№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Өзімнің көргендерім немесе әкемнің әңгімесі

Өзімнің көргендерім немесе әкемнің әңгімесі


Әкем Бибасар «Бидің баласы» болғандықтан белсенділерден қашып, 1928 жылы көрші Түркістан ауданының «Құшшы», «Қаражан» деген елді мекендеріндегі құда – жекжаттарын паналаған. 1933 жылы әкесі Байысбай қайтыс болған соң туған жері Көккесене аймағына қайта оралып, жаңадан ұйымдастырылған «Қандарал» колхозында ғұмыр бойы колхозшы болып еңбек етті. Ескіше сауаттылығын – ұстап әкетеді, – деп белсенділерден жасырып келген.
1954 жылдың жазы болатын. Соғыстан соң мұртты көсем Сталин көз жұмып, «халық жауы» деген атаудың саябырсыған шағы еді. Ел есін жиып, мал баққан шаруалар мен колхозшылар жер кепеден там үйге шыға бастаған. Өткен жылы көршіміз Құланбек Бөлекбай баласы кесек құйып,үш бөлмелі үй салып алған. Соны көрген әкем: - Балам, кесек құй, біз де жер бетіне шығайық, - деді. Кең де жарық үйде тұрғанға не жетсін. Жазғы демалысымда кесек құюға құлшына кірістім.
Әдеттегідей әкелі – балалы екеуміз түскі шайда дастархан үстінде отырғанбыз. Кенет: – Құланбек, уа Құланбек, – деген қомақты үн естілді. Жеделдете сыртқа шықсам, бір жағы Қаратауға, екінші жағы Төменарыққа баратын үлкен жолдың үстінде нән қара айғырға мінген ақ қалпақты, ақ сақалды енгезердей кісі тұр екен. Көргенімді әкеме жеткізіп едім, қомақты үнінен ақ аңғарды – ау деймін, - Е...е ірі кісі болса Үсейін Мағзым болды ғой ол, - деді. Артынша, шырылдай сөйлеген Құланбектің дауысы шықты.
– Қожеке, аттан түсіңіз, - дейді жік-жапар болып, қолын алып жатып.
– Өткенде бір аманат тапсырып едім, соның жайын білгелі келдім, асығыспын, - деді әлгі кісі.
– Аманатыңыз, дайын! – деген Құланбек есігінің алдындағы көлеңкеде тұрған киіз үйдің шаңырағын әкеліп берді. Үлкен кісі шаңырақты иығына асынды да: - Мұның ақысы қанша? – деп қалтасына қол салды.
– Тақсыр, - деді Құланбек дауысы бұзыла, кекештене тіл қатып; - Жалғыз қызым бар, Ұл балаға зар болып жүрмін ғой батаңызды берсеңіз болды.
– Ә, солай ма? – деген ақсақал көзін жұмып біраз тұрды. Содан кейін өзгеше бір мұңды дауыспен – Уа, Жаратушы ием, мына мүсәпір міскіннің тілегін қабыл ет, – деп күбірлей сөйлеп жүріп кетті. – Байғұс, бір күлшашарға зар болып жүр еді, жарықтық батасын шын бейілімен берді ғой, Алла қабыл көрер, - деді әкем де риза болып.
– Бұл кісі кім? – дедім дастарханға қайта жайғасқан соң. Әкем шәйін ішіп, тіл қатпай біраз отырды. Сауалымды қайта қойып едім, ұнатпады – ау, – деймін: - Сенің үкіметіңнің жақтырмайтын адамдарының ұрпағы, - деді қатқыл сөйлеп. Кесек құйып, айтқанын екі етпей орындап жүргенімді міндет еткендей: - Үнемі жұмбақтап сөйлейсіз, түсінетінім, түсінбейтінім бар, ашығын айтыңызшы, - дедім батылдана, -Бұл араға үкіметтің қатысы қанша?Әлде байдың баласы ма? Әкем сыпайы күлді де басын шайқады. – Үкіметке қарсы шыққан ба?
– Әй, балам – ай, қайта-қайта қоймадың ғой. Әкем әңгімесін Пайғамбарымыз Мұхаммед саллолаһи уассаламның өмірі жайлы бастады да, Хазірет Ғалидың ұрпағы Ысқақ баб пен Әбдіжалил бабтың жүз қырық мың әскерімен Ғажам өлкесіне келіп, жергілікті халықтың жүрегін имандылықтың нұрлы сәулесімен шомылдырғанын баяндады.
– Бізге келген деректер бойынша Әбдіжалил бабтың Хүсейін және Ибраһим есімді ұлдары болыпты, – деді әкем аз ойланып. – Хүсейіннен Абыла, Абыт, Ұлық, Жүсіп, Құрбан, Қожахан ұрпақтары тараса, Ибраһимнің бір бұтағы дуана атанып кеткен – Мәдіден Қожжан, Қылыш, Пірзада, Бақмұхаммед ұрпақтары тарайды. Хүсейіннен өсіп-өнгендер бүгінге дейін Хорасан қожа, Мәдіден тарағандар Дуана қожа атанып келеді. Осы қасиетті тұлғалардың ішінен айтқаны келе беретін, үшкіргені ем болатын небір көріпкел, ғұламалар шыққан.
