№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » » ТЕРЕҢНЕН ТАРТҚАН ТЕКТІЛІК

ТЕРЕҢНЕН ТАРТҚАН ТЕКТІЛІК


Зинабдин Шермағамбетов жайлы сөз болғанда ақыл-парасаты терең, рухы биік, көзқарасы кемел тұлға ретінде көз алдымызға келеді. Расында, кең мінез келбетіне жарасып тұратын ел ағасының адамгершілігі, кемеңгерлігі, бекзаттығы, кішіпейілдігі үшін ел-жұрты сыйлайды, құрметтейді, Зәкең деп жақын тұтады. Олай болса, «Сыр-сұхбат» алаңына ақылман ақсақалды шақырмауымыз әбестік болар еді.

– Жетпіс бестің биігіне шықтыңыз. Кемелденген шағыңызда адамдықтың биігі не деп түйдіңіз?
– Адами атқа лайық ғұмыр кешу: өзі өмір сүрген ортаға адал қызмет етіп, өнегелі ұрпақ өсіру маңызды.
– Өмірде жеткен биік жетістігіңіңіз...
– Адал қызмет етіп, халқымның құрметіне бөленуім.
– Өмірлік ұстанымыңыз...
– Ой-пікірлеріңді, бастамаларың қоғам игілігіне жарасын десең шынайы болып, өзіңе де, өзгеге де адал болу керек. Өмір өлшемі адамның ісімен бағаланады.
– Неден қорқасыз?
– Біреуді ренжітіп алудан...
– Неге мән бересіз?
– Әрбір күнімді мәнді, мазмұнды өткізуге тырысам.
– Нені жақтырмайсыз?
– Екі жүзділікті. Мақтан сөзді.
– Әркімнің ішкі «мені» болады. Сіз өзіңізді қалай танисыз?
– Оның бағасын халық береді.
– Бір сөзбен автопортретіңіз...
– Саналы ғұмырын ұстаздыққа арнаған азаматпын.
– Ұстаздық демекші, ұстаздық тек қайдан келді?
– Ұстаздық өнер арғы аталарымнан келген қасиет болуы керек. Әкем Шермағамбет ескіше сауатты молда кісі болатын. Хисса-хикметтер мен ауыз әдебиетін хабары мол еді. Бала ұстап, оқытып, өмірді танып, қалыптасуына жағдай жасайтын. Соны көріп өскендіктен, мұғалім болуды жастайымнан мұрат тұттым.
– Алғашқы ұстаздық жолыңыз жайлы айта кетсеңіз...
– 1965 жылы №3 мектеп-интернатта 1-сыныпқа тәрбиешілік пен ән-әуез пәнінен сабақ беруден бастадым. Жұмыс қызық әрі қиын болатын. Отбасынан сыртқа шықпаған малшылардың балалары мені жақын тұтып, бауыр басты. Күні бойы солармен бірге болып, үйге оларды ұйықтатып, түнгі 10-11-де қайтатынмын...
– «Шығыста Шермағамбетовтың мектебі» деген түсінік қалай қалыптасты?
1966-1967 жылы әскери борышымды өтеп келгеннен кейін №54 мектепте бастауыш сынып мұғалімі, сосын қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ бердім. Директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқардым.
1973 жылы №239 Кеңес негізгі мектебінің директоры болдым.
1975 жылы №54 Октябрь мектептің тізгінін ұстадым.
Білім ордасында 600-700-дей оқушы оқитын. Алайда, асар әдісімен салынған мектеп ғимараты ескірген. Білім мазмұнын меңгерудің, білудің, танудың, ұғынудың басты құралы – көрнекілік құрал десек, ондай құрылғылар тапшы-тұғын.
Ұстаздарды ортақ жұмысқа жұмылдырып үш-төрт жылда аудан, облыс көлемінде танымал мектептің қатарына қостық. Содан болса керек-ті, 1978 жылы мұғалімдердің республикалық V съезіне делегат болып қатыстым. «Қазақ ССР және КСРО оқу ісінің үздігі» белгісімен марапатталдым.
1979 жылы 640 орынды жаңа мектептің ғимаратына кірдік. Бұрынғыдай емес, сыныптар көрнекі құралдармен жабдықталды. Кабинеттер мен дәліздерге гүлдер өсіріле бастады. Спорт зал, спорт алаңы жасақталды. Мектеп ауласына ағаш егіліп, жасыл желек оранды. Мұның бәрі оқу, тәрбие процесіне оң ықпалын тигізіп, аудандағы таңдаулы мектептің біріне айналдық. Мектептің озық тәжірибесін насихаттау мақсатында семинарлар өткізіліп, тәжірибе алмасуға мән берілді.
