№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Өмір шуағы


Жаратушы Иенің мейірі түсіп, басқа жаратылыстардан мерейін артық етіп жаратып қойған адамзат үшін ең аяулы құндылық – деннің саулығы екен. Сырқатың сыздап, қу жаның көзіңе көріініп, жаныңды тұшытар тұрақ таба алмай тынысың тарылса дүниенің кеңдігінен не пайда?
Осындайда «Дәрігер – адам жанының арашашысы» деген жаттанды ұғым еске түседі. Егенбердінің бала жастан дәрігерлікті таңдауына осы бір періште сенім діңгек болды ма екен, басқа ма? Бірақ үстіне ақ халат іліп, алдына келген сырқатты емдеп жазуға талап қылған алғашқы күннен түйсігіне мықтап орныққан бір ақиқат – құйтақандай дерт болсын Құдіреттің қалауымен ғана беті қайтып қармағынан босатады. Демі бітпеді ме, дерт дендеп, саушылығына тоқсан тоғыз пайыз кінәрат жамасын мейлі жаны қалған тіршілік толқынына жармасып жағаға аман-есен табан іліктіріп жатады. Олай болса дәрігер дегеніміз көк пен жердің арасында ұшы – қиырсыз тілектерді үздіксіз алып ұшып, жалғанның жарығына ұмтылудан жалықпайтын жан иелері мен Тәңірдің арасын жалғап тұрған бір дәнекер ме дерсің?
Жарты ғасыр ел саулығы күзетінде қалғымай қызмет еткен елгезек жанды, ерекше қадір -қасиетті еншілеген Егенберді ағамыздың өмірден түйген ақиқаты осындай.


Көп жыл саулық күзетінде талай науқасты көзден өткергенде түйген тұжырымы, кесел атаулының түбі – күйзелістен туса керек. Сарыуайымға түсіп, жүйкесі жүндей түтілген ауырт­палықтың салдарынан айықпас ауру тауып азабын тартқан жандардың қатарында өз анасының да көз алдында дертіне шипа таппай арманда кетуі еңбек жолын жаңа бастаған жас дәрігерге аз соққы болған жоқ. Әз-ана жүрегіне салмақ салған замана ауыртпалығы аз емес екен. Нешеме рет құрсақ көтеріп қолына ұстаған нәрестелері бірінен соң бірі шетінеп сағы бір сынса, соғыс өрті тұтанған қасіретті жылдар әр үйдің қарағайдай азаматтарын қарауылға іліп талай шаңырақты қайғы отына орады. Солардың қатырында әкесі Әмит пен оның туған бауыры Оразбек екеуі бірдей майданға аттанған. Солдат Әмит «майтабан» деген диагноз қойылғандықтан жаяу әскерге алынбай Мәскеу түбінде жауынгерлік қару-жарақ таситын көліктің жүргізушісі болыпты. Өзі бұл туралы кейін аман-сау елге оралған соң «Советте әділдік бар ғой, осындай жақсылығын көрдім» деп жиі айтып отыратын. Бейбіт кезеңде шаруашылықта жүргізуші болып жұмыс атқарған екен.
Әмитов Егенберді аудан орта­лығын­дағы №51 орта мектебінде білім алды. Өз қолымен жазылған автобио­графиясында былай деп жазылған:
«Мен №51 мектепте жақсы оқып, білім алып шықтым. Балаларым Әмитов Тәңірберген, Нуридин, Шәмшідин, Саида, Бағдат, ГауҺар, бәрі де осы мектептің түлектері.
Мектепте оқыған кезімде ерекше есте қалған ұстаздарым – Ибрагимов Мақсұт, Әбжалелов Бегман, Үпенов Жүніс,Тен Наталья Христофорова, Шацких Вера, Низамуддин Илялетдинов,Зікір Қошқаров, Махмуд Сырымов, Бақыт Еспаев, Вера Наурызбаева, тағы басқа ағай-апайларымды үлкен құрметпен, сүйіспеншілік сезіммен әруақытта еске алып рахметімді айтып жүремін. Одан кейінгі қазіргі менің ұлдарым мен қыздарымды оқытып тәрбие берген ұстаздарға өзімнің шын жүректі тілектестігімді білдіргім келеді».

