№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Ахуалың қалай, ауыл кітапханасы?

Ахуалың қалай, ауыл кітапханасы?

Кітапхана – құтхана. Ілім-ғылымның жаршысы. Ал кітапханашы – елді мекендердегі тұрғындарды кітап оқуға қызықтыра алатын бірден-бір зиялы тұлға. Жақында аудан басшысы Руслан Рүстемовтің фейсбукте осы турасында жариялаған жазбасынан осындай ой алдым. Сосын ауылдағы кітапханалардың ахуалын білуді мұрат тұттым.



Расында кітапхана – ақыл мен білім ордасы. Содан болар «Кітап – білім бұлағы, білім – өмір шырағы» дейтіні. Бұл турасында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Кітапсыз, кітапханасыз адам ойдағыдай дамуы мүмкін емес. Кітапхана – білім мен мәдениеттің ошағы, жаңаша, тың идеялардың мекені. Электронды формат қанша қарқынды дамығанмен дәстүрлі кітапхананың ағартушылық қызметі ешқашан мәнін жоғалтпақ емес» деп кемел ой айтты.
Осы ретте, Абибулла Шер аға­ның айтқаны ойыма келді: «Адам жаратысынан рух пен тәннен тұрады. Алла алдымен адамның тәнін жаратты. Сосын рух үрледі. Адам осы рухымен өзге жаратылыс иелерінен мәртебелі, биік. Қазір біз тәнді тойдырудың қамына кірісіп кеттік. Содан кейін адами қасиеттерден жат оқиғаларға куә болудамыз. Егер рухымызға мән бермесек, қарнын тойдырумен дала кезетін мақұлықтардан еш айырмамыз қалмайды».
Ал рухты немен байытамыз, немен азықтандырамыз? Әрине, кітаппен байы­­тамыз. Кітапты қайдан аламыз? Ауыл­дағы кітапханадан!
Сондықтан кітапханаларға хабар­ласып, олардың ахуалын білдік. Бүгінде аудан көлемінде 36 кітапхана болса, оның дені елді мекендерде орналасқан. Кітапханалар материалдық-техникалық базасы жаңарып, компью­термен жаб­дықталған. Интернетке қосылды. Деген­мен ортақ мәселелері де жоқ емес. Мәселен, ауыл кітапханаларының көбі­сінде кітап сөрелері ескірген. Оқырман залындағы орындықтардың сапасы сын көтере бермейді.
Алдымен Келінтөбедегі Раушан Уали­ше­ровамен байланыстық. Оның сөзінше, ауыл кітапханасында 10 931 кітап болса, оның 6938-і қазақ тілінде. Биыл кітапханаға 158 жаңа кітап келіпті.
– Пандемия салдарынан оқырман­дарымыз жылдағыдай көп емес. Былтыр 895 оқырман кітап алса, биыл 400 оқырман кітапханамен байланысты. Сақ­тық шараларын ұстанып келетін тұрақты оқырмандарымыз бар. Эльмира Егембердиева отбасымен келіп, кітап алып оқиды. Балалары да ізденімпаз, – деді кітапханашы.
Екпінді ауылындағы кітапханада 9740 кітап бар. Биыл 170 жаңа кітаппен толықты.
Ауыл кітапханашысы Қарлығаш Сәрсенова: – Кітапханаға келушілердің дені оқушылар мен зейнеткерлер. Елеусіз Шардаров есімді ақсақал кітап­хананың тұрақты оқырманы. Сон­дай-ақ Әсем Мажитқызы атты жас оқыр­манымыз бар.
Жүрген-тұрған жерімде жаңадан келген кітаптармен таныстырып жүре­мін. Жақында аудан басшысы Руслан Рүстемовтің «Кітап оқу –қажеттілік» деген жазбасын оқыдым. Кітапханашыларға ерекше мән беріпті. Қуанып қалдым, – деді.
Әкім кітапханашылар қуана­тындай не деп еді? Соған мән берсек.
– Қазір кітапханашылар үшін оқыр­­манын күтіп отыратын уақыт келмеске кетті. Бүгінгі кітап­хана­шылар креативті, белсенді болуы тиіс. Өйткені, кітапханашы елді мекен­дердегі тұрғындарды кітап оқуға қызықтыра алатын бірден-бір зиялы тұлға. Иә, кітапханашы зиялылықтың талабына сай болуы тиіс. Ол үшін не істеу керек?
Ең алдымен кітапхана қызметінің форматында жаңашыл дағдылар қам­­­­тылуын ойластырған абзал. Мә­селен, «Ауылдық кітапхана – қыз­мет көрсету орталығы» модельдік стандарты бойынша құруға болады. Яғни кітапхана – қызмет көрсететін орталық; кітапхана – коворкинг-ор­талық; кітапхана – диалог алаңына айналуы керек. Бүгінгі уақытта бас­қаша бәсекеге қабілетті болу қиын. Яғни кітапханашы көп функциялы қызметті атқара алуы тиіс. Сонда ғана кітапханаға оқырмандар өз аяғымен келеді. Жастардың рухани орталығына айналады.
