№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Әжесі бар үйдің әлемі бөлек

Әжесі бар үйдің әлемі бөлек

Әжемнің шыр көбелек айналған ұршығы. Бір үйдің баласындай білек түрініп, киіз басқан қызық күндер. Шіркін, сол күндерді сағынам. Балалық бал дәуреннің ерекше көрінісі санамда сақталып қалған. Сол ұршық бүгінде түкке жарамсыз, сарайдың бір бұрышында жатыр.Рас-ау, әсілінде ұршық иіріп, киіз басып, диірмен тартып отырған ақ жаулықтыларды көріп жүрсіз бе? Жоқ, бар болса да некен-саяқ. Міне, осы көненің көзін күнделікті тіршілікте кәдеге асырып отырған жандарды көргенде ерекше тебірендім. Ол Бірлік ауылының тұрғыны Набиба Жанғабылова. Әсемдікке жаны құштар, ерекше дүниелер жасайтын ісмер, еңбекқор жан.
– Біз соғыстан кейін дүниеге келген ұрпақпыз ғой. Қазіргідей аста-төк молшылықта емес, соғыстан кейінгі ауыр жылдар ата-анамызға оңай болмағаны рас. Сондай кездерде қолөнердің, халыққа үлкен көмегі болғаны аян. Жүннен кілем тоқып, киіз бастық. Қырықтықты жарқ-жұрқ еткізіп, арасына ылғал кірмейтін қойдың қалың жүнін қырыққанды айтсаңшы. Жүнді жинап алып, сабаумен жұмсартып, түтіп, дайын жүннен текемет басушы едік. Бұл кезеңнің соңғы куәгерлері 80-жылдардың төлдері. Иә, дәл солай. Одан кейінгілерге мұндай тірлік өгей, жат. Әңгіменің әлқиссасы осы. Қазір киіз үй тігетін ісмер таппайсың. Киіз үйді суреттен ғана көретін жағдайға жеттік. Ал бүгінде ауыл сыртында түйдек-түйдек боп қойдың жүні жатыр, – дейді Набиба апа.
Кейіпкеріміздің айтуынша, ұршықпен иірілген жіптің жөні бөлек. Себебі, ол таза жүннен жасалады. Сондықтан да жылуы мол болып келеді. Шынында да, кезінде аналарымыз бас киімнен бастап, аяғымыздағы шұлыққа дейін тоқып беретін. Әсіресе, түбіттен тоқылған дүниелер көп сақталатын. Ешкі жүнін тарап алып, түбіт жинайтынымыз есімізде. Набиба апай түбіттің жылылығы тоннан кем түспейтінін айтқан-ды.
– Қазір іс тігу мен тоқыма тоқу былай тұрсын, біреулер ұршықтың не екенін ұмытқандай. Ауылдық жерде тұрып тоқумен айналыспайтын, жүн жуып, көрпе жасамайтын жандар бар. Біреулері ол жұмысты ұнатпаймыз десе, енді бірі жүннің иісінен жиіркенетін көрінеді. «Осындай жандарды көргенде қарным ашады. Дегенмен мұның бәрі – сылтау. Шаруаға епті адам қолөнерге де уақыт табады. Қазір жастар «Жұмыстан келдік, шаршадық» деп жата кетеді. Ал, керісінше, кешкі уақытта үй-ішімен әңгіме айта отырып, іс тіксе, көңілі серпіліп, демалып қалар еді. Осындай қолөнер арқылы шаруасын дөңгелетіп, ісін жүргізіп отырғандар да бар. Оларды ұлттық өнердің қадіріне жеткен жандар деп есептеймін, – деп ағынан жарылды апамыз.
Бүгінде тоқыма өндірісі жедел дамып, түрлі техникалар іске қосылғанмен, кейбір ауылдарда ұршық тек шаң басып жатып қалмай, мүлде жойылып бара жатқаны жанға батады. Шын мәнісінде, бүгінгі жас ұрпаққа ұршықтың суретін көрсетсең «бұл не?» деп, бетіңе қарайды. Егер де ақ жаулықты аналарымыз ұлттық дәстүрді ұмыт қалдырмай, қыздары мен келіндеріне үйретіп, кеңінен насихаттаса нұр үстіне нұр болар еді.
Набиба апамыз жасының егделігіне қарамай үйренген ісін әлі жалғастырып келеді. Іс тігеді, тоқыма тоқиды, жүн түтіп, ұршық иіреді. Құрақ көрпенің түр-түрін жасайды. Тоқыған заттары таңдай қақтырады. Қолы ашық, жаны жайсаң ісмер қонақ күтуден де жалықпайды-ау. Дастарханында дәмнің түр-түрі самсап тұрады. Ол аздай келген меймандарына өз қолымен жасаған заттардан тарту-таралғы жасағанды ұнатады екен.
Бір ерекшелігі, Нәбиба апа көзәйнексіз құрақ құрап, іс тігеді. Ол отыз жылдан бері киіз үй тігетін шебер ғана емес, қазаны қайнаулы қазақ әйелінің қолынан талайлар қазанжаппасы мен құрт-майын татты. Бүгінде ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, немере сүйіп отыр. Қолындағы келіні Айшолпанды көріп, қазақтың «келін – қайын ененің топырағынан» деген сөзі еріксіз ойға оралады. Ән айтады, жүн сабап, киіз басады, ою ояды. Ол кісінің қолынан шыққан бұйымдары, тіккен киімдері, жасаған заттары басқаға ұқсамайтын өзгешелігімен көз тартады.

Әсел Кеңесқызы

20 наурыз 2021 ж. 1 086 0