АУЫЛ ДӘРІГЕРІ

Егенберді ағамыз бүкіл өмірін бабалар дәстүріне бағыттап, имандылықтың ақ туын көтеріп өткен, сол кезеңдегі замана саясатына бағынып, сара жолды шынайы тұрғыда ұстана алмаса да, кеңестік тәртіптің талабымен жүріп-тұрса да жан тазалығына кір жуытпаған, Алланың ақ жолын ділімен қорғап, жүрекпен қолдап, өмірінің соңына дейін ту етіп ұстай білген қасиетінен бір жаңылмады.
Әлқисса, жүрек қалауымен дәрігерлік мамандықты таңдап, алпысыншы жылдары Ақтөбе мемлекеттік медицина институтына жол тартқан жас осы оқу орнына қабылданыпты. Сол кездері институт ректоры, бұдан бұрын Қызылорда облыстық денсаулық сақтау бөлімінің бастығы болған Даиров деген ағалары туған жерден барған қаншама жас түлектің талабына таяныш болғанға ұқсайды. Сол жылдары аталмыш оқу орнын тәмамдаған туған жердің алғашқы қарлығаштары – Тұрғанбай Маханов, Егенберді Әмитов, Әлімхан Баубековтер болатын.
Алғаш еңбек жолын өз туған жері – Жаңақорғанында бастаған Егенберді Әмитовтың туған ел медицинасының аяғынан тік тұрып, қалыптасуына қосқан үлесі ұшан-теңіз. Талабын тәжірибе жүзінде шыңдаған еңбекқор азаматты үздіксіз алға бастаған ең алдымен анадан адал сүт емген жан тазалығы еді. Жаны таза адам әділдікке жақын. Ал әділдік бар жерде қиянатқа құйтақандай орын жоқ. Қиянатыңыз не, біреудің қабағына қылдай кіреуке ұяласа ұйқысы қашып, көңілі орнына түспейтін, қарамағындағыларға қатал талап қойып шаңын қағып алғанымен қайтымы тез Ерекеңе осы мінез, осы қадір-қасиет абыройлы еңбек жолының өнебойында айнымас серік болыпты.
Өз мамандығына мінсіз адалдығы ескеріліп, көп өтпей, яғни 1965 жылдан бастап аудандық туберкулезге қарсы күрес ауруханасының бас дәрігері болып тағайындалды. Осы жылдары өзінің білікті басшы екенін дәлелдей алды. Алматыдағы туберкулез институтынан мамандар шақырып, ауыл тұрғындарына жаппай флюорографиялық тексеру арқылы сырқатты ерте анықтау, алдын алу шараларына жағдай жасады. 1972 – 1985 жылдар аралығында Ерекең аудандық аурухана бас дәрігері қызметін атқарды.
Талай жыл бедерінде Ерекеңмен әріптес болып, денсаулық күзетінде тізе қосып, бірге қызмет атқарған, бүгінде жасы сексенге таянып қалса да сырқаттарды емдеу ісінде нәтиже мен сапа деңгейі жөнінен көпті мойындатып жүрген аяулы ауыл дәрігері Сейтмұратов Жұмабек ағамызбен сыр бөліскенімізде аудан медицинасының шынайы шежіресі көз алдымызда тіріліп жүре берді. Енді осы әсерімізді өздеріңізбен бөліспекпіз, қадірлі оқырман.

КӘСІП ҚУАТЫ – ҚҰШТАРЛЫҚТА


Бұл кісі де Ерекеңнің ізін ала Алма­ты медициналық институтын бітіріп ауылда дәрігер болуға бел буыпты. Осында бұйрық алып келгенінде аудан­дық аурухананың бас дәрігері Орманбек Сақбаев деген кісі екен. Тәр­тіп бойынша облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы София Мақашеваның алдынан өтті. «Мені Жаңақорған ауданына инфекция бөліміне жіберіңізші» дегенінде «Бәрі ә дегеннен хирург болам деп келетін еді, инфекцияға баруға тілек білдірген бірінші адамсың. Саған онда не бар?» деп кәдімгідей бұған сыр тарта қарады. Бұл үндемеді. Алты жасар кезінде Шиелінің ауруханасында сарыауру боп жатқан анасын көруге әкесімен еріп барып, жыламаймын деп уәде берсе де кемсеңдеп көз жасын көрсетіп қойғаны, сонда анасы мен екеуінің арасын бөліп тұрған кішкентай терезенің аржағында ары-бері жүрген сырқаттарды көріп, мен өскенде осы ауруды емдеймін деп өз-өзіне серт бергендей болған сенімі оған осылай дегізіп тұрғанын бұл кісі қайдан білсін?
