№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » МАҒЫНАЛЫ ӨМІРДІҢ МӘНІ

МАҒЫНАЛЫ ӨМІРДІҢ МӘНІ

Шіркін-ай, адамның уақытты уысына ұстап тұруы мүмкін бе? Әрине, жоқ! Сырғып өтіп жатқан уақыт жаны жасаң азамат Фахриддин Тұрғанбаевтың арамыздан мәңгілік мекеніне кеткеніне бір жыл болғанын сездіріп отыр. Иә, елдік жолда еңбек етіп, ағайынның бірлігі мен берекесін бекемдеген ел ағасы жайлы жылы пікір көп. Біз осы жөнінде сөз етсек дейміз.

Аудандық газетке тілшілік қызметке келген кезім. Пақаңнан сұхбат алуға бардым. Бұрын-сонды көрмеген азамат. Өмірден тоқығаны көп ағамат ғой, алғашында тосылып, сөзден іркілгенімді байқады ма, өзімді сұрақтың астына алып, ашық әңгімеге шақырғандай болды. Содан сөзіміз жарасып, сұхбат сәтті өрбіді.
Сол сұхбатты кеше қайта бір оқыдым. Бізге ақыл айтып тұрғандай әсер етті.
Міне, кісінің тереңдігі, көрегендігі деген осы!
– Неден қорқасыз? Неге мән бересіз? Нені жақтырмайсыз? Жеткен жетістігіңіз не? – деген сұраққа: – Біреуді ренжітіп алудан қорқамын. Егер ренжітіп алған болсам, кешірім сұрауға асығамын. Әрбір күнімді мәнді, мазмұнды өткізуге тырысам. Мақтағанды жақтырмаймын. Өмірде еңбек етуге үйрендім, басты жетістігім сол, – деп жауап берді.
Енді қарап көрсеңіз, бүгінгі адамдарға дәл осы қасиеттер жетіспей жатады. Пақаңнның өмір сүру философиясынан тектіліктің тамырын тануға болады.
Сұхбат екі сағатқа ұласып, оның өмірі, өмірден түйегін туралы сұрадық. Өзін бетегеден биік, жусаннан аласа ұстайтын тұлғаның кішіпейілділігі, қарапайымдылығы өзіне тарта түсті. Сұрақтың орайы туып: – Адамдықтың негізгі белгісі не? – дедік.
Ірікілместен, осы сұраққа дайындалып жүрген адамдай: – Адам – өзінің адамгершілігімен, қайырымдылығымен, адалдығымен және әділеттігімен ардақты. Адамгершілік – адамның рухани арқауы. Жалпы, бұл дүниеде адам өзінің пенделік қасиеттерімен күресе жүріп өзінің адамдық қасиеттерін шыңдап, мінезін көркемдей түсуі тиіс. Міне, менің пайымымда адамдықтың негізі осылар, – деді.
Адамдықтың бітім-болмысын ашатын дәл сөздер. Бастапқыда таңғалғаным бар. Кейін рухани сырласып, бір-бірімізбен жақын араласқан кезде дәл осы қасиеттер Пақаңнның бойынан табылатынына сөз жеткізе түстім. Яғни сқхбаттасу барысында өзінің бойындағы жақсы қасиеттерді айтып, бізге ғана емес замандастарына үлгі еткендей.
Өз басым Пақаңның азаматтық қарым-қабілетін, зиялылық болмыс-бітімін, адамдық қасиеттерін жоғары бағалап, үлгі етемін.
Көркем міңезді, халықшыл тұлға болуында әкесінің тәлім-тәрбиесі ерекше орын алады. Оны өзі бірнеше рет айтқаны есімде қалыпты.
– Әкем Тұрғанбай диқан болды. Күріш, бақша дақылдарын егіп, оның өнімін кәдеге жарататын. Менің ащы терімді сыпырып, еңбекке баулып, өмірді танып, өз орнымды табуда әкемнің ықпалы орасан, – деп жылы жымиғаны әлі есімде.
Кейіпкеріміз мектепте үздік оқиды. Арман қуалап Алматы қаласындағы М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша жоғары білім алып, идеология саласында еңбекке араласты. Яғни жастарға тәлімді тәрбие сіңіріп, бағыт-бағдар көрсететін комсомол қатарында жауапты қызметтер атқарды. Аудан жастарын еңбекке жұмылтыруда іскерлік танытып, көзге түседі. Мұны аңғарған аудан басшылары оған партиялық қызметтер ұсынады. Сол кезде ауданға көмірді уақытылы жеткізу өте ауыр-тұғын. Осыны ескерген ол Жаңақорғанды көмірмен қамтамасыз ететін мекеменің тізгінін сұрайды.
