыса алады. Енді тау көтерер толағайдай талапты ұлдардан түйе балуандарды шығару үшін не істемек керек?
Бір ғана мысал болсын, Қытай мектептерінде қазақ күресі арнаулы пән ретінде оқытылады. Дене шынықтыру сияқты қазақ күресi де жеке пән ретiнде сабақ кестесiне енгізілген. Осы үрдісті сабақтан тыс уақытта ұйымдастыруға болмас па? Міне, осындай нақты істер ғана бізді айтулы додада нәтижелерге жеткізетін шығар. Демек, спортшыны өсіретін жарыс. Иә, қазір нарық заманы, дейтұрғанмен, талантты жарға жықпау керектігін ұмытпаған жөн болар.
Түйіндей айтқанда, 83 мың тұрғыны бар Жаңақорғаннан жауырыны тоқпақтай, түйе балуандардың неге шықпай жатқанын айттық. Қалғаны уақыт еншісінде. Себебі, бізде иығы жерге тимеген Нұрбек Палымбет, Адырбек Ергешбаев, Әбдіхалық Абдуллаев, Тобжан Иманқұлов, Нұрділда Отарбаев, Мейір Кенжебаев, Қайрат Әбілақов және тағы басқаларды айтуға болады. Осындай балуандардың жолын жалғар апайтөс шықпауы мүмкін емес.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ.
21 наурыз 2018 ж. 1 340 0