№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » ДОСТЫҚ ҺӘМ ЕЛДІК МҰРАТ

ДОСТЫҚ ҺӘМ ЕЛДІК МҰРАТ

Елдік сананы Елтаңбамен өлшеп, мыңжылдықтардан бастау алатын тарихи жадыны тірілтіп, патриотизмнің асқақ рухын танытып жүрген Жандарбек Мәлібековты мақтан тұтамыз һәм мақтанамыз. Қайраткердің студенттік шағын ел ағасы Алшынбай Тұртанов айтып берген еді. Иә, Жәкең мен Алшекең Ташкенттегі Орта Азия политехникалық институтында білім алады. Сол кезден достық қарым-қатынас орнап, сыйласып келеді. Жақында Жандарбек Мәлібеков Жаңақорғанға келіпті. Нақтысын айтқанда, шипажайда ем алып, туған жердің ауасымен еркін тыныстап, рухтанады. Досы ауылға келгенін естіген Алшекең үйінде жата ала ма? Қасына серік болуды сұрады. Бірге шипажайға бардық. Ел ағаларының амандық-саулық сұрап, бір-біріне «мырза» деп сыйлағанын көрдім.
– Біздің Жәкең жастайынан өте талантты болды. Бәлкім Ұлы даланың саяси һәм мәдени орталығы болған Сығанақтың топырағы оның бойына ерекше қасиет-қабілеттерді сіңірді-ау деймін, – деп бастады әңгімесін Алшынбай Тұртанұлы.
Студенттік кезін еске алды ма, аз уақыт үнсіз отырып, ойына түскен қызықты оқиғаларды баяндай бастады.
– Елтаңбаның авторы Жандарбек Мәлібеков екі курс жоғары оқыды. Ол талантты азамат қой! Студент кезінде математикаға жүйріктігінің арқасында талай сайыстарда жүлде алатын. «Кешкі Ташкент» газетінде Ташкент қаласының автобус аялдамаларын заманауи келбетке түсіру үшін байқау жарияланды. Бірінші орынға 250 мың рубль тігілді. Біз Жәкеңе өтініш айтып, қатысуын өтіндік.
Байқауға Өзбекстанның сол кездегі бас архитекторы Бабажанов төраға болды. Ол конкурсқа қатысушыларды аралап жүріп Ж.Мәлібековтың эскиздерін жинап алып, мінбеге шықты. Жандардың бір-біріне ұқсамайтын 7 жұмысын көпшілікке көрсетіп, «Міне, талант. Қиял шыңы. Шығармашылық жұмыс осындай болу керек», деді. Сәл үңсіздіктен кейін осы жұмыстың авторына «бірінші орынды белгілеңдер», – деп пәнмен берді. Ақкөңіл, ақжарқын, жомарт Жәкең өзінен төмен оқитын 5 қазақ студентіне жүлдені теңдей бөліп берді. Міне, Ж.Мәлібеков сондай кеңпейіл, ақжарқын тұлға болатын, – деді Алшынбай аға.
Өзбек халқы Жандарбек Мәлібековтың талантын мойындап, жауапты қызметтер ұсынды. Бірақ Сығанақ топырағынан нәр алған, өр рухты азамат туған жердің жусанын аңсайды.
1991 жылы Тәуелсіздігін алған Қазақстан Мемлекеттік рәміздерге халықаралық байқау жариялады. Жат елде жүрсе де елдегі оқиғаларға құлағы түрік жүретін дарынды азамат байқауға қатысуға ниет етеді. 1992 жылдың 27 наурызында байқауға арналған елдік мұрат пен ұлттың болмыс-бітімін кескіндеген Елтаңба жобасын Жоғарғы Кеңестің бәйге материалдарын қабылдау бөліміне тапсырады. Ж.Мәлібековтің жобасы №173 болып тіркеледі. Жалпы халықаралық байқауға 293 жұмыс түсіп, соның ішінде үздік деген алтауы іріктелініп, келесі кезеңге жіберіледі. Олардың арасында Мәлібековтіңде жобасы да бар-тын. 1992 жылдың 4 маусымында Жоғарғы Кеңес депутаттары Жандарбек Мәлібековтың жобасын қолдайды.
Осы сәтті еске түсірген Жандарбек Мәлібекұлы:
– Бұл сәттегі қуанышымды сөзбен жеткізу мүмкін емес. Бойымда бір күш кернеп, туған елге, жерге деген сағынышым жанарыма жас тұңдырды... – деді.
1992 жылы 6 маусымда Абай атындағы Опера және балет театрында мемлекеттік рәміздердің тұсаукесері өткізіліп Жандарбек Мәлібековке ресми түрде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасының авторы деген Президенттің қолы қойылған «Биік мәртебелі куәлік» алады. Осылайша, Жандарбек ағаның есімі «Елтаңба авторы» ретінде тарихқа алтын әріппен жазылды.
Елдіктің айрықша белгісі саналатын Елтаңбаның авторын күнде көре бермейтініміз рас. Сондықтан Жандарбек Мәлібекұлын сұрақтың астына алып, мемлекеттік рәміздің жасалу негізін, мәнін мен мақсатын, жолы мен жүйесін, танымы мен тағылымын білдік.
