Жарқыра, шырша шамдары!
“Өткен жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп” дегендей, енді бір жетіден соң жаңа 2025 жылға қадам басқалы тұрмыз. Тарих қойнауына жылыстап бара жатқан ескі жыл өңіріміз үшін өркендеуге толы жыл болды. Айшықты жаңалықтар, сүйінші хабарлар аз болмады. Оның ішінде Жаңақорған ауданының әлеуеті мен экономикасының барлық саласында тұрақты өсім, даму қалыптасып, ілкімді істер ілгеріледі. Жылан жылы да жаңақорғандықтар үшін жағымды жаңалыққа толы болсын деген тілек әрбіріміздің жүрегімізде жазулы. Алдағы күнге жарқын тілекпен қадам басып, жаңа жылдық шыршаның шамын бірге жақтық.
Иә, жаңа жыл мерекесінің шырайын келтіріп, келбетін айшықтай түсетін жасыл шыршаның орнатылуын жұртшылық асыға күтетіні рас. Себебі ауданның бас шыршасының шамын жағу – жаңажылдық мерекеге деген дайындықтың белгісі. Осындай қызықты да, көңілді мерекені қарсы алу рәсімі ауданда дәстүрге айналып, 20 желтоқсанда аудан тұрғындары орталық алаңда ауданның бас шыршасының шамын жағу рәсіміне куә болды.
Салтанатты рәсімде аудан әкімі Мажит Самитұлы жұртшылықты табалдырықтан еніп, төрімізге табан тірегелі тұрған жылан жылымен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
– Жаңа жыл – жұртшылық асыға күтетін мерекесі. Келер күнге жайдарлы көңіл-күй, зор үмітпен ұмтылатын айрықша сәт. Аз күнде тарих қойнауына кететін 2024 жыл аса маңызды оқиғалар мен айтулы даталарға толы жыл болды. Толағай табыс пен ырзық несібеге, бірлік пен берекеге ұласқан жылға еш өкпеміз жоқ. Мемлекет басшысы мен облыс әкімінің қолдауының арқасында біздің ауданда биыл өркендеудің өзіндік жолы қалыптасты. Барлық салада өсім бар, ілгерілеу, даму бар. Алдымызда айқын міндет, анық жоспарлар көп. Келер жылы осы міндет-межеден шығу жолында бірлесе аянбай еңбек ете береміз.
2025 жыл да табысты болсын деп тілейміз, жаңа жыл әрбір шаңыраққа шуағын шашып, ырыс-несібесін ала келсін! – деп ізгі тілегін білдірді.
Аудан басшысының құттықтау лебізінен кейін жағылған шырша шамының керемет көрінісі айналаға жылылық сыйлағандай болды. Аудан өнерпаздары көрермендерге ерекше көңіл-күй сыйлап өнерлерін ортаға салды.
Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