№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС: ҰЛТТЫҚ БІРЛІКТІҢ ТІРЕГІ

ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС: ҰЛТТЫҚ БІРЛІКТІҢ ТІРЕГІ

  Қоғамды демократияландыру және саяси жаңаруды сәтті үйлестіру үшін Қазақстан Республикасының Президенті жанынан Ұлттық кеңес құрылды. Мемлекеттік саясаттың өзекті мәселелері бойынша ұсыныстар мен ұсынымдарды тұжырымдап, елдің дамуына үлес қосатын институттың алғашқы отырыс өтті. Оған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, елді дамытуға және жаңғыртуға бағытталған бастамалар мен ұсыныстарды пысықтау ісінде Ұлттық кеңестің рөліне тоқталды.

  – Ұлттық кеңестің әрбір мүшесінің өзіндік пікірі мен ұстанымы бар. Бұл дамыған азаматтық қоғам үшін қалыпты жағдай. Ұлықтау рәсімінде «Әралуан пікір – біртұтас ұлт. Шын мәнінде, баламасыз, бастамасыз және белсенділіксіз даму болмайды. Осы үш кит ілгерілеуді қамтамасыз етеді» деген сөзімді негізге алуымыз қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның саяси реформаларының бірден қарыштап алға кетпейтінін, ақылға салып, біртіндеп жүзеге асырылатынын, дамуға және жемісті жұмысқа бағытталатынын айтты.
 – Кейде кейбір ұрандар мен үндеулер өте тартымды көрінеді, бірақ олардың авторларының ел алдында ешқандай жауапкершілігі жоқ. Реформа үшін реформа – бұл дағдарысқа бастайтын жол әрі мемлекетті басқарудан ауырылуға әкеліп соғады. Ешқайсымыздың мұны қаламайтындығымызға сенімдімін. Даму дәйекті әрі үдемелі болуы тиіс. Сонда ғана біз өзіміздің мемлекеттілікті сақтауға және нығайтуға бағытталған азаматтық әрі саяси борышымызды орындаймыз, – деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекетіміз үшін маңызды әрі көкейтесті мәселелер жөнінде бірыңғай түсініктің маңызды екенін айтты, сондай-ақ өндірістерді көшіруге қатысты қауесеттерге түсініктеме бере отырып, жердің шетелдік азаматтарға сатылмайтынын тағы да атап өтті.
– Соңғы уақытта жер шетелдіктерге сатылады екен немесе көрші елдің 55 ескі зауыты көшіріледі, мыңдаған шетелдік жұмыскерлер тартылады екен деген сияқты түрлі қауесет әңгімелер тарап жүр. Халқымыз мұндай даңғаза әңгімелерге ермеуі қажет. Өздерінің көздеген мақсаттарына жету үшін жұрттың патриоттық сезімдерін өз мүдделері үшін пайдалана білетін адамдар осындай алып-қашпа әңгімелерді шығарып жүр. Биліктің міндеті – қоғаммен диалог жүргізу арқылы мемлекеттік саясаттың мақсатын түсіндіру. Мен жерді ешкімге бермейтінімізді тағы да айтқым келеді, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Президент Қазақстанның халықаралық ынтымақтастық, үздік стандарттар мен озық технология үшін ашық екенін атап өтіп, барлық даулы мәселелер консенсус арқылы шешілетінін сөз етті.
– Қазақстанның қазіргі сыртқы идеологиясында «халық жауы», «бесінші колонна», «ықпал ету агенттері» сияқты түсінік жоқ. Бұл біз үшін жат нәрсе. Біз өз азаматтарымыздың адалдығы мен патриоттығына нық сенеміз. Ұлттық тұтастықтың тағы бір негізі – дамудың демократиялық үлгісіне бейілділік. Біз, ең алдымен, мемлекеттілігімізді нығайту миссиясын басшылыққа алып, өзімізге ұтымды ұстанымда қалуға тиіспіз, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекетті өркендету үшін барлық саланы жаңғырту ісі дамудың стратегиялық мақсаттарының және азаматтық қоғамның пікіріне талдау жасау негізінде жүзеге асырылатынын айтты.
– Азаматтық қоғам өкілдерін ұлттық компания­лардың, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың, орталық мемлекеттік органдардың бақылау кеңестеріне енгізу жөніндегі ұсынысты қолдаймын. Бұл ашық болуға, соның ішінде, қоғамдық назардан тыс қалған квазимемлекеттік сектордың ашық болуына мүмкіндік береді. Ұлттық кеңестің мүшелері «Ашық әкімдік» тәжірибесін жаппай таратуды ұсынып отыр. Шын мәнінде, бізге басқару мәдениетінің жаңа стандартына көшу керек. «Ашық әкімдік» жергілікті биліктің қоғам үшін қолжетімді болуына мүмкіндік береді, халық пен мемлекеттік қызметшілер арасындағы кедергіні жояды, – деді Мемлекет басшысы.
Президент саяси жүйені жаңғыртуды және кірістердің әділ бөлінуін қамтамасыз етуі тиіс әлеуметтік саясатты қайта қарау ісін жалғастыру қажеттігін айтты. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық кеңестің жұмыс тобының аясында Қазақстан халқына арналған Жолдауда айтылған бастамаларды егжей-тегжейлі пысықтауды ұсынды.
Жиында Ұлттық кеңестің мүшелері – Рахым Ошақбаев, Мұхтар Тайжан, Айдос Сарым, Асылбек Қожахметов, Қазыбек Иса, Саясат Нұрбек, Айман Омарова, Ермек Тұрсынов, Сейдахмет Құттықадам, Ораз Жандосов сөз сөйледі.
Қоғам белсенділері түрлі саладағы кемшіліктерді айтып, олардың шешілу жолдарын ортаға салды.

                                                                                                                             Дайындаған Нұрлат БАЙГЕНЖЕ
10 қыркүйек 2019 ж. 670 0