Кітапхана – қазынам
Алдымен кітапхана директоры Әсемгүл Тілеубергенова алғы сөз алып, кітапханашылардың қоғамдағы орнына тоқталды.
– Кітап – рухани азық. Ол адам дүниетанымын кеңейтіп, барлық білімдердің басын бір жерге тоғыстыратын, тіл байлығын дамытып, саналы ұрпақ тәрбиелеуде таптырмайтын құрал. Кітап арқылы адамзат ақыл-ойының інжу-маржанын бойына жинап, оларды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізеді. Осы орайда, кітапхана арқылы тарих бетінде қаттаулы тұрған оқиғаларды бәз қалпында келер ұрпаққа жеткізу жолында, әр оқулықтың сапалы сақталуында қызмет жасап жүрген кітапханашылардың еңбегі қашанда өлшеусіз, – деді ол.
Одан кейін «Жаңақорған тынысы» газетінің бас редакторы Нұрлат Байгенже сөз алып, кітапханашылардың рухани жаңғыру идеясын жүзеге асыруда маңызды рөл атқаратынын сөз етті.
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының аудандық филиал төрағасы Ізатілла Нәрзілдаев пен «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мәжит Балқожаев сөз кезегін алып, кітапхананың бірнеше белсенді қызметкерлерін «Алғыс хатпен» марапаттап, құрмет көрсетті.
– Кітапхана – рухани жаңғырудың бастауы. Мұнда өткен әр іс-шараның өзіндік мән-мазмұны басым. Оқырман бойына осы киелі шаңырақтан рухани азық жинайды. Бүгінгі шара өте орынды жиын болып отыр. Мұнда кітапханашылардың жасаған еңбектерінің нәтижесі айқын көрініп тұр, – дейді Ізатілла Нәрзілдаев.
Жиын барысында кітапхана қызметкерлері өнерлерін ортаға салып, монологтар оқылып, кітапхана жайында арнайы бейнеролик көрсетті. Әрі бір-бірімен тәжірибе алмасып, жоспар құрды.
Жиында аудандық орталық кітапхананың директоры Әсемгүл Манапқызы ауданның әр аймағында белсенді қызмет жасап жүрген кітапханашылардың еңбегін бағалап, марапат биігіне шығарды. Атап айтқанда, Алмагүл Зейнуллақызын, Шәмшат Ергешқызын, Жайдар Аюпованы, Әсем Сағатқызын, Айгерім Тасымованы, Злиха Искакованы, Жәмилә Ташкенбайқызын «Алғыс хатпен» марапаттады.
Айта кететіні, басқосуға Республикалық «Ұстаз жолы» қоғамдық қорының вице-президенті Ғалымжан Қиасбаев арнайы қатысып, рухани жаңғыру аясында кітапханада мазмұнды шаралар өткізе бастаған сала басшысы Әсемгүл Манапқызы мен №192 орта мектептің ұстазы Анарбек Қалдыбековтың кеудесіне «Ерен еңбегі үшін» төс белгісін тағып, жерлестердің мерейін тасытты.
Айсұлу АЛДАНАЗАР.