№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Жылқы-ғұмыр

Бүгінде ауылшаруашылығы саласының алдында бірқатар міндеттер тұр. Мәселен, ауылға инвестиция тартып, жаңа тұқым сорттарын енгізуге және заманауи технологияның келуіне жағдай жасау керек. Бүгінде Жапония ауылшаруашылығы саласына робот технологияны енгізе бастады. Ал Еуропа елдері «ақылды ферма» жобасын іске қосты. Сондай-ақ өнім өндіру саласын дамытып, электронды сауданың тетіктерін меңгермей бәсекеге қабілетті болу қиын. Яғни өнім дайындау және оларды өндіру, сақтау, тасымалдау, өткізу, жинау, кәдеге жарату мәселесін шешу арқылы экономикаға қыруар қаржы түсіруге болады.
Екінші жағынан, ұлтқа тән белгілі атакәсіп түрлерін жаңғырту маңыз­ды болып саналады. Мәселен, жапондықтар үшін күріш шаруа­шылығы – атакәсіп. Олар үшін күрішті импорттау, өздері өсіріп, өндіруге қарағанда бірнеше есе арзанға түседі екен. Солай бола тұра, олар атакәсіптен бас тартпайды. Неге? Өйт­кені ұлттық ерекшелікті, діл мен дәстүрді сақтаудың тетігі күріш шаруа­шылығымен тығыз байланысты. Жапон тіліндегі сөздік ұғымдардың өзі күріш шаруашылығымен тығыз байланысты екен. Бұл туралы ақын Ұларбек Нұрғалымұлы өзінің «Дай­ағашшы» кітабында кеңінен толғайды. Жаңақорған ауданындағы ауылдық округтерді аралап, тұрғындармен жүздескен кезде осы ойды тілге көп тиек етіппін.
Ұлық мереке – Тәуелсіздік күніне арналған демалыс күндері атқа­рылған істерді пысықтап, алдағы жоспарларды жүйелеп, ізденуде көп септігі тиді. Әрі халықпен кездескен сәттердегі ойларды салмақтап, сөздің сарасын сараладым.
Сөйтсем, жапондар үшін өздері сырттан келуі мүмкін деген жүз қауіптің біріне қояр тосқауыл ретінде күріш шаруашылығы қандай қымбат болса, біздер үшін жылқымен үндестігіміз басым, ұлттық ерекшелігіміз көп екен-ау.
Жылқының үстінде мығым отырған ғұндарды көрген Еуропаның байыр­ғы тұрғындары «ат денелі адам» (кентавр) деп үрейленгені туралы дерек көп. Жүйрікті жүгендеп, ер-то­қыммен мығым отырып, «аттың құлағында ойнаған» көшпенділер әлемге әмірін жүргізгені мәлім. Елба­сы «Ұлы Даланың жеті қыры» ма­қа­­ла­сында: «Жылқыны қолға үйрету арқылы біздің бабаларымыз өз дәуі­рінде адам айтқысыз үстемдікке ие болды. Ал жаһандық ауқымда алсақ, шаруашылық пен әскери саладағы теңдессіз революцияға жол ашты. Жылқының қолға үйретілуі атқа міну мәдениетінің де негізін қалады. Бес қаруын асынған салт атты сарбаз айбарлы көшпенділер империялары тарих сахнасына шыққан дәуірдің символына айналды», – деп Ұлы Дала елінің байырғы тұрғындары – біз­дің ата-бабаларымыздың әлемдік өркениетке қосқан үлесін паш етті.
Тұңғыш Президенттің бұл сөзі негіз­сіз емес. Еуропаның ғалымдары жылқыны тұңғыш қолға үйреткен Ұлы Даланың байырғы тұрғындары деп әлемге жар салуда. Оған энеолит дəуіріне тиесілі «Ботай» қонысында жүргізілген қазба жұмыстары дәлел. Ең басты айғағымыз – Қаратау тауында айшықталған. Иә, тау-тас­тағы таңбалы тастар ең бірінші жылқыны жүгендегенін көрсетеді. Сен­бе­сеңіз, Бесарық өзенін бойлап, Таңбалы тасқа барыңыз. Таңбалы тас – тарихтың төлқұжаты дерсіз. Қола дәуірі, тіпті оған дейінгі заман­да бедерленген таңбалардан жан-жануардың ішінде үйір болып жайыл­ған жабайы жылқыларға еріксіз көз түседі. Көзге ыстық басылатыны – жүйрікті тізгіндеген адамның таңбалары. Иә, жылқыға мінген адам­дар. Осы тастағы таңбалар алғашқы жылқыны қолға үйреткен біздің ата-бабамыз екенін дәлелдейді. Содан бері мыңжылдықтар көші өтіп, қазақ пен жылқы егіз ұғымға айналды. Мұны «жылқы дегеніміз – қазақтың өзі!» деген сөзден ұғуға болады. Әсілі, өзін жылқы мінезді деп, өзінің мінез-құлқын, бітім-болмысын, жан дүниесінің айқындаушысына айнал­дырған қазақтан басқа халық жоқ шығар, сірә! Содан болар, жылқы қазақтың ұлттық сана-сезім, рухани болмыс, тұрмыс-салт, әдет-ғұрып, мәдениет пен өнерінің тұтас бір айырылмас бөлігіне айналып кетті. Бұған қазақ ұлттының сөздік қорын­дағы бай мақал-мәтелдер мен фразео­логизмдер де айғақ болады. Мәселен, жаңа туған