№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Қайыр-қош, қарабауыр қасқалдағым!

Қайыр-қош, қарабауыр қасқалдағым!


«Қара бауыр қасқалдақ, қайда ұштың пыр-пырлап,
Сазың қалды сәбидің еңбегіндей былқылдап.
Қара бауыр қасқалдақ, кері қайт,
Сиреп қалған тоғайға қамықпа деп көңіл айт.
Өз босағаң бұл жердің тауы, қыры, белесі,
Босағасын басқаға тастай ма екен, о несі.
Қара бауыр қасқалдақ, кері қайт,
Сиреп қалған тоғайға қамықпа деп көңіл айт.
Ұя қалса иесіз айдын үшін сол қайғы,
Қаңғып келген шүрегей көлге пана болмайды». (Е.Раушанов)
Қасқалдақ деген бір құс бар. Өзі томашадай ғана шағын, тағы сол тұрымтайдай тұрқымен туған жеріне тылсым күшпен телінгені соншалық, біз сүйсіне қарайтын сұлу аққу, кербез құтан, ләйлек-тырна суық түсе жылы жаққа бағыт түзегенде қара бауыр қасқалдақ қараорнынан қадым
ұзамай қаһарлы қысыңды қасқайып қарсы алуға бар. Туған айдынына тастай қатып, табан аудармайтын табиғаттың осы бір жаратылысын аяулы мекенінен ажыратқан, жаралы жүрек ақынды қасқалдағын жоқтатып аңыратқан қай дүлей күш?

«Ау, қызғыш құс, қызғыш құс. Сені көлден айырған лашын құстың тепкіні, мені елден айырған хан Жәңгірдің екпіні» деп зарланған Махамбеттің сарыны құлаққа келгендей төбе-құйқамызды шымырлатқан өлең жолдарындағы қасқалдағымыз кешегі желтоқсанда қайғы жұтқан қазақтың қаракөздері екенін көкірегінде саңылауы бар әркім-ақ сезді. Сезгені сол, титтей нәрседен тіміскілеп сыр іздейтін үш әріп өлеңнің авторын қойып оның әуенін жазған сазгерді де сан мәрте жауапқа алып, біраз әуре-сарсаңға салғаны туралы естеліктерден талай оқыдық.
Жүйені адамдар жасайды, саясат соның құралы. Ал тағдырды жазатын ұлы Құдырет. Оның шешіміне қарсы келер әддіміз жоқ.Жер бетіндегі әр пенденің ғұмыры оның құзырында. Өзі ерекше сүйген құлын қасқалдақпен егіз жаратып, құйтақандай жүрегіне қайтпас рухты орналастырып, туған халқына ессіз ғашық еткен де, ұшқан ұя ұлтанына жыр моншағын армансыз тізбелетіп, алпыс төрт жасқа келгенінде көкке алып кеткен де бір Құдайдың ісі. Ал біздікі тек бітпейтін өкініш. Қатар жүргенде барымызды бағалай алмай бақ-шақ деп жүріп көзі кеткен соң тұлыпқа мөңіреген ботадай боздап қалатынымыз-ай.
Қазақтың Есенині сынды ет жүректі елжіретер есті сөзімен ерек, өлеңді туған анасындай төбесіне көтеріп өткен тұма талант, тұлғалы ұл Есенғали Раушановтан қапыда көз жазып қалған туған елі төбесінен жай түскендей аңтарылып, айбарлы ақынның әлі өздері танып бітпеген беймәлім жан әлемі жарқырап жатқан жазбаларына жапырыла бас қойғанда жанартау үміттің жалынына шарпылып, осы кезге дейін оның жұмбағына үңілуді міндет санамаған шала есті қаперсіздігіне шын бармақ тістеп бас шайқары хақ. Шахановты жатқа соғатын екінің бірі Есенғалиды неге біле бермейді? Тілге жеңіл болғанмен түйсікке ауыр түйдек-түйдек тіркестеріне тісіміз батпай, құнарына қануға құлқымыз құрып, жанымызды қинамай жылы жауып қоя салатынымыздан шығар құлагер ақынның құлыптаулы құпиясынан құр қалып келіппіз. Ол қандай құпия?
«Күндердің күні күмбез боп,
Күмбірлеп сөйлеп тұратын,
Бір өлең жазу мұратым» депті ол.
