№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » КІТАП – РУХАНИЯТТЫҢ АЛТЫН КӨПІРІ

КІТАП – РУХАНИЯТТЫҢ АЛТЫН КӨПІРІ


Абай атамыздан «Артық ғылым кітапта, ерінбей оқып көруге» деген тәмсіл қалыпты. Яғни, кітапхана – руханияттың ошағы. Ал, кітап оқу арқылы адамның жандүниесі мен адамгершілік қасиеті артып, эстетикалық талғамы қалыптасып, рухани тұрғыда жаңғырады. Осы тұрғыда, аудандық кітапхананың жаңғыру жолындағы еңбегі өлшеусіз.
Аудандық орталықтандырылған кітапхананың ұймдастыруымен Қожакент ауылдық кітапхана базасында рухани жаңғыру аясында өткен «Кітапхана – оқырманның қызығушылығын дамыту мен сақтау алаңы» тақырыбындағы семинарда кітапхана жүйесін жандандыра түсу, дамыту, инновациялық қызмет ауқымын кеңейту жайында талқыланды.
– Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Біздің мақсатымыз айқын, бағытымыз белгілі , ол – әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу», – деп мақсат қойды. Әлемнің үздік отыздығына қосылу шартының бірі – «Жаһандағы заманауи мәдениет» жобасын іске асыру. Ал, мәдениетіміз руханияттың ордасы арқылы өркендейді деп есептеймін. Сол рухани жаңғыру жолында кітапхананың орны зор, – деді кітапхана директоры Әсемгүл Тілеубергенова.
Кітапханалық қызмет көрсетуді дамыту мен ғылымның жетістіктерін іс-жүзінде қолданып, кітапхана қызметкерлерінің біліктілігін арттырып, олардың шығармашылық мүмкіндігін жетілдіру мақсатындағы семинарға кент пен ауылдық округ кітапханашылары қатысып, кітапхана қызметін жақсарту жолындағы ойларын ортаға салды.
Шара барысында Қожакент ауылдық кітапханасының кітапханашысы Алмагүл Рүстемова кітапханадағы іс-қағаздарымен таныстырса, әдістемелік-библиографиялық бөлімінің меңгерушісі Күлайна Ахметжанова кітапханашыларға әдістемелік құралдар мен Қожакент ауылдық кітапханасының іс-тәжірибесінен алынған рухани жаңғыру аясында өткен мәдени шараларға тоқталды. Ал, балалар кітапханасының кітапханашысы Жәмилә Тойымбетова балалар бұрышы жайлы айтса, оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Маржан Әлжанова көпшілік жұмыстардың жаңа түрлерімен таныстырып, облыстық кітапхананың «Жастар таңдайды» атты жобасына қатысқан оқырмандардың бейне ролигін көрсетті.
Сондай-ақ, әдістемелік-библиографиялық бөлімнің библиографы Жайдар Аюпова «Хабарлама күндері», «Мамандар күндері», «Библиографиялық шолулар» және көрсеткіштер жайлы іс-қағаздарымен таныстырды. Ал, инженер-системотехник Айгерім Тасымова компьютерлік сауаттылық, электронды кітапхана жайлы және онлайн қызмет көрсетуге тоқталды.
Елу үш кітапханашы қатысқан шара соңында «Көкжиек» поэзия қызығушылар клубының мүшелері Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдығына орай «Мен жастарға сенемін» атты әдеби жыр кеші ұйымдастырылып, клуб өнерпаздары өздерінің шығармашылықтарын көпшілік назарына ұсынды.

Түйін. Иә, кітапхана – ғылым мен білімді, көркем ой құндылықтарын, өткен тарихты ұрпақтан-ұрпаққы жеткізетін киелі шаңырақ. Кітап үйі ықылым заманнан – парасат ордасы, ел мәдениеті мен әдебиетінің ошағы саналады. Өйткені, ұлттың барлық асыл мұрасын сақтаушы, ұлттық құндылықтарды болашшаққа бәз қалпында жеткізуші осы мекен. Демек, рухани жаңғыру дәл осы киелі шаңырақтан бастау алары сөзсіз.

Айсұлу АЛДАНАЗАР.
03 шілде 2018 ж. 2 131 0