Кассациялық соттардың құрылуы мен олардың қызметі туралы
Бүгінде сот жұмысын жетілдіру мемлекеттің негізгі міндеттерінің бірі екені анық. Әрине, сот процесінде екі тараптың мүддесі қозғалғандықтан, жеңілген тараптың наразылығы болуы мүмкін. Алайда, дауларды шешудің баламалы әдістерін енгізу, сот актілерін түсіндіру және сот отырыстарын дыбыс-бейне таспаға жазу секілді қабылданған шаралар сотқа деген наразылықты едәуір азайтты. Жоғарғы сот бұл жетістіктермен тоқтап қалмай, сот төрелігіне деген сенімді нығайту үшін қосымша механизмдерді зерттеуде.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылдың қыркүйегінде отандық бизнес өкілдерімен кездесуде азаматтардың құқықтарын сапалы қорғау мақсатында жекелеген кассациялық соттар құрудың маңыздылығын атап өтті.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындауда
Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2024 жылғы 5 шілдедегі №109-VIII Заңымен «Қазақстан Республикасының сот жүйесі және судьяларының мәртебесі туралы» 2000 жылғы 25 желтоқсандағы Конституциялық заңына өзгерістер енгізілген болатын.
Жоғарғы Соттың сот әкімшілігі басшылығымен «Дербес кассациялық соттарды құру жөніндегі іс-шаралар жоспары» бекітіліп, орындау жұмыстарына да кірісіп кетті.
Қазақстанның құқықтық жүйесі соңғы жылдары бірқатар маңызды өзгерістер мен реформаларды бастан өткеруде, солардың бірі – кассациялық соттардың құрылуы. Бұл реформа әділетті сот жүйесін күшейтіп, азаматтардың құқықтарын қорғауды жақсартуға бағытталған. Кассациялық соттар сот жүйесінде жаңа деңгейде әрекет етіп, сот актілерін қайта қарауға және заңды қадағалауды күшейтуге жол ашады. Қазақстанда енгізіліп жатқан кассациялық соттар – сот жүйесін жаңғыртуға арналған жаңа инстанция. Олардың негізгі міндеті – әділдікті қамтамасыз ету, қателіктер мен заң бұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ апелляциялық соттардың шешімдерін қайта қарау мүмкіндігін ұсыну.
Кассациялық соттардың негізгі міндеті – сот шешімдерінің заңдылығын тексеру. Олар апелляциялық соттардың шешімдерін құқықтық тұрғыдан бағалап, заң талаптарына сай болуын қадағалайды. Бұл жаңа инстанция сот қателіктерін түзетіп, заңнаманың біркелкі қолданылуын қамтамасыз етуге бағытталған.
Қазақстанда кассациялық соттарды құрудың басты мақсаты не?
Әділдікті қамтамасыз ету: кассациялық соттар сот шешімдерін қосымша тексеру арқылы заңдылық пен әділдікті орнатады. Бұл инстанция сот қателіктерін анықтап, дұрыс емес шешімдерді түзетуге мүмкіндік береді.
Жоғарғы соттың жүктемесін азайту: бұрын кассациялық шағымдар тікелей жоғарғы сотқа берілсе, енді жаңа кассациялық соттар бұл міндетті өзіне алып, жоғарғы сот тек ең күрделі істерді қарастырады.
Сот шешімдерінің сапасын арттыру: кассациялық соттар сот шешімдерінің сапасын жақсартуға және заңдардың дұрыс әрі біркелкі қолданылуын қамтамасыз етуге ықпал етеді.
Ең бастысы, бұл кассациялық орган толық тәуелсіз болады. Жаңа жүйе аясында елордада қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша үш кассациялық сот құрылмақ. Кассациялық тәртіптегі істер алдын ала қараусыз, бірден үш судьядан тұратын алқаға жіберіледі. Кассациялық сатыдағы соттар істерді алты айдан аспайтын мерзімде қарайды. Сот талқылауы тараптардың қатысуымен ауызша өткізіледі.
Айқыз Нысанбаева,
Жаңақорған аудандық сотының бас маманы