Өткен дәуірдің жоқшысы, бабалар аманатына адал ақсұңқардың жырларын жаттап, жүрек сөзіне зер салғанда замана желі баяғыда жермен-жексен еткен мұнаралар сән-салтанат құрғандай, аламан айқаста жастығын ала өлген ақкөз батырлар қайта сапқа тұрғандай, бағзы мен бүгіннің арасы бір бүтін жымдасып, рухыңды сілкілеп, бойдағы қан тасып, өшкенің жанып, өлгенің тіріліп келгендей тербеліп-тебіреніп кетесің. Қара сөздің құдіреті ғана жасай алады мұны.
Ұлы Жаратушы ұлт етіп жаратып, қасиетті тіл бергенде соның асыл ақық жауҺарын ұлықтап ұрпаққа мұра ететін арда ақындар болмаса болмыс бояуымыз оңып, райхан жүзіміз солып, барынан айрылған, қанаты қайрылған бір бишара халге түсеріміз анық, Санасы саяз , сақау тілділер соған әкеп тіремесі үшін мінімізді бетке басып ірейтін, мағынасын ұғып, маңдайымызды тірейтін бағзы жыраулар тілінің мектебі керек қой. Ес білгеннен ертегі тыңдап, ел аузындағы жыр-дастанды құлағына құйып өскен есті ұлдың көкірегінде жатталған әже өнегесі жыр болып жаңғырып, талайды таң қылып, құм арасынан көзі ашылған бұлақ суындай бұрқ-сарқ қайнаған күндердің куәлері не дейді екен, соны бір саралап көрейік, қадірлі оқырманым.
Әбіш Кекілбаев ағамыздың мынадай айтқаны бар: «Жігер» фестивалі өтетін болып жас талаптарды сұрыптадық, сонда жыр оқыған сары бала әп дегеннен назарымызды бұрды. Сөз саптасы бөлек, тілі кітаби поэзияға мүлде ұқсамайды, жастардың аузынан шығуы мүмкін емес, өте ескі, ежелгі, дәмді, әуезі бөлек сөздері әже кебежесінің бір бұрышында сақталған сары сүрдей көрініп, қап түбінде сақталған қара домбыраның тиегі қайта тағылғандай болды. Бәрі тамсанып қалыпты. Тұманбай маған қарап, ойбай, сұмдық қой, деді». Бұл Әбіш ағасының Есенғали туралы айтқаны.
Ол әдебиетке осылай келді.
Өмір жолына тоқталсақ, ол 1957 жылы, 5 қазанда Қарақалпақ жерінде дүниеге келіпті. Ежелгі атақоныстары Маңқыстау жерінен тағдыры шырғалаңға түскен әулеттің шерлі тарих шежіресін ақын ұл кейін былай өрнектеді:
«Біреулер мықтымын дер, тектімін дер,
Білмеймін бізде қандай атты дүрлер.
Санасаң жеті атамды алда-жалда,
Сағыныш бір атасы деп біліңдер».
Есенғали Жаңақорған ауданы, Келінтөбеде кеңшарындағы №192 орта мектебін бітірген соң Кеңес әскері қатарында әскери борышын өтейді. Одан соң Мырзашөл ауданы «Достық» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болып қызмет атқара жүріп ҚазМУ-дың (Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) журналистика факультетін бітіреді. Жалын жүрек ақынымыз осы жылдардағы өз жағдайын көктегі ғарыштың біріне есімі берілген Есенинмен салыстырып былай депті:

«Планета боп Есенин айналып жүр,
Есенғали ауылда қой бағып жүр.
Есенғали ауылда қой бағып жүр,
Есениндей болсам деп ойланып жүр».
Алғаш ел астанасы Алматыда өткен «Жігер» фестиваліне қатысып, жүлде алып, әдеби ортаға танылғаны туралы жоғарыда Әбіш ағамыз айтты. Аға толқын тұсауын кескен жас талапты енді хас таланттардың қанатының астына алған қамқорлығы туралы ақынның өзі былай деп толғанады:
«Теңіз, теңіз ойларда тербелдім көп,
Ел көргім кеп, толғандым,
жер көргім кеп.
Өлең қайда дедім мен, Алматыда,
Тоқаш аға жолықты ол менмін деп».
