№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Жаңақорғандағы 1000 шаруақожалықтың шаруасы қалай жүріп жатыр?

Жаңақорғандағы 1000 шаруақожалықтың шаруасы қалай жүріп жатыр?


Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында «Дамыған агроөнеркәсіп кешені» деген басымдығында ауылшаруашылығы саласын дамытуды ерекше атады. Яғни агроөнеркәсіп кешенін жан-жақты және қарқынды дамыту жолдарын нақтылады. Әрине елімізде ауыл шаруашылығын жүргізу және ұйымдастыру үлгілері әбден қалыптасқаны белгілі. Алайда саланы цифрландыру, жаңа технологияны енгізіп, өнімділігі жоғары тұқымдарды аудандастыру, ауылшаруашылығы өнімдерін өндіру кезек күттірмейтін аса маңызды жұмыстар. Сонда ғана Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, аграрлық сектор экономиканың жаңа драйверіне айналады.


Жаңақорған ауданының Сыр өңірінде ауыл шаруашылығы саласында әлеуеті жоғары. Соңғы жылдары аталған салада жоғары көрсеткіш көрсетіп келеді. Мәселен, 2017 жылы «Үздік аудан», 2018 жылы «Озық аудан», 2019 жылы «Озық аудан» номинациясына лайықты болды. Бұл – диқандар мен малшылар, механизаторлар мен көкөніс өсірушілердің тынымсыз еңбегі, қажыр-қайратының нәтижесі. Бұл – біздің ортақ жеңісіміз, ортақ табысымыз.
аудан әкімі Сұлтан Мақашовтың қолдауымен ауылшаруашылығы саласының әлеуетін арттыру бағытында тыңдырымды тірліктер атқарылуда. Егін шаруашылығына инвестиция тарту, айналымнан шыққан егіс танаптарын іске қосу, күріштің, өнімділігі жоғары жаңа сорттарын өндіріске енгізу, агротехникалық шараларды мерзімінде жүргізу басшылыққа алынды.
Бүгінде Қытай, Сингапур, Жаңа Зеландия, Оңтүстік Корея, Дания, Недерланды цифрландыруды – өркендеудің коды ретінде түсінеді. Қазақстанда да цифрландыру ауылшаруашылығы саласына сер­пін бере бастады. Енді ауылда отырып интернетті игілікке икемдеп, минералды тыңайтқыштарға бері­летін демеу қаржыны электронды үлгіде тапсыру арқылы алуға болады. Ерте әрекет жасаған шаруа қожалықтар қажетті тыңайт­қыштарды сайтқа енгізіп, қажетті субсидияға қол жеткізуде. Бұл ауылдағы шаруа ағайынға үлкен көмек. Сондай-ақ «Геоақпараттық портал», «Көліктің серіктік мониторингі», «Сауда алаңы», «Ауа райы қызметі», «Көлік логистикасы» секілді диқаншы қауым мен шаруа үшін қолжетімді ресурстар жасақталды. Ауылда бақша өнімін еккен диқан осы қосымша құрылғы арқылы серіктес тауып, өнімін шетел нарқына шығаруға, не ұзақ мерзімді қоймаға сақтауға, электрондық сауда алаңына шығаруға мүмкіндік туады.
Сонымен қатар ғылыммен байланыс орнатқан шаруа қожалықтар бар. Атап айтқанда, Керімхан Егізбаев ағамыз дала көркіне сән беріп, өзінің өнімділігін, өтімділігін дәлелдеген күріштің жаңа сорты «Ай-Керімді» жаппай айналымға енгізуге күш салуда. «АйКерімнің» жалтырау сапасы – 100 пайыз, дәнділігі (жармалылығы) – 72 пайызды құрайды. Сабағы күріштің басқа түрімен салыстырғанда 15-20 см-дей биік әрі берік. Бір масақта 250-ге дейін дән байлайды. Ең бастысы, ауруға төзімді. Әсіресе, қызыл күріш шығып кетеді деп қорықпайсыз. Бұл шетелдік кез-келген күріш тұқымынан сапасы жақсы деген сөз. Талай жылғы тауқыметінің жарқын жемісін көрген Керімхан Егізбаевқа және «Жақаев атындағы күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС мамандары өнімділігі жоғары күріштің жаңа сортын енгізуге біріге жұмыс жасауда.
Аудан диқандары бақша дақылымен де мақтана алады. Мәселен, Жайылманың қарбызы Сыр өңірінің брендіне айналды. Ерте көктемнен қара күзге дейін сатушылар «Жайылманың қарбызы» деп саудаға шығарады. Тау суынан нәр алып, жусандықтарға егілген қарбыз ерекше дәмді, яғни сұранысқа ие. Бүгінде Кейден ауылдық округінде жүгері кластері дамып келеді. Нарықта жүгеріден дайындалатын «Кәусар» сусынына сұраныс артты. Біздің ең басты мақтанышымыз, мал шаруашылығы саласындағы жүйелі жұмыстар. Малды асылдандыру және ет өндеп, экспорттауға ден қойған шаруашылықтар бар. «Бекарыс Агрофуд» ЖШС инвестиция тартып, осы бағытта жұмыс жасауда.
Жалпы аудан бойынша 957 шаруашылық құрылымдарының 503-і егін шаруашылығымен, оның 203 шаруашылық құрылымы күріш өсірумен айналысады. 7739 гектар күріш алқабының әр гектарынан 58,0 центнерден өнім алып, 44,8 мың тонна астық қамбаға құйылды.
Мал азығын дайындау жұмыстары бойынша 88,0 мың тонна жоңышқа, 64,0 мың тонна табиғи шөп жиналды. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен әлдеқайда жоғары. 1775 гектар бақша, 758 гектар көкөніс, 570 гектар картоп, 506 гектар дәндік жүгері, 408 гектар тары дақылдары жиналып, былтырғы жылмен салыстырғанда өнімділік ұлғайды.
Ауылшаруашылығы саласын әртараптандыру бағытында және суды аз қажет ететін дақыл түрлерін егуге байланысты Жаңақорған ауданы бойынша 2737 гектар жерден 7426 тонна күздік бидай дақылы жиналды. 120 гектар жаздық бидайдан 240 тонна, 100 га жаздық арпадан барлығы 149 тонна өнім алынды.
Сонымен қатар, 506 гектар дәндік жүгеріден 39 центнерден, 408 га тары дақылынан 28,8 центнерден өнім жиналды. 570 гектар картоп, 758 гектар көкөніс және 1775 гектар бақша дақылдары мол өнім жиналды. Яғни картоптың әр гектарынан 105 центнерден, көкөністен 216,0 центнерден, бақшадан 301,0 центнерден өнім алынды. 2348 гектар мақсары, 70 гектар күнбағыс дақылдары толығымен жиналып, мақсарының әр гектарынан 12,9 центнерден, күнбағыстан 25,4 центнерден өнім алынып отыр.

Ғалымжан СОПБЕКОВ,
аудан әкімінің орынбасары
19 қазан 2019 ж. 609 0