№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Үлкенге құрмет, кішіге қамқорлық

Үлкенге құрмет, кішіге қамқорлық


Қандай қоғамда болсын жарымжан жандардың жанына демеу болып, оларға қырын қарамай, қайта қамқор болып, қиналғанда қол ұшын соза білу – үлкен жауапкершілік. Әсіресе мүмкіндігі шектеулі балаларға болысып, өмірге деген көзқарасын аз да болса өзгертуге, қуаныш сыйлауға тырысу нағыз үлкен жүректіліктің белгісі, әрі сауапты іс. Осындай игі шараны атқарумен қатар, алдыңғы толқын аға буынға құрмет көрсетуді жөн санаған Жаңақорған орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекеме басшылығы жаңа жыл мерекесі қарсаңында балаларға тосын сый жасады. Осы күні мекеме қызметкері Әбілпейіз Әмірұлын зейнеткерлікке шығарып салды.


Балаларға базарлық жасап, жарымжан жандарға керемет көңіл-күй сыйлауды үрдіске айналдырған мекеме директоры Мұхамед­жан Рүстемов шырайлы шараға «Жаңақор­ған тынысы» газетінің қызметкерлерін де шақырды. Біздің қатысуымызда осы ұжымда еңбек етіп, ардагер жасқа жеткен Әбілпейіз Мәжитовты зейнеткерлікке шығарып салды.
– Әбілпейіз Әмірұлы жалпы еңбектің адамы, бізде аз ғана уақыт қызметте болса да, өзінің ағалық ізеттілігін, адалдығын, ақылын айтып арамызда көш бастап жүрді. Ізінен ерген іні буынға ілтипатын білдіріп, бар білген-көргенін үйретуден жалыққан емес. Алдағы уақытта да осы ағалық ақылмандығыңызбен, қадір-қасиетіңізбен арамызда жүре беруіңізді тілейміз. Ауырмаңыз, перзенттеріңіздің алдында өнеге өрімін көрсетіп жүруіңізге тілекшіміз, – деп мекеме басшысы жылы лебізін білдіріп, иығына шапан жауып, құрмет көрсетті.

Әбілпейіз ағамыз бұл мекемеде 3 жылға жуық өрт сөндіру автокөлігінің жүргізушісі болып еңбек етті. Оған дейін де адал еңбектің өтінде болып, қажыр-қайратымен туған жерге қызмет етіп келді. Бүгінде ұлдарынан немере сүйіп отырған баталы қария. Айта кететіні, ағамыз режиссер, драматург, әнші, ақын Әмір Мәжитовтің перзенті.
Мекеме қызметкерлері ерекше жандарды да қуантып, мереке қарсаңында қуаныш сыйлады. Елді мекендерде тұратын мүмкіндігі шектеулі балаларды мекемеде қабылдап, арнайы ойынпаздарды билетіп, балғындар керемет көңіл-күйге бөленді. Барлық бала сыйлықтарға ие болып, жүздерінде шаттық ойнады.
– Жаны жаралы жандарды қоғам қараусыз қалдырмайды. Әсіресе, балаларды басынан сипап, оларға қуаныш сыйлау әрбіріміздің азаматтық борышымыз, міндетіміз десек те болады. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға да қырын қараған ел емеспіз, асыл дінімізде де «көршісі аш, өзі тоқ жатқан адамның иманы кәміл емес» деген сөз бар. Сондықтан бір-бірімізге демеу болып, қиналған жанға тіреу бола білсек бұл біздің қадір-қасиетіміздің ұлылығы. Жаңа жылда барлық отбасыға жарқын көңіл, жаңа жетістіктер тілейміз, – деп мекеме директоры ізгі тілегін жеткізді.
Қазанның қайнағанынан баланың ойнағанын артық көретін балажан қазақта баласын өскенше, немересін өлгенше бағу бабалардан жалғасып келе жатқан игі үрдіс. Жаман болса да ұрпақ қалсын, өз орнында оты жансынға құмбыл халықпыз. Әрине, әркімге өз баласы – алдияр. Сондықтан мереке қарсаңында перзенттеріне кең пейіл танытып, сый-құрмет көрсетіп жатқан мекеме қызметкерлеріне аналар мен әжелер қауымының алғысы шексіз.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
24 желтоқсан 2024 ж. 61 0