Осылайша, сексен бесінші жыл­дардан бері қарайғы кезеңде ол республикалық «Арай» (ол кезде редакторы Алтынбек Сәрсенбаев), одан соң «Жалын» журналында қызмет етті. 1988-1995 жылдар аралығында «Білім және еңбек» журналында бас редактор, ал 1995 жылдан бастап «Жазушы» баспасының бас редакторы болып өмірінің соңына дейін қызмет атқарып келді. Алғашқы жыр жинағы «Бастау» деген атпен 1980 жылы жарық көрді. 1984 жылы «Келінтөбе», 1988 жылы «Шолпан жұлдыз туғанша», 1991 жылы «Ғайша бибі», 1995 жылы «Қара бауыр қасқалдақ» атты жыр кітаптары жарық көрді
Прозалық туындылардан «Нұрдан жаралған» романы, құстар табиғатын сөз еткен этнографиялық новеллалары бар. Көптеген өлең, поэмалары орыс, украин, өзбек, литва, болгар, чех, қырғыз тілдеріне аударылды. ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығын алған. «Парасат» және «Құрмет» орденімен марапатталған.
Есенғали поэзия есігін қалай ашты?
Әжесінің баласы әлі ана сүті аузынан кеппеген сәби шағынан ұзақты түн әзиз ана жалықпай жатқа айтатын ұзын-сонар толғаулар – «Абылдың жырын», «Біздің Адайды», Қашағанның дастандарын құлағына сіңіріп өсті. Сондықтан өзі «Мені өлеңге әкелген әжем, анығында ауыз әдебиетіне қарыздармын» дейді. Екінші ұстазы-кітап. Сөйтіп, Сыр бойында қаракөк атпен көкпар тартып, желмен жарысып өскен ұлдың тұла бойына бабалар сөзі келіп қонды. Керқұла атты Кендебай сынды киеге қауышып, кешегі жыраулардың сазы мен сарынын қайта жаңғыртты.
Киелі сарынның түп бастауы қайда еді?
Оны ақын өзі былай деп толғайды:
«Мұхаммед араб дейді талас бар ма,
Жәбірейіл Ғайса рухы көк аспанда.
Қазақтан шықты дейтін пайғамбар жоқ,
Біздікі әулиелік әрі асқанда».
«Пайғамбарлық менімен тоқтайды. Әрі қарай асыл міндетті әулиелер, ақындар жалғайды» деген Алла елшісінің сөзін ол осындай ақиқатпен өрнектейді.
Ақын болып жасалмайды, ақын болып туады. Тәңірден сыйға алған осы артықшылығын асқақ сақтай білген ақын сөз құдіретін әманда биік қойды, мансаптыларды мақтап ода жазған жауыр теңеуге жоламады. «Сөзге обал, сауап, ұят деп қарадым. Сөйтіп өз-өзімді тежедім» деп айтыпты бұл туралы өзі. «Құлқынымды көздеп кітап жазсам мені қарғыс атсын» деген Эрнест Хемингуэйдің ұстанымын үлгі еткен ол аткөпір кітап шығаруды емес, аз, өте аз, бірақ әр сөзге қорғасындай салмақ арқалатып саз жазуды мақсат тұтыпты. Чехов шығармашылығын зерттеп көріп, таң қалды, оның «Көп жазу емес, жақсы жазу керек» деген өсиетіне бас иді.
Сонда да осы жасына дейін он бес-жиырма том кітап жазып тастаған тұрғыластарынан оның шоқтығы биік. Оның ерекшелігі, поэтикалық лексиконы өте бай, қалам ұшында ерекше стиль, кесек-кесек ойлар, шынайы тіл бар. Жыраулар дәуірінде қалыптасқан ғажайып поэзияны жаңа заман ақыны жаңаша мазмұнда жаңғырта алды. Ол өз алдына, ащы шындықты айтуға ерік-рух қайдан келеді? Мінезден. Есенғалиды даралап тұратын тағы бір ерекшелік осы мінездің даралығы болса керек.
Осыдан жиырма жыл бұрын қараөлеңнің қаранары Қадыр ағасы бұл сары балаға «классик» деп ат беріп, айдар таққанын екінің бірі білмеуі мүмкін.
Бұл туралы Жазушылар одағының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулетов: «Иә, бұл Есенғали еш күмәнсіз классик ақын. Ол өз жолын ерте тапты. Сонау 15 ғасырдағы жыраулық поэзия рухын, формасын алып келді. Ескі дүниетанымды қайта тірілтті. Мәселен, Күлтегін мен Қағанның сөйлесетін жерінде сол заманның сарынын сезінеміз. Ол аман айымызда әулиелер әлемін зерттеп жүр. Сөніп қалған шоқты үрлеп, ұлы жыраулардың көне сарындарын тіірілтіп, әруағын оятты.
