ОТШАШУ ОПЫҚ ЖЕГІЗБЕСІН

Жаңа жыл мерекесін отшашумен әсемдеуді қалайтындар бір сәттік қызық үшін қыруар қаржы жұмсауға бар. Бір қынжыларлығы, қымбат денсаулығына қиянат етіп, ойламаған жерден опық жегендер қатары аз емес. Олардың ішінде көз жарақатын алған, саусағынан айрылып, қолын жарақаттаған балалар көптеп кездеседі. Біз «Көзқарас» дөңгелек үстелінде «Отшашу қолдануда қауіпсіздік ережесін сақтау қағидасы» жайында халыққа кеңінен насихаттау үшін жауапты мамандар мен белсенді азаматтардың пікірін тыңдаған едік.
Қауіпсіздік – бәрімізге ортақ
Жасұлан БейСЕНБЕКОВ,
Жаңақорған кенті әкімінің орынбасары:
– Жаңақорған кентінде соңғы жылдары қатаң бақылаудың нәтижесінде отшашу жарылысынан жапа шеккен жағдай тіркелмеді. Биыл да бақылау күшейтіліп, дүкен иелеріне насихат жұмысы жүруде. Кәсіпкерлерге отшашу бұйымдарын сақтау талаптарын түсіндіріп келеміз. Жаңа жыл шыршасының да шамы жағылды.
Тұрғындарға ақпар ретінде айтар болсам, отшашу жарылысы дегенде ең бірінші Үндістандағы оқиға еске түседі. Бұл оқиға 2016 жылы болған еді. Дәстүр бойынша Үндістан халқы жыл сайын индуистік ғибадатханада өткізген фейерверк фестивалінің соңы қайғылы жағдайға ұласты. Пиротехникаларды ату барысында өрт шығып, шамамен 500 адам зардап шеккен болатын. Пиротехника қоймасындағы жарылыс пен ғибадатхана кешеніндегі өрт салдарынан қаза тапқандардың саны 116 адамға жеткен. Бұған қоса, 380 қала тұрғыны жарақат алса, оның шамамен 200-і жеңіл жарақаттанған. Қайғылы оқиға ауқымының мұндай көлемде болуы фейерверк атуға тыйым салуды талап етуге түрткі болды.
2016 жылы Мексикадағы Тультепек қаласының отшашулар сататын базарында жарылыс болып, кем дегенде 29 адам қаза болды және 72 адам жарақат алды. Жарылыс кезінде базарда екі мыңға жуық католиктік Рождество мейрамын тойлау үшін пиротехника сатып алуға келгендер болатын. Дәл осы жағдай Қытайдың пиротехника зауыттарында жиі болады. 2010 жылғы төтенше оқиғадан 19 адам опат болса, 153-і түрлі дене жарақатын алған. Сондай-ақ пиротехнканың салдарынан болған ең қайғылы оқиға – Перьмдегі «Хромая лошадь» клубында алапат өрт болып, 156 адам жарық өмірімен қоштасты. Тағы бір оқиға 2013 жылы Бразилияның Санта Мария қаласындағы «Кисс» клубында орын алған. Жергілікті рок-тобының концерті кезінде арнайы пиротехникалық шоу ұйымдастырады. Отшашу басталғанда, клуб төбесіндегі дыбыстың таралуын реттейтін құралға ұшқын тиіп тұтана бастаған. Бұны байқаған адамдар үрейленіп, сыртқа шығуға тырысқан. Адамның көптігінен кептеліс пайда болып, көбі клубтан шыға алмай қалды. Салдарынан 16-20 жас аралығындағы 233 жас иістен уланып қаза болған. Осыған ұқсас оқиғалар әлемнің шет қиыр жерлерінде де толып жатыр. Әлемде осындай оқиғалар болып жатса да, отшашудан бас тарта алмай келе жатқанымыз түсініксіз.
Мереке қарсаңында ата-аналардың қадағалауынсыз балалардың өздігінен отшашуды қолдану салдарынан бірнеше оқиға тіркеліп жүргенін, сол үшін әрдайым сақ болу керектігін, тіпті оны қолданудың қажеті жоқ екенін дәрігерлер мен Ішкі істер бөлімінің қызметкерлері де ескертумен келеді. Дәрігерлердің мәліметінше, көбіне отшашудың кесірінен көз жарақатын алып, саусақ, қолын күйдірген, бет күйігімен келетіндер көп екен. Менің айтпағым, осындай қауіп-қатер болмас үшін ең алдымен ата-ана баласына үгіт-насихат жасап, сатып алған отшашудың қауіпсіздігіне мән бергені жөн.
Мақпал МАРҚАБАЙ