нәресте ұл бала болса ат ұстар, егер ол қыз бала болса ат байлар деп бейнелеп айтады. Ал баласы ер жетіп, есейіп, өссе ат жалын тартып мінді деп қуанады. Немесе түтеген қалың қою тұман, көзге түртсе көргісіз тас қараңғыны ат құлағы көрінбейді деп бейнелеп жеткізген. Ал бірін-бірі қайта көрместей болып ренжіскен екі жақты ат құйрығын кесті деп білдірсе, араздасып барып татуласқан жандарды ат тізесін қосты деп табысқанын айтады. Туған баласын түліктің төліне теңеу де көшпелі халықтарға, әсіресе, қазаққа тән қасиет. Ата-ана баласын құлыным, құлыншағым деп құлпырта мекіреніп, оның томпаң қағып, зыр жүгірген жүрісін құлындай құлдыраңдады деп бейнеледі. Қазақ әлде кімнің басына түскен қайғы-мұңына ортақтасып, көңіл жұбатып тоқтау айтуда да бейнелеп қанаты бүтін сұңқар жоқ, тұяғы бүтін тұлпар жоқ деп, ал бүгінгі қайғының ертең орны толатынын арғымақтың тұяғы тасты басса кеті­лер, сазды басса жетілер деп жет­кізеді. Біреудің алдында кінәлі болып қалса «ат-шапан айыбын төлеген» дәстүр бар. Сыйлы қонаққа ат мінгізу, күйеу жігіттің қалыңдық алуы­на алғаш барғанда ат байлауы, соғыс кезінде жау қоршауында қалған қол­басшыға ат сүйек беріп құтқару, т.б. дәстүрлер, атқамінер, атқосшы, атшабар, т.б. лауазымдар жылқының қазақ халқының шаруашылығында ғана емес, әлеуметтік өмірінде де үлкен мәнге ие болғанын білдіреді.
Енді мақал-мәтелдерге мән беріп көрейікші. «Жылқының үсті жел, сүті ем», «Аттының несібесі алтау», «Жақсы атын мақтар, Жаман қатынын мақтар»,«Жүйрік тоқтығын білдірмес, Жомарт жоқтығын білдірмес», «Жыл­қы кісінеп табысады, Адам сөй­ле­сіп танысады», «Жорға жолына тоқ­тар, Жақсы жөніне тоқтар». Яғни қазақтың тұрмыс-салты мен жылқы астасып, бір-біріне мән беріп тұр. Соңғы жылдары мүмкіндігі шектеулі балаларды иппотерапиямен, яғни ат үстіндегі серуен арқылы емдеу әдісінің кеңінен қолданыла бастағаны да көңілге сенім ұялатуда.
Менің жаңақорғандықтарды қатты сыйлатынымның бір сыры – жылқыны ерекше құрметтеуінде. Олай болмаса, Ұлы Отан соғысы кезінде әскерге мыңдап ат дайындаған Сапарбай Сұлтанмұратов, Сердалы Құрымбеков, Кәдір Тағаев, Нақып Ержанов секілді жерлестер Социалистік Еңбек Ері атанар ма еді? Олай болмаса, жаңа­қорғандық шабандоздардан құ­рыл­ған облыс құрамасы еліші­лік чемпионаттарда табысты өнер көр­­­сетер ме еді? Сондай-ақ, мил­лиондаған теңгеге жылқы сатып алып, оны баптап, көкпарға қосып, бір марқайып отыратын жаңа­қор­ған­дықтар аз ба еді?
Сондай көкпарға осыдан бес жыл бұрын куә болдым. Ат спорты ойындарынан республикалық чем­пионат Жаңақорған ауданында өтті. Қазақ ат десе ішкен асын жерге қояды. Жылқының дүбіріне, күліктің күмбіріне құлақ қойып, елеңдеп отыратыны рас. Аудандық ипподромда көкпарға келген жаңақорғандықтардың қарасы қалың. Ортаға серке тасталды. Қи-қулап шабандоздар жүйткіп алға озды. Жылқының кісінеген дауысы құлаққа жағымды естілді. Бір сәтте орнымнан қалай тұрғанымды өзім де аңғармай қалыппын. Осындайда қаламгер Бақытбек Бәмішұлының жылқының қазақтың бойына күш, рух сыйлайтын ала-бөтен қасиеті бар деген сөзі ойға келеді. Рас жылқы – намыс, ұлттық сана-сезім, тектілік рухын әспеттейді. Осына жақсы білген отаршылдар қазақты жылқыдан ажыратпай, оның бойындағы «жылқы мінезге» әлі жетпесін қаперге алды. Сондықтан алдымен жылқымызды ауыздықтады, сосын ұлттың көшбасшыларына қия­нат жасады. Нәтижесінде «жылқы мінезді» қасиетімізден айырылған кездеріміз болды.
Шүкір! Жылқыға жем-шөбін беріп, кісінеген даусын естіп бір рақат­танатын кезге қайта кел­дік. Жаһан жұртына жүйелі жетістіктерімен жайылған жапондар үшін күріш шаруашылығы қандай қастерлі болса, біздер үшін жылқыдан артық ешнәрсе жоқ. Өйткені «жылқы ғұмы­рымыздың» тамыры тым терең. Түптеп келгенде, жылқы ұлт­тық кодтың кілті деуге болады. Демек, жаһандану дәуірінде жылқы шаруа­шылығы қазақтығымызды сақтайтын құралдың бір түрі. Осыны қаперде ұстасақ деймін.

Руслан РҮСТЕМОВ,
Жаңақорған ауданының әкімі,
kazgazeta.kz

21 желтоқсан 2020 ж. 1 036 0