Бір жылдан соң Сақбаев Алматыға ауысып кетті де ауданның бас дәрігері болып Егенберді Әмитов тағайындалды. Ол кісі басшы болып келгеннен бастап кадр мәселесіне терең ден қояды. Ауданда бас терапевт Әлжан Шалабаев, бас гинеколог Мәрия Жұмағалиева, ауданның бас педиатры Әбдрейімов Сұлтанбек, бас инфекционист Жұмабек Сейтмұратов, бас хирург Бектұрсын Нысанбаев еді. Сол кезеңдері Түркістан қаласынан туған жерге көшіп келген Оспанов Нұрлақ ағамыз облыста алдыңғы қатарлы хирург болып саналатын. Аудан денсаулық сақтау жүгін көтергендер қатарында Сыпатаев Қалила ағамыздың да орны бір бөлек еді.
Аудан орталығынан шалғай жер­лерден мезгілінде жету қиын, ауру асқынып кететін жағдайлар көп. Халық­тың медициналық сауаттылығы төмен, балалары ауырса ит тиді деп иттің басына түсіреді, тағы бірнәрселер істейді, сырқаты әбден меңдегенде әкеледі де, сосын укол, системаны алуға жарамай шетінеп кетіп жатады. Ондайда кінәлі дәрігерлер болып шығады. Аурушылдық жағдайы, өлім-жітім көрсеткіші осылай болып тұрғанда дәрігерлер басынан қатаң сөгіс арылмайтыны тағы белгілі. «Жедел жәрдем» көлігі тапшы, ауру­ханадағы ескі көлікпен уақтылы жетіп бару мүмкін болмай қаншама өкінішті оқиғалар орын алды. Сондай жағдайдың бірі, жергілікті жердегі бекітілген фельдшер мамандардың өз учаскесін қамти алмауынан алыстағы малшы қыстағында толғатқан әйел-ана өлімі бойынша гинеколог-дәрігер Мәрия Жұма­ғалиеваның бас дәрігердің алдынан сыбағасын алып шыққаны аздай аудандық атқару комитетіне шақырылып тоқпақтың астында қалғаны, одан «Сарыбаев шақырып жатыр» дегенде жүрегі сыр беріп талып қалғанында бәрінің есі шығып зыр жүгіргенін әлі ұмыта қойған жоқ.
Бөлім бас дәрігерлері ай сайын кезекке тұрғандай бірінен соң бірі қатаң сөгіске ілініп, еңсе көтеруге мұрша жоқ ауыр күндердің талайы өтті ғой. Кісінің жүйкесі деген де темір емес екен, күн-түн көз ілмей, уақытпен санаспай, ауруға уақтылы жәрдем көрсетуде жағдай таңдамай, көлік жоқ демей, ілінгеніне ілесіп, ілдалдалап жетіп, талайды ажал тырнағынан арашалап алуда аянбай арпалысқан қызметің ада қалып, абырой әпермеуі кейде ашу-ызаңды тудырып, жігеріңді құм қылып, «ә, құрысын бүйткен жұмысы, қой бағып кетсем де бір күнімді көрермін» деп іштей бекініп, безе қашқысы келген күндер де болды. Тіпті бір-екеуінің күйіп кетіп, жұмыстан шығару жөнінде айдақтатып отырып арыз жазып, бас дәрігердің алдына тастай салған қағазын Ерекең алдымен бір оқып алып, сосын иесінің көзінше екі бөліп, екінші қайтара мұндай әлсіз әрекетке әуес болмауды ескертіп, орыстың ұлы жазушысы Максим Горькийдің мына сөзін келтірер еді: «Өмір дегеніміз – күрес. Күресе білмеген өмір сүре де білмейді». Жасыған көңілге жақсы сөз де демеу. Осыдан кейін қайта жігерленіп, қайта бел буып, қайта қайратыңа мінесің.
