Ұстаздың қадірі – қоғамның қадірі
70 жастағы Әбузәкір Әбжаппаровтың ұстаздық тәлімін бір сөйлескеннен-ақ сезесіз. Саналы өмірін ұстаздықпен байланыстарған қария әулетінің тірегі, ағайын-туыстың ақылгөйі.
Әбузәкір Әбділләұлы жастайынан зеректігімен көзге түсіпті. Кейдендегі білім ордасында өзінің қабілет-қарымымен ерекшеленіп, ұстаздары үміт күткен талапкерлердің бірі болды. Мектепті бітірген жылы Н.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтының физика-математика факультетіне оқуға түседі. Бұл – 1973 жыл еді.
Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін еңбек жолын №208 мектепте бастайды. Сегіз жылдық білім ордасында өзін жақсы қырынан көрсетеді. Мұны бағалай білген директор тәрбие ісі жөніндегі орынбасары етіп тағайындайды.
1988 жылы білім ошағының директоры болады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Кейденнің тізгінін ұстап, ауылдың дамуына өзіндік еңбегін сіңірді. Мемлекеттік-әкімшілік қызметтің өзіндік ауыртпалығы бар. Әрине мұндай жауапкершілікті Әбузәкір Әбжаппаров жақсы түсінді. Дегенмен ұстаздың көңілі білім беру саласына ауып, арада жеті жыл өткенде қайтадан мектепке келеді. Онда зейнет жасына дейін мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін абыроймен атқарды.
– Мен үшін мамандық атаулының төресі – ұстаздық. Мемлекеттік қызмет саласынан ұстаздық жолға қайта келуімнің себебі содан. Себебі атқарушы билік қатарында тапсырма орындайсыз, ал ұстаз бала тәрбиелеп, оның келешегіне жол ашады, – дейді ардагер ұстаз.
Ұстаздың алдын көріп, тәлімін алған Айгүл Сәрсенбаева: «Бір ұжымда бір мақсатта жұмыс істедік. Ұстаздың хал-қадірін ұстаздан артық ешкім түсіне қоймас, сірә! Бұл мамандықты өзімізге мақтаныш санадық. Әсіресе Зекең еңбек еткен жылдары мектеп ұжымы өз жүгімен қатар қоғамдық жұмысқа белсене араласты. Елге белгілі зиялылармен кездесу ұйымдастырып, оқушылардың білімге құштарлығын арттыруға мән берді. Аядай мектепке мұғалімдердің білімін жетілдіру институтының директоры Кенжеәлі Атабаевтың келуіне мұрындық болғаны әлі есімізде. Өзі математика пәнін оқытса да, қолынан әдеби кітаптар түспейтін. Ол кісімен сөйлесу барысында Абайдың әр сөзін талдап, саралап айтқанын тыңдағанда таң қалмасқа болмайды», – деп ұстаздың кітапқұмар қасиетін айтты.
Ардагер ұстаздың әр салада қызмет етіп жүрген шәкірттері де жетерлік. Солардың бірі №208 мектеп директорының кәсіби бағдар беру жөніндегі орынбасары Бауыржан Әбжанов.
– Әбузәкір ағай біздер үшін еркін шығармашылық ізденістің адамы болды. Тек өз мамандығымен ғана шектеліп қоймай, сабақ беру барысында пайдаланылатын керекті құралдың бәрін өз қолымен жасайтын. Әсіресе сурет салуға деген құштарлығы таң қалдыратын. Мектептегі іс-шараға қолданылатын арнайы стендтер осы ұстаздың қолынан шығатын. Мінезі сабырлы, қатты сөйлеуді білмейтін Әбузәкір ағай сол кездің жаңашыл ұстазы еді, – дейді.
Ал Әбузәкір ақсақалдың «өмірлік жарды жанармен емес, ақылмен таңдаңыз» дегенінің өзі жар таңдауда қателеспегенін көрсетеді. Жүрек таңдауын ақылмен ұштастырып мәңгілік жар етіп алған қосағы Құралай Ахметова да ұстаздық жолдан алыс емес. Алайда ол өмірге перзент әкеліп, келіндік, аналық парызын орындағаннан соң ғана бастауыш сынып мұғалімі мамандығын оқыған. Содан кейін шәкірт оқытып, қазір құрмет демалысында. Бес перзент сүйіп, олардан жиырма үш немере мен екі шөбере көріп, отбасының ұйытқысы болып отыр.
Иә, талай ақын-жазушы, ғұламалар өлең-жырларын, шығармаларын арнаған бұл мамандық иелері бүгінде ұрпақтың ұлы мұраты жолында маңдай терін төгіп келеді. Әке жолын қуған шаңырақтағы бес ұлдың үлкені Ибрагим ауыл мектебінің оқу ісі жөніндегі орынбасары. Қасым болса кәсіпкерлікті қолға алып, аудан және облыс тұрғындарын «Кәусәр» сусынымен қамтамасыз етіп, кәсібін айналдырып отырған жан. Ал Сейтмұхамммед электр желілерін басқару жөніндегі Қазақстан компаниясы «KEGOC» АҚ-ның аудандағы филиалында диспетчер болып қызмет атқарады. Кенже ұлы Әлмұхаммед «СКЗ-U» ЖШС-де оператор болып істейді.
– Ағайдың ұстаздық еткен жылдары қалыптасқан нағыз жалынды насихатшы қасиеті осы күні де бар. Өйткені өзіме де сабақ беріп, сынып жетекшім болған жанның бұл қасиеттерін ұмыту мүмкін емес. Мен өзімнің ұстазыма әкемнен кем қарыздар емеспін. Себебі әкем маған өмір сыйласа, Әбузәкір ұстазымнан өмірімді жақсы бағытта дамытуда білім алдым. Сондай-ақ ағай ауыл өміріне де белсене араласады. Той-жиындарда салиқалы пікір айтып, ауылдағы қоғамдық саяси, мәдени-көпшілік жұмыстарға, науқандық шаруашылық істерге де атсалысып, ақылын айтып отырады. Ақсақалдың алдынан өтіп, тәлімін алып, кең дариядай ақылы мен шеті-шегі жоқ көк аспандай көңілінен білім нәрімен сусындаған шәкірттері ауыл атын үздіктер қатарынан көрсетіп, беделімізді арттырып жүр. Бұның өзі үлкен жетістік. Сондықтан сансыз шәкіртті тәрбиелеп, басшыны да, дананы да, егінші мен кеншіні де біліммен сусындатқан ұстаздың еңбегі өлшеусіз, – дейді ауыл әкімі Бақтияр Тоқтыбаев.
Расында өз жақсыларымызды өзіміз насихаттамасақ, өз жайсаңдарымызды өзіміз ұлықтамасақ онда ол өз ырысымызды өзіміз сыртқа тепкендік болар еді. Жақсының жақсылығын дәріптеу, ел үшін еткен еңбектің келешек ұрпаққа насихатталуы ежелден келе жатқан дәстүр. Олай болса ұстаз есімін мәңгіге қалдырып, игі мұратын жүзеге асыруда ойдағы арман-тілектер орындалса екен. Өмірден мәртебелі орнын тауып, бала жанының бағбаны бола білген Әбузәкір ағатаймен әңгіме барысында түйген ойым – ол қандай құрметке болса да лайық тұлға.
Лаура БИБАСАРОВА