Облыстық халық ағарту бөлімінің бастығы (бүгінгі облыстық білім беру басқармасы) Уәли Төрәлиев: «Облыстың шығысында Зинабдин Шармағамбетов басқаратын бір мектеп пайда болды», деп абыройымызды тасытқан еді...
– Одан кейінгі жылдары мемлекеттік қызметке араластыңыз. Солай ма?
– Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары әкімшілік басқару жүйесі енгізілді. Ауданның тұңғыш әкімі Ибрагим Әбибуллаев болды. Мен идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары, одан кейін бірінші орынбасары қызметін атқардым.
Елдің енді қалыптасып келе жатқан өтпелі кезеңінде қиындықтар аз болмады. Дегенмен, халықшыл бастамаларға ұйытқы болып, халықтың ыстық ықыласына бөлендік.
Сосын білім бөлімін басқарып, мектептердегі оқу үрдісі мен тәрбие процесінің дұрыс жүргізілуіне жауапты болдым.
– №3 мектеп-интернатты қай жылдары басқардыңыз? Интернаттың оқу үрдісіне қандай жаңалықтар енгіздіңіз?
– 2001-2010 жылдары директор болдым. Оқушының шығармашылық қарым-қабілеттерін шыңдау мақсатында спорттық және өнер үйірмелеріне тартуды басшылыққа алдық. Мектепті қайта безендіріп, көрнекі құралдарды жаңартып, жаңғырттық. Мұның бәрі оқушылардың сапалы білім алуына септігін тигізді. Содан болар, облыстық олимпиадаға қатысқан аудан командасының негізгі құрамы мектеп-интернаттың оқушылары болатын...
– Талай жылдар адал қызмет еттіңіз. Марапат-шарапаттарыңыз да көп болар?
– Құдайға шүкір, еңбегім бағаланып Ы.Алтынсарин белгісімен, «Құрмет» орденімен марапатталып, Елбасының Алғысына төрт рет ие болдым.
– Ғұмыр жолыңызға бағдарлап қарасақ, көптің адамы болып қызмет істегенсіз. Кімдермен сыйлас болдыңыз?
– Қамқорлық көрсетіп, бағыт-бағдарын беріп, сыйлас болған азаматтар көп. Соның ішінде, Сейілбек Шаухаманов, Сәмит Далдабаев, Уәли Төрәлиев, Әли Мүслімов, Мақсұт Ибрагимов, Анарбек Асанов және Ибрагим Әбибуллаевты ерекше айтар едім.
Сыйлас, сырлас достар, аға-інілер қатарында Әскербек Рақымбеков, Махмұтбай Әміреев, Дүкенбай Досжан, Бақберген Досманбетов, Адырбек Сопыбеков, Аманкелді Абдуллаев, Есен Оңалбаев, Нұржан Айдосов, Қалила Басқожаев, Көпен Әмірбек, Нұрберген Тастаев, Нұрділла Тәлипов, Зайнедин Әбусейітов, Әлібек Сүгірбаев, Тасболат Төребаев, Файзулла Сахиев, Алшынбай Тұртанов, Мадияр Ахметов, сондай-ақ, Өмірсерік Тақырбасов, Мұзарап Махмутов, Әбутәліп Сүйіндіков, Алмас Бекжігітов, Серқожа Ыдырысов, Алмас Нәлібаев, Ниетәлі Қуатбеков, Исахан Жолтаев, Қуандық Қарақожаев, Ізатулла Нәрзілдаев, Әлібек Нәлібаев, Ерғабит Илиясов, Ғабит Үйсінбаев және т.б. жаныма жақын тұтамын.
– Ұстаздарыңыз ше?
– Сырғаш Нысанбаев сауатымызды ашып, өмірді тануымызда бағдаршам болды. Мектеп директоры Жүндібай Жайпанов пен Жапан Топышев, директордың орынбасыры Әбілазым Абылов, Төлеген Шаметов, Әнуәр Әмірбековтің тәлім-тәрбиесін орындауға ұмтылдық. Ұстаздарым Ұлмахан Асылбеков, Мағжан Махамбетов, Қосыман Жұматаев т.б. сабақ бергені, жүріс-тұрысы, сөйлеу мәнері әлі көз алдымда. Бойымызға Адырбай Өміров, Әбіләсан Әшірбеков, Жүніс Үпенов және Сейітқали Скендиров те ұстаздық тәлімін сіңірді.