Егенберді Әмитов өңір медицинасына басшылық еткен уақытта қарамағындағы мамандарды жоғары деңгейде кәсі­билен­діру мәселесіне аса қамқор болды. Осы Жұмабек ағайдың өзін бірнеше мәрте оқуға жібергендегі мақсаты – күрделі сауалдардан көз ашпай тұрған жұқпалы аурулар бөліімі жұмысына бөлекше ден қоюы еді. Сол себепті бөлімнің бас дәрігері – Жұмабек бауырын Мәскеуге, Ереванға, Ташкентке білім жетілдіру бағытына қайта-қайта оқуға жіберді. Өзі де білімге құштар, сүйген кәсібіне жүрек қалауымен берілген жас маман осылардың барлығының ішінде ерекше көңіліне орнығып, тән саулығы құпиясының кілтін қолына ұстатқандай, іс-тәжірибесін ұштаған ұстахана ретінде дүние жүзі бойынша жұқпалы ауруларды емдеу жөнінен білікті танылған, он бес кітаптың авторы Цунсон деген атақты дәрігердің қарамағында Қызылордада екі ай бойына дәріс алған сәтін ерекше атаған болар еді. Өмірінде ол кісінің лекциясындай шешендікті көрмепті. Білмейтін науқасы жоқ. Хирургия керек пе, бетіңе қарап отырып, тамыр ұстайды да, «Срочно операция. Пәлен жеріңде бомба жатыр» деді ме, айтқаны дәл келеді. Әлгі кісі әрі психолог сынды алдындағылардың бәріне мінездеме беріп болашағына болжам жасап отыратын әдеті де бар екен, мұны «Әй, Яныкурганский профессор» дегеніне қарап көңілі өсіп қалатындай. Несі бар, төбесінің тесігі барлығына қарап осылай көтермелегені шығар. Студент кезінде де көзге түспей қалмады. Ең мықты саналатын ғалым ағалары, профессор Хасенов Төлеутайдың қалауынан шығып. 4-курста жүргеннен бастап ұстазы мұны баласынбай, жанынан тастамады, тіпті отыз мың сом жалақы тағайындатып, тапсырмалар беретін. Ол кісінің әдеті, ертең күрделі операцияға кіретін болса бүгін түн сол тәжірибеден ит, тышқан сынды бір жануарды өткізіп көз қанықтырып алады.Сол кезде қанша құнды тәлімін қасында отырған шәкірті бойына да еге білді. Соңынан қалатын ізбасар қалдырсам деген ізгі ниеттің де үлгісі еді бұл. Бұл үйдің отанасы – ақын Ақұштап Бақтыгереева еді, жағдайларын жасап берген соң шығармашылық адамы емес пе, әрі қарай өзінің жазуына отырып, бұлармен қоса қабат жұмыс жасап кейде таң атқанша ол кісінің де бөлмесінің жарығы сөнбейтін. Сөйтіп жүріп бұл кісілерге бауыр басып қалыпты. Қызықтың көкесі диплом аларда болды. Құжатын алайын деп деканатқа барып еді, «Дипломыңды Төлеутай Сармантаевич алып кетті» деген жауапты естіді. Салып ұрып ол кіісіге келгенде білгені, қолына хирург етіп алғысы келіп отыр екен.
Бұл әңгімені ауылдағы әкесіне жеткізіп, ақылдасудың өзі артық еді. Осы оқуға кетіп бара жатқанда әкесі Сейтмұрат қауіп қылып, «осы кеткеніңмен сол жақта қалып қойып, жалғыз баласы кемпір-шалды тастап кетіпті дегізіп мені ел-жұртқа таба қылма» деп қайта-қайта дайындағаны бар. Енді қайтпек? Сармантаевичқа ойының шет-жағасын айтқаны сол, шат-шәлекей ұрса жөнелді. «Осы қазақтың балдарын адам болсын деп бері тартсаң, ары жығылады. Үш жылда кандидат, бес жылда үй алып берем бе деп ем. Әке-шешеңді осында алдырсаң болмай ма?»
Қайтерсің, ата-ананың айтқаны заң, одан қалса ауылда да адамдар өмір сүріп жатыр. Адам бар жерге дәрігер ауадай қажет.