«...бетінен қақпа, белін бу» дегенді ескерген басшылық оның ұсынысын қолдайды. Содан бірнеше жылдың ішінде ағамыз іскерлігінің арқасында ауданда көмір тапшылығын жойып, қатты отынды өндіретін өңірлерден вагон-вагон көмір алдырады. Мемлекеттік мекемелер мен мектептерге жеткізіп, жаңақорғандықтар қыс маусымынан қиналмай, қысылмай шығуына жағдай жасайды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан-ақ Пахаң кәсіпкерлік саласына маңыз беріп, Жаңақорғанда шағын және орта бизнес саласының қалыптасып, дамуына еңбек сіңірді. Тұралап қалған кәсіпкерлік субъектілерін қолдап, аяқтан тұруына дем береді. Адал еңбегінің нәтижесінде тұрмыстық әлеуетін арттырып, аудандағы іргелі шаңырақтың біріне айналды.
Ағамыздың жақсы қасиеті астым-тасыдым демей, шүкірін аузынан тастамайтын. Сосын ысырапшылдыққа, жалқаулыққа жаны барынша қас еді.
2018 жылы сол кездегі ауданның бас имамы Сайдулла қажы Омаров жерлестерін бата-астағы ысырапшылдықты тиюға шақырды. Осы бастаманы ең алғашқылардың бірі болып Пақаң қолдап, үндеу айтты. Әрі өз әулетінде ысырапшылдықты болдырмауды қадағалады. Сөйтіп, сөзімен де, ісімен де қоғамға үлгі көрсетті. Жалпы, жаңашыл азамат ретінде жақсы бастамаларды жан-тәнімен қолдап, жүзеге асуына жағдай істейтін.
Ол алдына кім келмесін көмектесіп, мейлінше көңілін жықпайтын. Талай игілікті істерге ұйытқы болды. Бірақ берген садақа-зекетін жаһанға жар салып, жария етпейтін.
Бірде ағамыз ағынан жарылып: «Кешқұрым әйел қызын жетектеп келді. Жағдайының қиын екенін айтып, қаржылай көмек беруін сұрады. Айтқанын бердім. Арада бес-алды күн өткенде әлгі әйел қайта келіп, бала-шағасының аш екенін айтып, тағы көмек беруін өтінді. Сұрағанын қолына ұстаттым.
Сосын: – Кейеуің бар ма? – деп сұрадым. Ол: – Бар, – деді.
– Отбасын асырай алмайтын қандай еркек? Ендігі келгенінде бірге ерте кел. Болмаса көмектеспеймін, – дедім.
Үш күн өткенде әлгі әйел күйеуімен бірге келді. Амандық-саулықтан кейін ерімен жеке сөйлестім. Не керек, жұмыс ұсындым. Ұялды ма, келісті. Содан кейін отбасына тұрақты табыс кіріп, әйел сұраушылықты қойды.
Өз басым «Оң қолың бергенді, сол қолың білмесін» дегенді ұстанамын. Өйткені жақсылық істеріңді жария етіп мақтансаң, сауабы қалмайды. Бұл – шариғаттың үкімі. Осыған байланысты бір оқиға бар. Оның мағынасы мынандай: «Ертеректе бір адам түс көріпті. Түсінде амал дәптеріндегі игі істері мен салиқалы амалдары қанша көп болғанымен таразыны баспапты. Сөйтіп, мәңгі жанатын тозаққа тасталыпты. Жаман түстен шошып оянған жан ғұлама ғалымға жүгініп, болған жайды айтыпты. Сонда ғалым: – Алла разылығы үшін жасаған амалдарымен елге мақтандың ба? – деп сұрайды. Әлгі адам: – Иә, – деп жауап қатады. – Ендеше сенің амалдарыңда еш сауап қалмаған. Сондықтан Алланың разылығын тапқың келсе, істеген істеріңмен мақтанба, – деп қайтарыпты».
Міне, осыны біле тұра өзгелерге қалай мақтанып?», – деп қайырымдылық істерін жария етпеуінің себебін түсіндірді.
Оның мұндай қасиеті тектілігінен. Екінші жағы, рухының байлығынан. Кітапты көп оқиды. Абайдың қара сөздері мен өлеңдерін оқып ғана қоймай, нені айтқысы келгенін өзінше талдап, жыраулар поэзиясындағы адамгершілік, адалдық, парасаттылық, елшілдік отаншылдық мұратын зерделей білетін. Оқыған роман-повестерінің кейіпкерлерін атап, туындының негізгі идеясын әңгімеге арқау етіп, кітапқұмарлығын танытатын. Бәрінен бұрын, күнделікті жергілікті газеттен бастап, республикалық басылымдарға дейін көңіл бөліп, оқып шығатын.
Ара-тұра телефон шалып:
– Нұрлат-ау, мынау мақала дұрыс екен. Бірақ анау жерінде былай жазғанда қалай болар еді?! – деп ақыл-кеңесін айтып, бағыт-бағдар беріп отыратын. Әрі ауданның төл басылымы көтерген мәселелерге үн қосып, газетке пікір-пайымын білдіріп, мақалаларын беретін. Газет ұйытқы болған рухани-мәдени шараларға қаржылай демеушілік көрсетуді де ұмыт қалдырмайтын.
Айта берсе, Фахриддин Тұрғанбаевтың ізгілікті істері өте көп. Міне, мағыналы өмірдің мәні осында.

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ
12 маусым 2021 ж. 972 0