– Қандай шәкіртіңізбен мақтанасыз?
– Абдолла Сүлейменов, Тәттігүл Кәрібаева, Әлия Сәдірбаева, Ержан Қылышбаев, Қуаныш Пірмақов, Орынбасар Әбибуллаев, Жалғас Ормаханов, Тұрар Сүлейменов, Аманкелді Саданов, Болат Ибрагимов, Байбота Серікбаев, Ермағамбет Құлымбетов, Ерғали Ильясов, Қайрат Қуатбеков, Құлахмет Нәлтаев, Жандос Есіркепов, Өмірзақ Оспанбеков, Әбіләзиз Исаев және т.б. айтар едім.
– Сіздің бай тәжіриебеңіз қалыптасқан. Жалпы, қызметте табысты болу үшін адамға не керек?
– Жұмысың табысты да нәтижелі болу үшін жоғары шығармашылық әлеует, жұмысқа деген ынта-ықылас керек. Өз жұмысыңнан жаның рақаттанбаса, өз күшіңе өзің сенбесең, онда нәтиже күтудің өзі ақымақтық.
– Ал, мықты ұстаз болу үшін ше?
– Алдымен «Адам тәрбиелеу – ұлы міндет» екенін түсінуі қажет. Яғни, оқушы өміріндегі негізгі мәселені шешудің кілті ұстаз қолында. Олар елдің ертеңгі тізгінін ұстайтын ұрпақ тәрбиесіне жауапты екенін ұмытпау керек.
Бүгінгі жаңалық ертең ескіріп, технология жылдам дамуда. Демек, өмір бойы үздіксіз білім алатын заман туды. Мұғалім сабаққа дайындалу барысында, оқушылар тарапынан қойылуы мүмкін жанама сұрақтардың өзіне дайын болуы шарт. Жақсы ұстаз педагогикадан өзге диалектика, метафизика, философия, психология, социология және т.б. ғылымдарды меңгерген интеллект иесі болуы міндетті. Сонда қоғамда ұстаздың бедел-абыройы жоғары болады.
Бір сөзбен айтқанда, ұстаздың білімі, білігі мен тәжірибесі ғана маңызды емес, оның жан дүниесінің тазалығы мен рухани байлығы маңызды рөл атқарады.
– Мұғалім мен ұстаз сөзінің мән-жайын түсіндіріп берсеңіз...
– Мұғалім сабақ береді. Ұстаз бойындағы білім-білігін оқушыға сіңіріп, болмыс-бітімі, жүріс-тұрысымен оның санасына әсер етеді. Өмірді танып, тұлға болып қалыптасуына ықпал етеді.
– Бүгінде «мұғалімдік мазмұнсыз мамандық» деп қарайтындар көбейді. Оған себеп не?
– Алдымен ата-ананың көзқарасын дұрыстауымыз тиіс. Кемшілікті баладан емес, ұстаздан көретін ата-аналар қатары көбейді. Мұны мойындауымыз керек.
Екіншіден, мектептерде ер мұғалімдер жоқтың қасы.
Үшіншіден, отбасында тәрбие құндылығы төмендеді. Ондай отбасының баласы мұғалімнің тәрбиесіне көне қоя ма?!
Жалпы, мектеп төңірегінде мәселе аз емес. Оны қазір шешпесек, «Мәңгілік Елдің» баянды болуы қиын-ау. Сондықтан, «Ұстаз мәртебесі туралы» заңында мәселенің бәрі қарастырылуы тиіс.
– Қоғам белсендісі ретінде аудандағы бастамалардың бағдары, бағыты жайлы біліп, естіп жүресіз. Берер бағаңыз қандай?
– Кез-келген басшының халықшыл бастамаларына, әлеуметтік-экономикалық және рухани-мәдени бағыттағы жұмыстарына халық баға береді. «Хан халықтан үлкен емес» деген сөз осындайда айтылса керек-ті.
... Дегенмен, Жаңақорған ауданы кәсіпкерлік дамыту жөнінде республика бойынша екінші орында тұр екен. Ауылшаруашылығы саласындағы бастамалары жайында білеміз. Инвестиция тартудағы іскерлігін көрдік. Әлеуметтік нысандар – мектеп, спорт кешені т.б құрылысы қарқын алды. Демек, көрсеткіштерге қарап Махмұтбай досымның ұлы Ғалымның жұмысында ілгерушілік бар.
Ал, нақты бағасын халық таразылап, бағасын береді...
– Сұхбатыңызға рақмет!

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ.



26 қаңтар 2019 ж. 3 190 0