Ол кездері менингит ауруын ауылда емдеу мүмкін емес, облысқа жіберіледі, жете алмай орта жолда орын алған қайғылы жағдайлар қаншама. Бірлік ауылынан осы диагнозбен ауруханаға жатқызылған Ақбалаевтың Сағынбай деген баласын ауыл дәрігерлері алғаш өздері емдеуге талап қылған. Шиеліде райком қызметкері ағалары облыстан Цунсонды шақыртқан екен, ол науқасты арнайы келіп көрді де «Диагноз правильно, лечение продолжать» деп нұсқау беріп қайтып кетті.
Жетпіс үшінші жылдары ауданда мынадай төтенше жағдай орын алды. Астраханнан пойызға отырған татар әйелі сырқаттанып, кезекті аялдаған станцияда қалдырып кетуге тура келіпті. Ауруды қабылдап, анализ алған дәрігер Жұмабек Сейтмұратов шошып кетті. Холера. Әп-сәтте аурухана іші үдеріп, сол күнгі смена тобымен оқшауланып, ауруды қараған дәрігерлер Жұмабек Сейтмұратов пен Бектұрсын Нысанбаев карантинге алынды. Екеуі бір бөлмеде отыр. Айналадан тарс қатынас үзіліп, құлаққа ұрғандай тыныштық. Тамақ әкелгенде ғана есіктің тесігінен көрінген қолдың егесі жылт беріп жоқ болады. Тағдырға үнсіз көндіккен екеудің әңгімесіне құлақ түрген өмірден безіп кетердей. «Бір-екеуден болса да баламыз жоқ емес. Артымызда қалатын із бар». Бектұрсын осылай деп әріптесін жұбатқан болады.
Жоғарыдан түскен талапты пәрмен бойынша жоспардан тыс қаржы бөлініп, жұқпалы аурулар бөлімі ғимаратының айналасы тәртіпке сай қоршалуға тиіс болды. Темірден дәне­керлеп құрас­тырылған қоршаудың жұмысы біткенше басында тұрып кірпік қақпай қадалаған Әмитовтың талапшыл мінезі нәтижесінде міндет мінсіз тияянақталған. Жаны жоқ жұмыс бітеді ғой. Іште шықпаған жаннан үміткерүшеудің халі бәрінің жанына аяздай батып тұр еді. Қамауда отырған қос дәрігер міндетінен жаңылмай науқасқа емді жалғастыра берген. Екі қарынан ине салып үздіксіз айдаған дәрі сарылдап іші өтіп жатқан аурудың халіне шипа болар емес. Бірнеше процестен кейін сәл саябырлағандай болды.
Осы күндерде бөлімге дәрігер Цунсон келді. Аяғына етік, қорғаныш халаты мен қолына екі саусаққапты қабаттап киіп алған ол науқастың ішін басып көрді. Дәрілердің тізбесін қарап шығып, осы емді жалғастыра беріңдер, деп тапсырма берді. Сосын бұл екеуінің бөлмесіне кіріп, жарты стакан спирт құйып ішті. Ауру жұқты ма деген күдік болғанда емдікке ішуге болады деп қойды.
Су ішерлігі бар екен, науқас жазылып шығып, еліне қайтарылды. Дәрігерлеріміз де дін аман отбасына оралды.
Ескі аурухананың жанындағы темір шарбақпен биік құрсауланған, ұзынша келген бір қабатты жай, бүгінде аудандық жұмыспен қамту орталығы мекемесі орналасқан ғимараттың осындай тарихы бар.
