№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » КІЛЕМ ТОҚУДЫ ҰМЫТПАҒАН АУЫЛ

КІЛЕМ ТОҚУДЫ ҰМЫТПАҒАН АУЫЛ

  Аққорған ауылына барған сапарда Түгіскен өнер мектебінің тынысымен танысқан болатынбыз. Бізді қызықтырғаны – өрімдей қыздардың кілем тоқып отырған көріністері. Неге? Өйткені, бүгінгідей жаһандану заманында телефонға телмірмей, болашағына бұйым боларлық өнерді үйреніп жүргеніне қуандық. Жасыратыны жоқ, бүгінгі таңда бұрынғыдай кілем тоқып, киіз басу өнері тоқтап қалды. Нарыққа бейімделген бұқара дайын кілемге үйір болғалы, ұршық үйіріп, жүн тұту сағымға айналды. Содан болса керек, аққорғандық Назгүл Шамиева кілем тоқу технологиясын қайта жандандырып, өнер мектебі жанындағы «Қолөнер» үйірмесіне жетекшілік етуде. Тек, кілем тоқуды ғана емес, қолөнерге қатысты бар білгенін үйретуде. Ұршық айналдырып, кілем тоқығанда қолы қолына жұқпайтын Назгүл Шамиева бұл өнерді бала кезінен меңгеріпті. Оның айтуынша, қазір кілемді қолмен де, заман ағымына сай арнайы құрылғының көмегімен де тоқуға болады.


  – Бір кездері ауылда жаз мезгілінде жаппай кілем тоқып, киіз басатын еді. Қазіргідей қой-ешкінің биязы жүні аяқ астында қобырап жатпайтын. Төрт түлік малдан келер несібесінің молшылығы шығар, тоқыған кілемді пұлдап, ақшасына қажетімізді алушы едік. Сол шақта кез келген дүниенің оңай келмейтінін сезініп өстік. Енді міне, сол білгенімізді ертелі-кеш смартфон сипалап отыратын жас буынға үйретудеміз. Үйірмеге отыздан астам шәкірт қатысуда. Мақсатым – ұлттық құндылықтарды жандандырып, кеңінен насихаттау, – дейді Назгүл Шамиева.
   Тоқу ісінде қолданылатын станок та қарапайым екен. Үйірме жетекшісі бізге тоқылу технологиясын айтып берді. Қос қапталы ағаштан жасалған станокқа тікелей ілінген жіп – арқау, ал жоғары-төмен түсіріп отыратын белдеу ағаш адарғы деп аталады екен. Арқау жіптің астынан алынған өрмекті шатыс деп атайды, бұл арада бойлардың ерсісі мен қарсысы ауысып тоқылып отырады, яғни, тоқыма жіпті күршекпен іліп алып, ортасынан өткізгенде өзінен өзі байланып шығады. Сосын жіпті кесіп алып, өрмектің үстіне тоқпақпен ұрып, арқау жіпке қысады. Ал кілемге салынатын ою-өрнекті әуелі қағазға салып алады да, ілмекті санап отырып, кілемге бейнені салып шығады. Осылайша, кілем тоқу процесімен толық танысып шықтық. Шынында, өскелең өрендерді шыдамдылық пен төзімділікке үйрететін қолөнердің өзіндік қиыншылығы мен сыйлайтын әсері бір бөлек. Назгүл Шамиеваның айтуынша, 2х1 өлшемдегі кілемді тоқу үшін кемі 2 ай уақыт кетеді.
   Жастардың бос уақытын тиімді пайдалануда таптырмас бұл қолөнер түріне қызығушы шәкірттер де аз емес. Солардың бірі – Нұрсезім Бәрзәу. Оқуда озат Нұрсезім үйірменің де үздігі. Үнемі қазақы нақыштағы бұйымдарды жасауда талмай еңбектенетін оқушы кілем тоқуды да меңгеріп алған.
   – «Қолөнер» үйірмесіне қатысып жүргеніме бірнеше жыл болды. Өзіме кілем тоқыған қатты ұнайды. Асықпай отырып, назарыңның бәрін бір ортаға түйістіріп, тоқпақтың дауысы ғана шығатын көрініс өзіне керемет көңіл күй сыйлайды. Бізді шыдамдылыққа баулиды. Ал, екі ай бойы жасаған дүниең жарқырап, көз алдыңда тұрса, бұлда бір еңбектің нәтижесі деп білемін, – дейді Нұрсезім Бәрзәу.
Иә, тоқылған кілем үй ішіне сұлулық та, жылулық та сыйлайды. Жайсаң төсек, ілсең суреттей сыр ақтарып тұратын сиқыры тағы бар. Расында ұлттық бояуы бар төл өнерді тұтына білсек игі. Тұтынғаннан бұрын, осы кілем тоқу өнерін тоқтатпай, ұлттық құндылықты ұлықтап жүрген Түгіскен өнер мектебіне де сәтілік тіледік.

Самат ОҢҒАРҰЛЫ.

10 сәуір 2019 ж. 2 207 0