Ал білім жағынан алып қарағанда Есенғали қатарластарынан бірінші тұрған және интеллектуалды ақын» деп баға береді. Ал Әбіш ағаның шәкіртінің шығармашылдығына баға бергенде «Бір кезде басымыздан ұшып кеткен жыр әруағы басымызға қайтып айналып қонды» дегенінен артық айтам деу әбестік.
Пушкиннің өлеңіне неге ән жазыл­майды дегенде атақты Чайков­ский: «Оның өлеңдерінің өзі – ән» деген екен. Осындай пікірді Есенғалиға да телитіндер көп. Бұл жөнінде әдебиет сыншысы Сауытбек Абдрахмановтың: «Барлық сөзінен саз төгіліп тұрады» деген пікірін оқыдық.
Жазушы – адам жанының инженері. Осы орайда оның Шоқан туралы жазған портреттік өлеңінде сарыауыз балапан кезінен мейір байырқалаған мидай жа­зық маң даладан мүлде беймәлім, жан-жағынан суық ызғар ескен жат әлемге топ етіп, жылдар өте жан-дүниесін астаң-кестең еткен бірөңкей сүреңсіз, сұрқай өзгерістен қыр баласының келе-келе табиғатынан жаңылып, Өзін таппай аласұрар қасіретті жан азабын асқан сезімталдықпен өрнектеген ақын шеберлігіне қараңыз:
«Жүдеп жүрген кезі еді ойлап елді,
Шоқан бірде ауылға тойға келді.
Сары қымыз, саф ауа, бағлан еті,
Темекі мен шарапты қоймақ енді.
Күмбір, күмбір, күмбір су күлгін алап,
Күлгін бояу көшеді қырды қамап.
Туған ауыл, туған тіл, тума бауыр,
Ауру көкірек шым етті тұрды қонақ
Қапелімде айрылып сабырынан,
Қыз қадалды боз үйдің жабығынан.
Қара бала, қара шал, қара кемпір,
Әрі таныс, әрі жат, бәрі бұған.

– Әй, бәріңді де, бәріңді сүйем деп ед,
Күлді кемпір төрем-ау мені ме деп.
Тұнық кезін іздеді ол, тұма кезін,
Құлын кезін іздеді ол, желіге кеп.
Тау жаңғыртып дауысы құлан ащы,
Қайран Шоқан құшақтап тұл ағашты.
Сол күнімді қайтар деп айқай салды,
Алғам жоқ деп асаба тұра қашты.
Алғам жоқ деп ол қашсын тұра келе,
Гуледі сөз ауылдан шыға бере.
Атақты ұлы осы ма атекемнің,
Шоң деп еді, жынды ғой мына неме.
Сыпсың, сыпсың,сыпсың сөз ел арасы,
Төрде жатып толғанды төребасы.
« Мырзам, ұят болды ғой» деді жеңге,
«Қала адамды бұзады» деді ағасы.
Пәуескенің соңынан жүгіріскен,
Ел жұртына қарамай тынып іштен.
Ертесіне қалаға қайтып кетті,
Дала жатты миықтан күліп үстем».
Бұл жай-күй – жанның дерті тек Шоқанның басындағы ғана емес, сол кезде оқу іздеп ділі де, діні де жат алыс шаҺарларға кеткеннен айлап-жылдап ауылды көре алмай, туғаннан жырақ жерде балғын санасы сағыныштан сарғайып, ауырмай-сырқамай солып кетер сахара балаларына тән ортақ мұң, ортақ қасірет деу әділірек болар. Құсалы кеудедегі сол құпияны тани білуде сезімталдық аз, Есенғали ақынның суреткерлік шеберлігі еріксіз тәнті етті.
Задында өзгені өзіңдей танудың кілті – мейірімділік пен үлкен жүрек­тілікте. Осындай қасиетке бай ақынның адам баласын қойып, үзіліп түскен табиғаттың бір тамшысынан сыр түйіп, күннің сәулесінен кеуіп кетер шық туралы жазған «Шық өлді, ақ пен қызыл арасында, мен тұрмын ұстап бейбақ жүрегімді, Шаншиды, ауырады ол, нанасың ба?» деуінен нар тұлғаның соншалықты нәзікжанды жаратылысы көзге ұрады.