Иә, бағанадан бергі әңгімемізге арқау болып отырған азамат Егенберді Әмитов Сыр бойына есімі мәшһүр білікті дәрігер. Бұрынғы Одақтың «Денсаулық сақтау ісінің үздігі». Ендігі гәпті кейіпкеріміздің әріптесі Республиканың еңбек сіңірген дәрігері, медицина ғылымының кан­дидаты, облысымыздың құрметті азаматы Тұрғанбай Махановтың аузынан естиік:
«Мен Егенді адам ретінде, дос, жолдас, азамат ретінде 1957 жылдан бері білемін. Бірге оқыдық. Дәрігерліктің еңбек әліппесін бірге аштық. Ұжым жас кадрге айқұшақ жайды. Сол тұста денсаулық сақтау министрлігі туберкулезбен күрес жөніндегі ғылыми-зерттеу институты Жаңақорғаннан экспедиция ұйымдастырып, жаппай рентгенологиялық тексеру жүргізіп жатыр еді. Еген ә дегеннен осындай білікті топтың ортасына түсіп, оқу орнынан алған білімін іс жүзінде кәдеге асыра бастады. Қауқарлы қауым өмір есігін енді ашқан маманды әуелі сынақтан өткізіп алды да, қиындығы көп қия бетке салып отырды. Одан жігіттің тауы шағылған жоқ. Қайта білігі артып, ширай түсті. Аталған экспедицияның сол сапарында осы аймақтан 300-ден аса туберкулездің жаңа түрімен ауырғандар есепке алынып, олар диспансерге жатқызылды, сөйтіп тиянақты ем алды. тәжірибесі молайды, ұйымдастыру жөніндегі қабілет-қарымы аудандық деңгейден ризалық баға алып, облыстық ауқымнан да жылы лебіз ести бастады. Ақыры ғасыр аждаһасымен (құрт ауру) айқас майданында көрсеткен табанды қызметі ескеріліп, ол 1964 жылы аудандық тубдиспансерге бас дәрігер қызметіне тағайындалды. Сөйтіп ол аталған мекемені сегіз жыл басқарды.
Бірыңғай мәлімет қуып кеттім білем, әйтсе де алдымен азаматтың жақсылығын айтудың әбестігі бола қоймас, – деп сөзін сабақтады әріптесі Т.Маханов. Содан Еген батыр денсаулық сақтау орнының тізгінін он үш жыл ұстады. Ол келгенде аудандық аурухана 50-ақ орындық еді. Мамандар, әсіресе жоғары білімді дәрігерлер жетіспейтін. Жар құлағы жастыққа тимей жүгірудің нәтижесінде аурухана жанынан жоспарсыз құрылыстар салдырды. Тера­певтикалық және балаларды емдеу бөлімшелері бой көтерді. Сөйтіп аз жылда аудандық ауруханадағы төсек саны 195-ке жетті. Тағы да шаруашылық әдіспен екі қабатты емхана және аптека ғимараты салынды. Оларға білімі сай, тәжірибелі дәрігерлер келе бастады. Қосымша басқа да учаскелік ауруханалар мен фельдшерлік-акушерлік пункттер салу да сол тұстың жемісі.
Өткен жылдарға көз жіберсек, ол табаны күректей 22 жыл қатарынан тубдиспансер мен аудандық орталық аурухананы басқарды. Ол жылдар өзі үшін де, аудан денсаулық сақтау орындары үшін де өшпес ізі бар, ұлан-асыр оқиғаға толы ұмытылмас кезең болды. Қызмет Егенді өсірді, ал Еген тапсырылған істі іскерлікпен атқарып, өзінің де ұйымдастыру қабілеті мен рухани дәрежесі өсті. Адал еңбек иесіне абырой да келе бастады. Аудандардағы дәрігерлер арасында бірінші болып «Құрмет белгісі» орденімен, әлденеше медальдармен марапатталды.
Ол 1996 жылы өз өтініші бойынша басқа жұмысқа – республикалық дәрежедегі Жаңақорған санаториіне бас­шы­лыққа ауысты. Ол «теріні» де он жылдай илеп, зейнет демалысына шықты. Тек кеткен жоқ, есте қаларлық іс тындырып кетті. Ең алдымен оның материалдық-техникалық базасын нығай­туға тер төкті. Сосын жоғары – төменді жүгіріп жүріп, Мәскеуге 3 рет барып қаржы алып, ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізді. Қосымша 3 артезиан құбырын қаздырып, 600 текше метр су жинайтын 2 әуіз қаздырғаны тағы бар. Қосымша кабинеттер салдырып, медициналық техникалар, аппараттар алдырды. Маман­дарды толықтырып, олардың біліктілігін көтеріп отырды.
