№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Елтаңба – елдіктің арқауы

Елтаңба – елдіктің арқауы

Zhanaqorgan-tynysy.kz Елдік сананы Елтаңбамен өлшеп, мемлекетшілдік рухтың асқақтауына үлес қосып, патриотизмнің асқақ рухын танытқан Жандарбек Мәлібеков ағамызбен Zoom платформасы арқылы байланыстық. Тәуелсіздік күні қарсаңында аудан әкімі Руслан Рүстемовтің тапсырмасы бойынша өрбіген кездесуге мемлекеттік қызметкерлер, кітапханашылар қосылды.

Әсел РЗАЕВА


Сұқбатты  аудандық кітапхананың директоры Әсем Манапқызы жүргізді. Алғашқы сұрақ Елтаңбаның жасалу тарихына байланысты қойылды.
– Елтаңбаның негізгі компоненті – киіз үй. Жалпы киiз үй осыдан 2500 жыл бұрын пайда болыпты. Сол заманнан қазақ даласында өмір кешкен түркі халықтары (қазақтың байырғы ата-бабалары) өзiнiң тұрмыс-тiршiлiгiн, салт-санасын осы үймен байланыстыра өмір сүрді. Киiз үй – қазақ үшiн баспана ғана емес, үлкен философиялық нысан. Терең дүниетанымдық көрсеткiш. Оның iшкi құрылысы, сыртқы көрiнiсi, пропорциясы, оны кеңiстiкке орналастыру әдiсi бәрi де, расында, терең философияның жемiсi. Бұл тұрғысында киiз үй – шын мәнiнде әлi де зерттелмей келе жатқан тақырып. Мысалы, оның кейбiр өлшемдерi жұлдызнамаларға сәйкестендiрiп жасалған деген мағлұмат бар. Тiптi үйдiң орналастырылуы күннiң шығысы мен батысын айқындап, кiсiге бағыт көрсететiндей тәртiппен жасалады. Демек киiз үй – расында да, әншейiн баспана емес, бүкiл қазақ халқының болмыс-бiтiмiн, салт-санасын көрсететiн фактор. Қазақтың «шаңырағың биiк болсын, керегең кең болсын, босағаң берiк болсын» деп тiлек айтатыны – соның белгiсi.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы дөңгелек нысанды. Бұл – Ұлы дала көшпенділері айрықша қастер тұтқан өмір мен мәңгіліктің символы. Елтаңбаның орталық геральдикалық элементі – көгілдір түс аясындағы шаңырақ (киіз үйдің жоғарғы күмбез тәрізді бөлігі) бейнесі. Шаңырақты айнала күн сәулесі секілді тараған уықтар шаншылған. Шаңырақтың оң жағы мен сол жағына аңыздардағы қанатты пырақтар бейнесі орналастырылған. Жоғарғы бөлігін-де – көлемді бес бұрышты жұлдыз, ал төменгі бөлігінде «Қазақстан» деген жазу бар.
Сақ дәуірі заманындағы жануар стиль бейнесі. Аңыздағы қанатты тұлпарлар Елтаңбадағы өзекті геральдикалық элемент болып саналады. Бағзы замандағы тұлпар бейнесі батылдықты, сенімділікті және ерік күшін танытады. Пырақтың қанаты Қазақстанның көпұлтты халқының қуатты және гүлденген мемлекет құру туралы ғасырлар бойғы тілегін аңғартады. Өткен ғасырларда мүйіз көшпенділердің табынушылық ғұрыптарында, сонымен қатар, жауынгерлік тудың ұшына орнату үшін белсенді пайдаланылған.
Етаңбасындағы тағы бір деталь – бес бұрышты жұлдыз. Бұл символды адамзат ежелгі заманнан бері пайдаланып келеді, ол адамдардың ақиқат сәулесіне, барлық игі аңсарларға және мәңгілік құндылықтарға деген ұдайы ұмтылысын білдіреді. Мемлекеттік Елтаңбада жұлдыздың бейнеленуі қазақстандықтардың әлемнің барлық халықтарымен ынтымақтастық пен серіктестік орнатуға ниетті ел болуға  деген талпынысын танытады, – деп мән-жайды түсіндірді Елтаңба авторы.
Одан әрі «Елтаңбаның наси-хатталуына көңілің тола ма?» деген сауал қойылды.
Осы сауалды күткендей-ақ екен, үлкен тебіреніспен сөз бастады:
– Біздің елдігімізді айқындайтын мемлекеттік рәміздер – Көк байрақ, Елтаңба және Әнұран ғой! Осы құндылықтарды дәріптеу – елдіктің ісі. Түрлі деңгейдегі іс-шараларда Әнұранымыз шырқалып, Туымыз желбіреп жатады. Алайда Елтаңба барын естен шығарып алатынымыз бар. Меніңше, әр қазақтың төрінде ілініп тұрса да артық болмайды, – деді профессор Жандарбек Мәлібекұлы.
Еркіндік пен елдік тақырыбында өрбіген еркін әңгіме барысында  қатысушылар түйдек-түйдек ой түйіп, елге адал қызмет етудің мән-маңызын зерделей түскені анық.
Бұл турасында аудан әкімдігінің бас инспекторы Ерсұлтан Жанболат:
– Мемлекет өмірінің ең өзекті мәні –
тәуелсіздігі. Адам адам болғалы еркіндік үшін өмір сүріп, еңбек етіп, күресіп, тіресіп келеді. Адамзат қоғамы өркениетке аяқ басқалы бері халық атаулының барлығы жеке мемлекет құруға, дербес ел болып тұруға ұмтылып келеді. Жандарбек ағаның осы турасында айтқан салмақты ойлары көңіліме қонды, – деді.
Иә, ойлы адамдар қоғамға ой тастай алады. Бәрінен бұрын, олардың өмір жолы көпке үлгі-өнеге болады. Жандарбек Мәлібекұлымен болған кездесуден осындай тағылым түйдік.
29 қараша 2020 ж. 717 0