№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Ашықтық – қоғамды ілгері бастырады

Ашықтық – қоғамды ілгері бастырады

Кез-келген мемлекет тұғырының берік болып, өркениетке қол жеткізуін қоғам мүшелерінің парасатты болмысы бекемдейтініне тарих куә. Әлем елдерінде азаматтық қоғамның деңгейі әрқилы. Тәуелсіз елімізде оның көрінісі айқындалып келеді. Азат күннің алтын қазығы аста-төк қазба байлығы емес, азаматтық қоғам қалыптастыру екенін түйсінер кез келді. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та өз Жолдауында «Азаматтық қоғамға қолдау көрсетіп, оның әлеуетін нығайта түсу керек. Сондай-ақ аса маңызды жалпымемлекеттік міндеттерді шешу үшін талқылау жұмыстарына азаматтық қоғамның мүмкіндіктерін кеңінен қолдану қажет», деген болатын. Осыдан-ақ, халық пен атқарушы биліктің ортақ мүдде орайында ықпалдасуының, қоғамдағы белсенділігі жоғары адамдардың заң шеңберінде бірлескен іс-қимылының маңыздылығын ұғамыз.
Осы тұста, Ұлттық кеңестің жұмысына тоқталайықшы. Халық пен биліктің ортасында алтын көпір ретінде осы ұлттық кеңестің арқалайтын жүгі ауыр. Президенттің өзі төрағалық етеді. Құрылымның негізгі міндеті қоғамдық сараптама жүргізе отырып, жұртшылықтың және азаматтық қоғамның пікірін ескеріп, маңызды мәселелерді талқылауға негізделген. Сондай-ақ жұртшылықтың, саяси партиялардың, үкіметтік емес сектордың және мемлекеттік органдардың өкілдері арасында сындарлы диалогты қамтамасыз ету және өзінің құзыреті шегінде заңнамаға қайшы келмейтін өзге де қызметтерді жүзеге асыру болып табылады.
Қазақстанның барлық өңірін қамтыған қоғамдық кеңестер 2016 жылдың қаңтарынан бастап жұмыс істей бастауы бюджет қаражатын тиімді пайдалануға, мемлекеттік қызметтің сапасына, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске оң ықпалын тигізуде. Яғни, атқарушы органдар қоғамдық кеңестер арқылы шешім қабылдарда қоғамдағы маңызды мәселелерге мән беріп, көпшіліктің пікіріне жүгінеді. Бұл әрі мемлекеттік қызметтің ашықтығын қамтамасыз етеді.
Осы ретте ауданымыздағы қоғамдастық кеңестің жайы қалай? Бұл жайында аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Ақылбек Жәнібековті сөзге тартқан едік.
– Аудандық қоғамдық кеңес мүшелері әркез толғағы жеткен мәселелердің түйінін тарқатып, өзекті мәселелерді дер кезінде шешуге ықпал етіп келеді. Әсіресе, жол, су, газ мәселелерінің оңтайлы шешілуіне маңыз беріп келеді. Кеңестің он екі мүшесі бар, олар қарапайым халықтың, елдің, қоғамның ойын, пікірін, билікке жеткізіп отыруға мүдделі. Президент өз Жолдауында мүмкіндігі шектеулі азаматтардың ой-пікірін қамтуды да баса ескертті. Біз осы тұрғыда әртүрлі маман өкілдерін, сан түрлі ұлт өкілдерін де осы қоғамдық кеңесте пікірін айтуға жағдай жасаудамыз. Бұл зайырлы мемлекеттің қағидасына, азаматтардың құқығына, әлеуметтік әділдіктің орын алуына ықпал жасайды. Қоғамдық кеңестің мүшелері үш жылға сайланады. Бізде 2019 жылы жаңа құрам сайланды. Осы жолғы сайланған мүшелері өте белсенді. Атап айтсам, Өмірсерік Тақырбасов, Баян Үсейінова, Ерғали Оразбеков, Ахметов Мадияр, Дина Ахметова, Зәуреш Әметова, Төребай Ысқақов, Ерғали Ілиясов сынды белсенді азаматтар бар, – дейді ол.
Елді мекендерде туындаған мәселелерді билікке жеткізбей-ақ қоғамдастық мүшелері ортаға салып, өздері шешіп отырады екен. Ауылдықтар үшін қоғамдық келісім кеңесінде тәртібі қаралудан асқан жаза жоқ. Осыдан-ақ кеңес рөлінің қандай екенін біле беріңіз. Құрамында ауыл әкімінен бастап қадірлі қарттар,
жалынды жастар мен кәсіпкерлер қамтылған топ тоқсан сайын бас қосып отырады. Түйткілді мәселелер туындағанда тоқсанды күтпей, кезектен тыс жиын өткізіп тұрғындардың талап-тілегіне құлақ түреді. Осы орайда, зиялы қауым өкілі, Келінтөбе ауылдық округінің қоғамдастық мүшесі Тұрдалы Қалдыбаевтың пікірін білген едік.
– Келінтөбе ауылында қоғамдастықты құрған кезде, білімді, ел арасында беделі бар, айтар ойы бар азаматтарды алдыға қойып отырмыз. Қандайда бір мәселені шешуге біздің шамамыз жетеді. Бірақ, ондай мүмкіндікке түпкілікті қол жетті дей алмаймын – дейді ел ағасы.
Расында, кейбір ауылдық округтерде қоғамдастық мүшелері өзіндік ойы жоқ, жәй ғана әкімнің айтқанын орындайтын қолшоқпардың міндетін ғана орындап отырғаны қылжылтады. Бұл жайында өте көп пікірлер айтылып, ғаламтор беттеріне жарияланып та келеді. Ауыл тұрғыны Әзім Нарынбайұлының пікірі де осы сарындас.
– Біздің ауылда да қоғамдастық кеңес бар, құрамында жеті адам мүшелік етеді. Бірақ, солардың бір мәселе көтеріп немесе туындаған жағдай бойынша шешу жолдарын қарастырғанын, ауыл адамдарын жинап жиын өткізгендерін көрген емеспін. Тіпті, ауыл адамдары қоғамдастықтың не екенін, оның құрамында кімдер бар екенін білмейді, оның қызметінен бейқабар десем артық емес. Әшейін дайын қағазға қол қоюмен шектелетін бұл ұйымға көше-көшеде пәтуасыз әңгіме айтып жүретін кейбір азаматтардың мүше екеніне жаның ауырады, – дейді ол.
Қоғамдық кеңестің маңызын арттырып, тегеурінді ықпалға ие ету үшін талқыланған мәселе орта жолда тоқтап қалмаса, қарапайым жұртшылықтың жанайқайын тыңдап, аудандық әкімдіктердің қызметін қадағалап, ірі ауыл-аймақтардың өсіп-өркендеуіне серпін беретін мәселелерді көтерсе деген тілек біздікі.
Әсел РЗАЕВА
29 мамыр 2021 ж. 524 0