Сөзден сөз туып, Егеннің кәсіби қызметіндегі тірліктерін қаузадық. Бірақ ол жөніндегі айтар сыр әлі алда. Ең алдымен, Әмитов адал дос, қимас жолдас, текті адам. Ағымнан жарылып айтар болсам, міне, жетпістен асқанша бірге жасасып келемін – оның екі сөйлеп, оғаш қылық, дөрекі мінез танытқанын көрген де, естіген де емеспін. Қашан көрсең – жорға жүріс, тәтті тіл, әдемі әзіл, өзінің әрлі ажарын айшықтап тұрады. Әзілге әзілмен жауап беріп, күлкісі үзілмейді, дауыс көтеру қалпына жат. Нағыз адамға саулық сыйлау үшін жаралған жан. Оның бойында дәрігерге керекті қалпелік мәйін мінез, кішік кісілік бар. Ол сырқаттарды осындай киелі қасиетімен емдейді. Мұндайды медицинада диентология дейді. Бұл емнің көкесі! Сонан да Егеннің алдына барған адам дәрі-дәрмексіз-ақ сауығып шығады».
Әріптес досы кейіпкеріміздің жақсы жақтарын осылай келісті кестеледі. Біз бұдан артық айта алмаймыз, әрі ол артық болар еді.
Бірде жұмыс бабымен Ерекеңнің отбасына бұрылған әріптестері бас­шы­ларының тізеден балшықты кешіп лай жатқызып, ал әлі жас балалары Тәңірберген мен Нуридиннің кесек тасып жүргенін көріп осыған өздері кінәлідей абдырап қалғаны бар. «Білмедік қой. Жәрдемдесер едік. Шалабаев қабырғаны жақсы қалайды» деп қояды біреулері қипақтап. «Білмесеңдер енді білдіңдер ғой, ал, келіңдер асарға» деп әзілдеді Еген аға. Ал ақиқатына келгенде ол кісінің бастық едім деп жеке жұмысына қара­мағындағы кісілерді пайдаланған кезі болмапты. Тегінде әркім өз жұмысын өзі атқарып ешкімнің міндетін арқаламаса өмір сүру де соншалықты жеңіл, кісінің өзі де еркін жүреді емес пе? Екінші жағынан үйдегі балаларды да еңбекке тәрбиелеудің маңызын сол кездегі кісілер жақсы түсінген сияқты.
Осы кісілердің бауыры, мемлекет және қоғам қайраткері Исатай Әбді­керімовтың 75 жылдығына орай болу керек, сол кісі туралы газетке мақала дайындау барысында осы отбасына соғып, Егенберді ағаның қолынан деректер алуым керек болды. Бұрын, бала кезімізде әке-шешемізбен келгеніміз бар, бұл кісінің өзінің жетпіс жылдық мерейтойы қарсаңында тағы да бардым, сонда байқағаным, бұл шаңырақта дүние-мүлік, жасау- жабдық өзгерген емес. Одан бері отағасы аурухананы да басқарды, шипажайдың да бастығы болды, Бірақ байлыққа қызығып, соңынан қуған жан емес екен. Бұл үйдің байлығы басқада. Ар мен адалдықты мақсұт тұтқан ұл мен қыз бақыты бірінші орында тұр. Еген аға мен Дариха апамыздың осы тілегі оңғарылып, олар тәрбиелеген болашақ ар-намысты сақтаған, әке үміітін ақтаған, абыройлы азаматтар болып қалыптасты.

ДӘРІГЕРДІҢ ЖАРЫ

Түбіт мұрт жігіт атанып жан-жағына көз сала бастағаннан өзіне қадалған көп тұнжыр жанардың жарқылынан-ақ көңілі өсіп, көкірек керген жігітімізге тең келіп, тағдыр біріктірген ару жөнінде де аз-кем тоқталмасақ болмас.
Ол кездері титтейінен қала тәрбие­сін көріп өскен қаратаяқ қазақты қайдам, туған жер төсінен түлеп ұшқан ақмаңдай азаматтардың жар таңдауға келгендеайнымас бір қағидасы – өзі туып-өскен ұяға, ата-ана, бауырға, қала берді бүкіл әулет ауылға адалдықтықтан аттамай, солардың қалауымен санасуды бірінші орынға қойғандығы еді. Мұның мәні тереңде жатыр.
Жігіттің алған жары – ары мен жаны, ата-ана бағы, ағайын-туыс, әулеттің сәні, былайша айтқанда ер-азаматтың бұдан кейінгі өміріндегі атын, атағын, қадірін, қасиетін шығаратын да осы жандар. Сондықтан жар таңдауда қателесуге болмайды. Ал ондай жарды қайдан таппақсың?
