№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Сөнбес сезім...


Айсауленің бұл кірпігін ілмей ұйқы­сыз жатқан төртінші күні. Шал­қасынан аспандап,бір нүктеге тесіліп қарап жатты да қалды. Ара арасында у-х-х деп ұзақ күрсініп алады да, қайта тұңғиық ойға шомады. Кім кінәлі ? Міне осы сұраққа жауап іздеумен әлек.
...Бәрі сол күні аяқ астынан басталды. Дәл солай бір күнде, бір мезетте өмірі ойран болып, бәрі де астан – кестен болады деп кім ойлаған?
Күйеуі Саматтың бұған деген сезімінің бір сәтте сөне қалуына не себеп? Отбасын құрғандарына жиырма жылға жақындап қалғанда, осы уақытқа дейін бір-біріне бауыр басқаны соншама, өкпелеп көңілін суытайын десе ешбір оғаш қылықтары есіне түспей, кінәлай алмай әуре боп жатыр...
Айсауле мен Саматтың отбасын құрғалы бір-біріне сүйіспеншілігі соншалық араларында бала болмаса да, бір-бірін кінәлап ұрысқан емес еді. Отбасын құрған соң бір жылдан кейін құрсақ көтерген Айсауле, жүктілігіне алты ай уақыт болғанда, іштегі баласы түсіп қалып, қатты күйзеліске ұшыраған болатын. Содан кейін ана болу бақыты бұйырмаған екен. Талай жерге қаралып, тексеріліп, емделсе де еш нәтиже шықпаған.
Содан кейін Айсауленің ағасының баласын, перзентханадан шыққан соң бауырына басып, асырап алады. Ұлдарының атын – Арман деп қойып, армандарына жетіп, жарасымды отбасы болып, сүттей ұйып отырған кезінде, дәл орта жолда не болды, көз тиді ме, әлде сөз тиді ме, түсінбей әлек.
Айсауленің анасының сырқаттанып қалғанын естіп, Саматтан рұқсатын алып,төркініне барып бір-екі күн кідіріп қалғаны сол екен. Сол кезде Самат үйінде баласы Арман екеуі қалып, астарын әзірлеп жатқанда,Саматтың әкесі үйіне келіп қалып: «Немене ондай әйелдің керегі не саған. Ол саған бала туып бере алмаса,ұрпағыңды жалғастыратын. Ендігісі саған қазан ұстатып қойып, төркінінде жатса. Мен бұған шыдай алмаймын, үйге жүр деп үйіне алып кетеді. Күнімен түнімен сөйлеп, миын ашытып, ағайын-туыс бауырларын жинап ортаға салып, Айсауледен ажырасып, басқа әйелге үйленем деген уәдесін алады.
Екі күннен кейін үйіне келген Айсауле Саматтың өңі бозарып, қиналып, мазасыз күйде отырғанын көріп, ауырып қалды ма деп, асты-үстіне түсіп бәйек болып жүр. Арасында төркінінде болған жаңалықтары мен әңгімелерін айтып, туыстарының айтқан сәлемдерін жеткізіп күліп қояды. Бірақ Саматта үн жоқ. Бүк түсіп көрпеше үстінде дуалға қараған күйде жата берді. Айсауленің бір сөзін де естіп жатқан жоқ. Бар ойы болған жағдайды Айсаулеге қалай айтып жеткізсем екен деген ойда, екі көзінен парлап аққан жас бетін жуып жатты. Тек Айсауле қасына келіп,мен саған сөйлеп жатырмын, сен үн қатпайсың, тыныштық па, не болды өзі? – деп иығынан тартып, бетіне қарағанда Саматтың түрінен қорқып кетті. Самат жылап тұрып, бәрі бітті, мен кінәлімін, бәрі жиналып, жан-жағымнан қаумалап,мені сөзбен жеп қойды. Мен қалай уәде бергенімді білмей қалдым. Кешірші мені, бірақ мен сені сүйемін. Арман екеуіңсіз маған өмір еш қызық емес. Бірақ мен ағайындарымның алдында уәде бердім,енді қайтем деп жылады. Әңгіменің аяғын Айсауленің құлағы еш естімей қалды. Сылқ етіп, үн-түнсіз отыра кетті.