Есенғалидың «Құстар – біздің досы­мыз» деп аталатын прозалық пуб­лицистикасын оқыған жанның айнала табиғатқа көзқарасы 180 градус өзгереріне біз кепіл. Жыл он екі айдың әрбіріне жеке тоқталып жазған новелласы ай сайын «Қазақ әдебиетіне» жарияланды, қара сөзбен жырлап тұр.
Ақынның бүгінгі тіршілік кешкен ортасы да үлкен қаланың шуынан шеттеу, ар жағы орманға жалғасар жазиралы мекен. Осы орынды өзі әдейі таңдаған. Үй маңын төңіректейтін ақ тиінді бауыр басыпты, анадайда ұшып-қонған қырғауыл да айналадағы өзге үйдің маңына да жуымай Есенғалидың терезесінің тегіне кеп қонақтайтын көрінеді. Әсілі, құстар да ақынның мұңлы жанын түсінеді.
Осы қасиеттерге қоса бұл ақынға алдағыны болжай білетін білімдарлық қонған. Оған бірнеше дәлелдер келтірейік. Есенғали Раушановтың осыдан ширек ғасыр телевидениеге берген сұхбатында ол журналистің: «Желтоқсан оқиғасына тоғызыншы жыл, әлі шынайы бағасы берілген жоқ. Бұл тарихи құбылысқа қоғамдық пікір қашан қалыптасады? Бүл күн мереке ретінде тойланып жүр, анығында аза тұту күні емес пе?» деген сұрағына «Тарихта қандай да болмасын жеңіс қантөгіспен келеді. Бұл күні құрбандарды еске алу заңды. Саясм салмағына келгенде ғасыр оқиғасы келешек санасында сақталады. Айталық, 1852 жылғы фран­цуздармен ұлы отан соғысы жайлы толғайтын «Соғыс және бей­бітшілікті» Лев Толстой көп кейін жазды. Сол сияқты америкалықтар өз конституциясын қабылдаған күнді ешуақытта ұмытпайды. Сонау 1453 жылы ІІ Мехмет сұлтан Стамбулға басып кіріп, Ая-Софияға көк байрағын қадап «Ислам бол!» деп айқайлаған оқиға ешбір тарихи оқулыққа енді­рілмегенімен елдің жүрегінде әлі сақталып келеді. Желтоқсан оқиғасы жаңа ғасырда шынайы бағасын алады. Сол кезде бүгін патриот болып жүрген біразымыздың бетпердеміз сыпырылып, ақиқат салтанат құратын болады» деген екен. Сол бүгін шындыққа айналып келеді. Сондай-ақ ол егемендіктің елең-алаңындағы жаңа әнұранымыздың мәтініне көңілі толмайтынын айтып, ондағы текст тығыздығы қазақ поэти­касымен үйлеспейтінін және Кеңес Гимнінің үлгісіне жақын әуенге лайықталғанын сынға алған еді. Қай кезде болмасын қазақтың ұраны қаны­мызды қайнатардай қысқа болып келгенін ескерткен. Кейіннен мемлекеттік Әнұран шынында өзгертілді.
Қазақ деген атау азат деген деген сөздің баламасы. Атырау мен Алтайдың арасындағы көз талар кеңістік осындай арда басы азат халықтың қайрат-күшінің айқын көрінісі, осы орайда туған халқын жер басып жүрген пендеге қимай, ұшып жүретін алып құсқа теңейтін ақынның телегей-теңіз сүйіспеншілігі оның жазған қайбір туындысынан атойлап сезііліп тұрады.
Туған халқын соншалықты сүйген жүректің бір толғанысы былай төгіледі: «Адам өлгенде Мүнкір, Нәнкүр деген қос періште келіп сұрақ алады дейді. Сонда жарық өмірде неге қуандың десе, «Қазақ болғаным үшін қуандым, қазақ болғаным үшін бақыттымын» деп жауап берер едім» депті ақын.
Құдай біледі, бұл жауап қос Періште­ні хош етеді. Отанды сүю – иманнан. Тірлігінде адам мен табиғаттың тілін бірдей түсініп, жалғанның жарығына жетелеуден жалықпаған жаны қар­дай таза пендесінің барар жері де жәннаттың төрі болар. Ұлы Жапбар Иесінің қолына аманатын қасиетті Рамазан айының ішінде тапсыру да екінің біріне бұйырмаған. Арда ағаның алдынан жарылқасын дейміз.

Баян ҮСЕЙІНОВА
20 сәуір 2021 ж. 1 198 0