Шәй ішіп , денесі бусанып, маңдайы тершігендіктен болар әкемнің әңгімесі таусылар емес. Енді ол Мәді қожаның Бақмұхаммедінің бесінші ұрпағы Темірұлы Айқожа ишан жөнінде сыр шертіп кетті.
– Ишан төрт некелі болыпты. Олардан он бірі бала өсіп өнген, – деді саусағын бүгіп, іштей санап, - бәрі қасиетті ислам дінін ту етіп ұстап, адамдардың жүрегіне имандылық нұрын ұялатқан. Бұл өңірдегі мұсылмандар қауымы Алланың бірлігіне, Пайғамбарымыздың ақты-ғына, Құран – Кәрімнің шындығына осы қасиетті тұлғалардың арқасында көз жеткізген. Бұл ретте Айқожаның еңбегі өлшеусіз екені даусыз. Әсіресе Ишанның! – Алланың нұрлы жолымен тұрғындарды игілікке бастаңдар, - деп он бір баласын әр ауылға бөліп белгілеп бергені ұлағатты да, тәрбиелі іс емес пе?! Олар барған жерінде мектеп – медресе ашып, мешіт салып, қараңғы халықты білім шапағатымен сусындатты. Әлгіндегі өзің көрген үлкен кісі Жаңақорғандағы бір тайпа елге жіберген Айқожа Ишанның Реметулла есімді баласының ұлы Үсейін Мағзым. Ол да көп оқыған, білімі мол ғұлама! Құланбекке шын ниетімен тілек тілеп, батасын берді ғой!
Осы сәтте: - Біздің ауылға қай бласын бөлген, - дедім асығыстау сөйлеп. Әкем үндемеді. Бір мезетте бетін сипады да: - Балам, Дұға Алланың сөзі ғой, бөлуге болмайды, - деді баяу сөйлеп. Бұл менің бүкіл өміріме сабақ болғанын несіне жасырамын.
Әкем бұрынғы өткен ғұламалар жайлы көп біледі екен. Бұл жолғы әңгімесін де солар жайлы бастады да, сауалыма содан кейін ойысты. Ишан Қожамберді ұрпақтарына баласы Пірше Мағзымды бөліпті. – Бала кезімде ол кісіні өзім де көрдім, - деді әкем - сөйлемейтін, сұрағыңа ғана жауап беретін келбетті кісі еді. Ақсақалдар ол жөнінде аңызға бергісіз әңгімелерді көп айтатын. Солардың бірі XIX ғасырдың жетпісінші жылдарында Мағзым Ақпатшадан жандарал шенін алып дүрілдеп тұрған Мұса мырза Шормановтың үйінде болған, - дейді. Төре іспетті мырза келген қонақтарды уықтары мен басқұр – дөдегелеріне алтын, күміс жалатқан он екі қанат ақ ордасының төріне шығарып сыйлап, сұрақ қоятын көрінеді. Сол сыннан сүрінбей өткен кісіні ғана құрметтейді екен. Піршені де жақсылап күтіпті. Бірақ Мағзым өзгелердей ақ орданың сән салтанатына назар аударып, көзін де салмапты. Ақ дастарханға әдеттегідей сусынның түр – түрі, нан-тоқаш, бауырсақ, басқа да тағамдар рет-ретімен қойылыпты. Мағзұмның кісілік келбетіне көңілі толып, риза болған Мұса: - Уа, Тақсыр дәм алыңыз, - дейді кішіпейілдік танытып. Үй иесінің ықыласына орай Пірше де ілтипат танытады. Мағзымнан көз алмай бақылап, кемшілік таппай отырған Мұса осы сәтте: - Уа, Тақсыр оң қолыңызбен суды, сол қолыңызбен нанды ұстадыңыз. Мұныңыздың мәнісі қалай? Нан ұлық емес пе еді? – дейді.
Пірше қолындағы кесе мен нанды қайта дастарханға қойып: - Мұсажан, - депті барынша сыпайы тіл қатып, - Жер анасы, бидай баласы, су атасы ғой, сонда қайсысының жолы үлкен? – деп Мұсаға сұраулы жүзбен назар салыпты. Ол да текті адам ғой, артық кеткенін мойындап Мағзұмның аяғына жығылыпты.
Қаншама ескілікті кітаптарды оқыдым. Олардың бірде-бірінде судың, нанның алатын орны жайлы айтылмайды. Мұны Мағзұмның өзі парасат – білгірлігімен, не кереметімен тапты-ау, деген әкем өз басынан өткен тағы бір хикаяны бастады.
Ұлы Отан соғысы жылдарында ер азаматтардың тегіс Отан қорғауға аттанғаны белгілі. Елуден асқан әкем де Арал өңіріне еңбек майданына алыныпты. Алапат соғыстан көптің көңілі күпті, ел жүдеу, жұмыс та ауыр, оның үстіне қарттығы бар екі жылдан кейін әкем кеселді болыпты.