Аузынан еш сөз шықпады, бірақ екі көзінен шыққан жасты тоқтату мүмкін емес еді. Неге, неге,не үшін бұлай? Міне осы сұрақтарға әлі де жауап таба алмай жатыр. Менің кінәм не, мен көтерудей ақ көтердім ғой, бірақ ол баланы қолыма ұстай алмағаныма мен кінәлімін бе? Ағамның баласын да бауырларымызға басқанда да ұзақ ойланып, аманатқа қиянат жасамаймыз деп келісіп барып алған жоқ па едік? Менің тағдырыммен ойнап, орта жолда мені қалай оп-оңай тастап кете салды? Қалайша бұлай бәрі оңай оған? Орта жолда, орта жасқа келгенде мұндай жағдайда қалдырады деп ойлаппын ба мен оны. Анық ойы болса жас кезімде, бір-бірімізге бауыр баспай тұрып неге ажыраспады? Енді мен басымда баспанам жоқ, қолымдағы сегіз жасар баламен қайда барып, қалай өмір бастаймын? Міне осы сұрақтардың шешімін таппаған Айсауле өмірден баз кешіп, төсекке таңылып жата берді.
Қайын сіңлісінің осындай жағдайда қалғанын естіген Мейірбан жеңгесі келіп: «Еркекке сенгенше екі босағаңа сен деген жаным. Таусылма, тұр, есіңді жина. Біз- бауырларың сенімен біргеміз. Аяғыңа тұрып кетуіңе де, үй салып беруге де көмектесеміз. Мен саған ұлымды не үшін бердім. Маған да баламды омырауымнан жұлып бере салу оңай болған жоқ. Бірақ ағаң екеуміз сендердің шаңырақтарың шайқалмасын деп беріп едік. Енді сен сол бала үшін, соны жетілдіру үшін күресуің керек!» – деп басу айтып, орнынан тұрғызды.
Арада бір жыл уақыт өтті. Айсауле жұмысқа тұрды. Бірақ әлі де көңілі құлазып, өткен өмірін, бақытты отбасы кезеңін аңсайды. Тек қана бір қуанары, ұлы – Арманның ақылды, ойлы, жанашыр азамат болып өсіп келе жатқаны. Ендігі өмірімді тек балама арнаймын деп қояды Айсауле күрсініп.
Ал Самат болса көп ұзамай үйленіп алды. Қазір бір баласы бар. Әкесінің арманы орындалған сияқты. Бірақ Самат бақытты ма? Жоқ Саматтың да әлі есіл дерті Айсауле мен Арманда. Бірнеше рет телефон шалып, мен әйелімді сүймеймін, әкемнің айтуымен үйлендім. Сендерге барып тұрайын, бірге тұра берейікші, деп қоңырау шалды. Арманды да көріп тұруға Айсауле рұқсат беріп еді, бірақ Арман соңғы рет әкесімен үйіне барып келген соң: Мен енді ол үйге бармаймын. Әкем басқа әйелге үйленіп алыпты. Енді екеуміз бірге тұра берейікші, деп жылаған соң, араластырмай қойған.
Айсауле – жүрек түкпірінде әлі де Саматқа деген өшпес сүйіспеншілігін қанша жасырайын десе де, қолынан келмейтінін, оны еш жамандыққа қимайтынын, бұл шешім оның өзінің емес әкесінің шешімі екенін айтып жақтап та қояды. Мен оның бағын байлап қайтем, әкесі айтпақшы ұрпақты болуға әркімнің де қақысы бар ғой деп, өзін жұбатады, бірақ ұмыта алмайтынына қиналады.
Иә, адам тағдырын өзі жасай алмайды, тағдырым осылай шығар, қайтейін енді, әйтеуір жалғыз емеспін Арманым аман болсыншы деп көз жасын сығып алып,жүріп кетті.

Гулзипа САРБАСОВА,
Жаңақорған аудандық емханасының психологы.
02 желтоқсан 2020 ж. 535 0