Отбасына, алтын босағасына адал­дық­тың шынайы үлгісін өз анасы бойынан көріп, көңілге тоқып өскен жігіттің байламы мынау еді. Махаббат дегеніміз – құр күйдім-сүйдім емес, оның шын мағынасы - адам жаратылғалы қоса-қабат өмір сүріп, қос жүректің арасына от салар араздықты ұлы міндет санаған әзәзіл күшке қарсы бірігіп тұра білер егіз рухтың мықтылығында. Ондай берік одақты сөз де, көз де, өсек те, аяң да, пәле де, жала да ажырата алмаса керек.
Рух бастауы – иманда. Тек тазалығын діттеген асыл ниеттің түбінде осындай тілек жатыр. Ата-ана тегіне қарап ал дегенде осы мақсатты меңзесе керек. Құдайды бір дейтін, қулықты білмейтін, күн көрген адалдан, иманды адамнан жаманшылық шыға ма? Сондай таза, ізгілік қоныс тапқан ұяда қанат байлаған балапан да ұшқанда соны ілмей ме?
Міне, осындай отбасында тәрбие­ленген Әлібектің қызы Дариха аруға бұл кісінің көзі түсіп, көңілі ауды. Ажары ақылына сай, мінезі мәйін, мамандығы мұғалім перизат аудандық пионерлер үйі мекемесінің директоры екен. Екеуі уәде байласып, арманды келешекке бірге қадам аттады. Алғашқы күннен басталған сол терең сыйластыққа өмірлерінің соңына дейін бір сына түспеді. Жарастықты өмірдің негізі бұл екеуінің тағдырының тақтайдай түзу, бейнеті кем, басқалардан жағдайлары алабөтен артықшылығынан емес, отбасы мүшелерінің ынтымақты ауызбірлігінен, қанағатқа сүйенген қарапайымдылығынан бастау алып, базары тарқамады. Бұл келін боп түскенде аналары ауыр кеселге ұшырып, төсек тартып қалған еді. Келініне ақыл беріп, екі есе жинақы болуды, жүнжіп кетпей, жарқырап жүруді дағдысына айналдырған сол кісінің қамқор талабы. Үлкен үй болған соң үйге келетін кісі де көп. Ерте тұрып, кеш жатып, соның барлығына үлгіруің керек. Мектептегі жұмысы тағы бар. Ерлі-зайыпты екеуінен өрбіген сәбилер келді дүниеге.
Жақсы жар – ерінің жалауы. Дариха апа да қосағының қас-қабағына қарап, жылылықтың шуағын төкті. Бала тәрбиесін басы бүтін өз мойнына алып, ауыртпалығын қабақ шытпай арқалады. Әке беделін асқақтатып, балалары алдында хан көтеріп, қадірледі. Піріндей күтіп, бетіне жел болып келмеді. Өмірге перзент әкелу бар да оны елге пайдалы азамат етіп тәрбиелеу міндеті бар. Осы жұп қағида жарасым тапқанда ғана ұлттың ұстыны бекемделеді.
Бүгінде Дариха апа қарашаңырақтың түтінін сөндірмей, ерінің ұстап тұтынған заттарының өзін көзіндей көріп, баяғы өздері соққан үйде аман-есен тұрып жатыр. Қалада тұратын балаларына кетіп қалса өзінің көңіліне солай ма, ерінің рухы соны біле қойып ренжіп, жалғызсырап қалардайқараорынға жет­кенше асығады. Жарығын жағып, үйге жылу тарағанда барып жаны тыншып, өткен күн естелігімен қауышып, жүрегі жай табатындай. Әсілінде өз туған перзенттерін аралап жүруіне әкелері неге қарсы болсын, тек өмір бойы ерін пір тұтып қарасының өзін қадірлеп өткен қайран ананың бұл да бір алтыннан артық көрген ардағының алдындағы айтып жеткізгісіз адалдығының бір белгісі болса керек.
Абай атамыздың «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан» деген сөзі бар ғой. Кейіпкерімізді мына дүниеге кірпіш боп қаланған бір тұлғаға теңесек жаңылысқан болмаймыз-ау деп ойлаймын. Жұмыр басты пенденің бәріне бірдей бұйыра бермейтін бақыт бұл.

Баян ҮСЕЙІНОВА
24 қараша 2020 ж. 560 0