Сондай-ақ «Бір ел – бір кітап», «Менің жазушым» және т.б акциялар аясында жергілікті және қазақ әдебиетінің белді өкілдерінің роман, повестерін оқуды дәстүрге айналдыру керек. Әрі акцияны ұйымдастырып қана қоймай, кітап оқуға ынталандыру үшін грант-конкурстық жүйе енгіз­ген дұрыс. Өзіміздің Тынымбай Нұрмағамбетов, Дүкенбай Досжан сынды классик жазушылардың еңбегінен бастауға болады.
Бүгінде аудандық кітапхана база­сында электронды басылымдармен толықтыру, аудиовизуальды және мультимедиалық материалдарды кө­бейтіп жатқанын жақсы білемін. Игі­лікті бастаманы ауыл кітапханалары да жалғастырғаны орынды, – деді Руслан Рүстемұлы.
Шынында, әкім кітапханашыларға жаңа міндеттер, тың талаптар қойды. Мұның салмағын әр кітапханашы әртүрлі қабылдайтыны да анық.
Алдымен ауданның бас кітап­ханашысы Әсемгүл Тілеубер­генованы сөзге тарттық.
– Өркениетті қоғам құруда бас­шылыққа алатын келісті сөз, кемел ой қозғапты. Әрі кітапхана ісін дамытуға байланысты көкейтесті мәселеге көтеріпті. Яғни кітапхананы заман талабына сай жұмыс жүргізуде ауылдық кітапханаларға да дем берілу қажеттігін қозғапты. Кітапхана саласы қызметкерлері үшін аудан басшысының кітапхана жанашыры болып пікір қалыптастыруы үлкен қуаныш. Бүгінде аудан кітапханалары толығымен компютерлендірілді. Жаңа әдебиет­термен толығуда. Оқыр­­мандарды кітапханаға тарту үшін түрлі тақырыптарда онлайн ру­хани-мәдени іс-шаралар атқаруда. Алдағы уақытта елді мекендердегі кітапхана жанынан коворкинг орта­лығын көбейтсек деген ой бар, – деді аудандық кітапхананың директоры.
Жоғарыдағы сұрақты ауылдағы кітапханашыларға да қойдық. Ауыл­дық округ әкімдіктеріне бай­лаулы кітапханалардың жағдайы әркелкі. Бірі жылы, жарық жерде отырса, екіншілерінің жағдайы жақсы деуге келмейді.
Талап бекетіндегі кітапханада 4799 кітап бар. Ал биыл 127 кітап келген. Өткен жылы 930 келуші болса, биыл оқырмандар саны 275-ке кеміген. Мұны коронавируспен байланыстырып отыр. Кітапханашысы Нұргүл Ахметова келушілердің көбі оқушылар мен студенттер екенін айтты.
Кейден ауылындағы кітап қо­рында 13499 дана кітап болса, оның ішінде, қазақ тіліндегі кітаптар саны – 9464. Былтыр келушілер саны – 625 болса, биыл – 322-ге кеміді.
Ауыл кітапханасында 30 жылдан бері істейтін Шәмшат Әлжан:
– Оқырмандарымыздың дені мек­теп оқушылары, зейнеткерлер, мұ­ғалімдер, – деді.
Байкенже ауылындағы кітапхана­шысы Айда Сапарбаева – Кітапхана қорында 6987 кітап бар, биыл 85 жаңа кітап келді.
Әкім айтқандай, көп функциялы қызмет атқару жағына әлі бейқам отыр. Әрине, біз кітапханашылар өз міндетін атқара алмай отыр дегеннен аулақпыз, бірақ, әкім айтқандай, қазір оқырманын күтіп отыратын уақыт емес. Кітапханашылар көп функционалды қызмет атқара алуы тиіс. Сонда ғана ауылдың рухани-мәдени орталығына айналады.
Ол үшін не істеу керек? Ең бірінші, кітапханаларға жоғары жылдамдықты интернет жеткізілуі тиіс. Екіншіден, ауыл кітапханаларының базасын жаңартуға мән беретін кез келді.
Абыз Әбіш Кекілбаев: «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» – депті. Шекспир: «Кітап маған тақтан да қымбат» депті. Олай болса, біз үшін кітапхана кез-келген салтанатты сарайдан да қымбат. Осы қазыналы құтханамызды уақыт сынына сай дамыта алсақ, интеллектуалдық әлеуеті кемел, шығармашылық тұрғыда белсенді жастар шоғырын қалыптастыра аламыз. Айналып келгенде, мұндай жастар елдің бәсекеге қабілетті болуына үлес қоса алады. Демек, кітапханаға мән беру деген сөз, келешек үшін құйылған инвестиция деуге болады.

Әйгерім МЫРЗАХМЕТОВА
21 қараша 2020 ж. 1 106 0