– Елтаңбаны жасау барысында алдымен қазақтың тарихын зерделедім, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын зерттедім. Халықтың басты ерекшелігіне назар аудардым. Сосын қазақ үшін не нәрсе құнды деген сұраққа жауап іздедім. Осы сұраққа тапқан жауабымды бейнелегім келді. Бұл ізденісімнің жауабын «керегең кең, босағаң берік болсын» деген ұлағатты сөзден таптым. Сондықтан Елтаңба жобасын жасағанда киіз үйді негізгі алдым, – деп Елтаңбаны жасаудағы негізгі идеяны айтудан бастады.
– Неге киіз үйді басты нысан еттіңіз?
– Жалпы, киiз үй осыдан 2500 жыл бұрын пайда болыпты. Ұлы дала елінде өмір кешкен түркі халықтары (қазақтың байырғы ата-бабалары) өзiнiң тұрмыс-тiршiлiгiн, салт-санасын осы үймен байланыстыра өмір сүрді. Киiз үй – қазақ үшiн баспана ғана емес, үлкен философиялық нысан. Терең дүниетанымдық көрсеткiш. Оның iшкi құрылысы, сыртқы көрiнiсi, пропорциясы, оны кеңiстiкке орналастыру әдiсi терең философияның жемiсi. Бұл тұрғысында киiз үй – шын мәнiнде әлi де зерттелмей келе жатқан тақырып. Мысалы, оның кейбiр өлшемдерi жұлдызнамаларға сәйкестендiрiп жасалған деген мағлұмат бар. Тiптi үйдiң орналастырылуы күннiң шығысы мен батысын айқындап, кiсiге бағыт көрсететiндей тәртiппен жасалады. Демек, киiз үй – расында да, әншейiн баспана емес, бүкiл қазақ халқының болмыс-бiтiмiн, салт-санасын көрсететiн фактор. Қазақтың «шаңырағың биiк болсын, керегең кең болсын, босағаң берiк болсын» деп тiлек айтатыны – соның белгiсi.
– Елтаңбадағы өзге компонет­тер жайлы не дейсіз?
– Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы дөңгелек нысанды. Бұл – Ұлы дала көшпенділері айрықша қастер тұтқан өмір мен мәңгіліктің символы. Елтаңбаның орталық геральдикалық элементі – көгілдір түс аясындағы шаңырақ (киіз үйдің жоғарғы күмбез тәрізді бөлігі) бейнесі. Шаңырақты айнала күн сәулесі секілді тараған уықтар шаншылған. Шаңырақтың оң жағы мен сол жағына аңыздардағы қанатты пырақтар бейнесі орналастырылған. Жоғарғы бөлігінде – көлемді бес бұрышты жұлдыз, ал төменгі бөлігінде «Қазақстан» деген жазу бар.
Сақ дәуірі заманындағы жануар стиль бейнесі. Аңыздағы қанатты тұлпарлар Елтаңбадағы өзекті геральдикалық элемент болып саналады. Бағзы замандағы тұлпар бейнесі батылдықты, сенімділікті және ерік күшін танытады. Пырақтың қанаты Қазақстанның көпұлтты халқының қуатты және гүлденген мемлекет құру туралы ғасырлар бойғы тілегін аңғартады. Өткен ғасырларда мүйіз көшпенділердің табынушылық ғұрыптарында, сонымен қатар, жауынгерлік тудың ұшына орнату үшін белсенді пайдаланылған.
Етаңбасындағы тағы бір деталь – бес бұрышты жұлдыз. Бұл символды адамзат ежелгі заманнан бері пайдаланып келеді, ол адамдардың ақиқат сәулесіне, барлық игі аңсарларға және мәңгілік құндылықтарға деген ұдайы ұмтылысын білдіреді. Мемлекеттік елтаңбада жұлдыздың бейнеленуі қазақстандықтардың әлемнің барлық халықтарымен ынтымақтастық пен серіктестік орнатуға ниетті ел болуға деген талпынысын танытады.
– Елтаңба ұлттық философияны әспеттейтін нышан. Мұны жас ұрпақ біліп өсуі тиіс. Солай емес пе?
– Осы сұрақ мені ұзақ толғандырды. Сосын былтыр «Қазақстан Елтаңбасы» деген кітапты шығардым. Қазақ, орыс, ағылшын тілінде щыққан кітаптан елдік құндылықтардың компонентін ұлықтайтын Елтаңбаның жасалу жолы мен жүйесін, мән-мазмұнын танып, қазақтың сан ғасырлық сұрыптаудан өткен салт-дәстүрі, дүниетанымы, парасатын білесіз. Қысқасы, Ұлы дала академиясында айрықша орны бар киіз үй архитектоникасы, Алтын адам және тұлпарлар философиясы, «Мәңгілік Ел» мұраты және т.б жауап алуға болады.
Қазақстанға белгілі архитектор Жандарбек Мәлібекұлы Елордадан арнайы әкелген «Қазақстан Елтаңбасы» кітабына қолтаңба қойып, естелікке берді. Алдағы уақытта «Жаңақорған тынысы» газетінің редакциясы да арнайы беретінін ескертті.
P.S.: Қазақты өзге ұлттардан ерекшелейтін қасиеті – қайырым­дылығында, достыққа беріктігінде. Мұндай пайым жасауға Жандарбек Мәлібеков пен Алшынбай Тұртановтың студенттік кезден басталған достығы себеп болғандай.
Нұрлат БАЙГЕНЖЕ
26 қаңтар 2020 ж. 690 0