– Сүйегім жат жерде қалмасын, - деп күні-түні Аллаға жалбарынам, әулие-пірлерімді жағалаймын, әйтеуір аузыма да, көзіме де тыным жоқ. Мінәжат етемін де жүремін. Ауруым жаныма батып қиналып жүрген күндерде : - Әй, Бибасар, бәріміздің мазамызды ала бергенше өзіңнің бәсіре қожаң еді ғой Мәдиярмен болсаңшы – деді. Бұл кім деп қарасам Баһрам екен, қасында Мәдияр отыр. Ол орнынан шапшаң көтеріліп : - Ә, солай ма – деп қолымнан ұстап дөңге шығарып кетті. Оянсам түсім екен, таң атып қалыпты. Білген дұғамды оқыдым, Аллаға тағы жалбарындым. Мәдияр содан кейін де үш рет кілең ойда отырған мені дөңге шығарып кетіп жүрді. Балам, Баһрам да, Мәдияр да Пірше Мағзұмның Шерімбет есімді баласының ұлдары. Қожамберді ұрпақтарының ішінде бізді Алдияр атасы дейді. Мағзұм бізге Мәдиярды бөліп беріп тұрып: - «Пірі Мәдияр болсын, Мұриты Алдияр болсын» деген екен. Түсімде Баһрамның «Бәсіре қожаң еді ғой, сонымен болсаңшы» дегені осы болса керек.
Көрген түсімнен екі жұма өтпей-ақ дәрігерлер жіті тексеріп мені «жұмысқа жарамсыз» деп тапты. Мен жүк пойызына мініп елге тарттым. Бірақ кез-келген станцияда тоқтап, үш күн жүрген пойыз Төменарыққа тоқтамай күн бата Тілеулі атаға келіп аялдады. Қызыл вагоннан түстім де темір жол кезекшілерінің кеңсесіне кірдім. Төргі орындықта жылы жүзді жігіт ағасы отыр екен, жағдайымды түсіндіріп Төменарыққы қарай жүретін поезды сұрап, билет беруін өтіндім. Кезекші жігіттің – «Төрт сағаттай уақыт бар» дегенін ғана білемін. Одан әрі кеселім ұстап құлап түсіппін. Есімді жисам көрпе төселген сәкінің үстінде жатыр екенмін. Күтіп отырған кезекші «Есімім Зейнулла, Мұстафаның баласымын», - деп өзін таныстырды да: – Пойыздың келуіне бір сағаттай уақыт бар, оған дейін өзіңізге өзіңіз келіп алыңыз, - деп ыстық шай ұсынды. Денем жіпсіп, жағдайым оңала бастаған сияқты. Орнымнан көтеріліп, билеттің құнын ұсынып едім ақшаны алмады да: - Мұныңыз болмайды, ақсақал. Біз әулетпіз. Арып-ашып, қиналып келген мүриттерімізге көмектесу бабаларымыздан қалған жол, - деп пойызға өзі мінгізіп салды. Кейін білсем, Зейнулланың әкесі Мұстафа Үсейін Мағзұмның туған бауыры екен.
Ақыл, парасат, білім – имандылықтың ұясы. Ал иманды адам жаманшылыққа бармайды. Ойын осылай түйіндеген әкем: – «Өз дәуіріндегі бүкіл қоңыраттан тараған ұрпақттарды әулеттері арқылы мұсылмандықтың шамын жағып шапағат жолына бастай білген қасиетті тұлғалардың бірі Айқожа Ишан, – деді. Ол Мүриттеріне: - Менің ұрпақтарымның жақсысын өзің үшін, жаманын мен үшін силап құрметте» деген өсиет қалдырыпты. Сондықтан болса керек, әкем тұрмысының жүдеулігіне қарамай соғыстан кейін күнкөріс қамымен шетте жүрген Пірше Мағзұмның немересі Әшімхан қожаны көшіріп әкеліп қамқорлық жасапты. Ол-ол ма, отызыншы жылдары белсенділердің қудалауымен Өзбек пен Тәжік жеріне кетіп, алпысыншы жылдары туған топырағына қайта оралған Піршенің ұлдары Шерімбет пен Мәдәлінің ұрпақтарын қуана қарсы алып: - Өзіміздің бәсіре қожамыз ғой, - деп құрметтеп өткенін көзіммен көрдім.
Қазақтың «Баталы ер арымас» деген сөзінің өмірден алынғандығының да куәсі болдым. Олай дейтінім, 1954 жылғы Үсейіннің батасының шарапаты демей не дейсің, Құланбектің әйелі Гүлзада 1956 жылы қошқардай ұл тапты. Соңы тағы да жалғассын деп қариялар сәбидің есімін Жалғас қойды. Екі жылдан соң Гүлзада тағы да қызды болды. Екеуі де үйлі-жайлы, балалы-шағалы болып өсіп-өніп отыр. Осы жайлардың бәрінің куәсі болған әкемнің: - Қожалар мұсылман дінінің негізін қалаған ұлы тұлғалардың ұрпағы, оларды құрметтей біл, - деген сөзін ешуақытта есімнен шығарған емеспін.

Айдархан Бибасарұлы,
Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі, ауданның Құрметті азаматы.

17 қаңтар 2018 ж. 1 721 0