№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Роза апай ұстаздардың төресі

Роза апай ұстаздардың төресі

Ұстаз – өскелең ұрпақтың бүгінгі сәулеткері. Әрбір шаңырақ үміті мол болашағын тапсыратын сенімді өкілі. Міне, осындай сенімді арқалаған ұстаздың бірі – кенттегі №56 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Роза Басқожаева.

Ол туған жері – Кеңес ауылындағы №239 мектепті бітіріп, 1989 жылы Қызылорда қаласындағы Н.Гоголь атын­дағы педагогогикалық инстиутының филология факультетіне түседі. 1994 жылы қазақ тілі мен әдебиеті маман­дығын меңгеріп, еңбек жолын №163 мектепте бастайды. Онда 1997 жылға дейін ұстаздық қызмет атқа­рып, сол жылдан бастап №56 мектепке ауысады. Тынымсыз еңбегі мен шығармашылық қырынан танылған ол 2006 жылы мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып тағайындалды. Міне, 13 жылдан бері тәрбие саласы мен ұстаздық қызметті қатар алып, білімпаздарға сапалы білім, саналы тәрбие беру жолында аянбай еңбек етіп жетістіктерді бағындырған ұлағатты ұстаз, білікті басшы.
– Ілім, білім іздену адам баласының табиғатына тән қасиет. Келер күнге мақсат қойып, беймәлім дүниені ашуға талпынбасақ дамушылық тұрғыда алға баспаған болар едік. Ел болашағын заманға сай біліммен сусындатып, тәрбиелеу ұстаз қауымына артылған жүк. Бүгінгі жаңартылған білім мазмұны үздіксіз ізденуді талап етеді. Осы жауапкершілікті арқалаған әрбір жан, қиындыққа мойымай еңбек ету керек.
Ұстаздық жолды таңдап, шәкірт тәрбиелеуде бойыма қанат бітірген әкем Әйбеш Басқожаев осы жолда 40 жыл еңбек еткен, ардагер ұстаз, – дейді Роза апай бізбен әңгімесінде.
Шәкірті үшін сыпайылық пен адал­дықтың, адамгершілік пен биік парасаттың үлгісі болған ұстаздың бағын­дарған биіктері аз емес. 2015-2017 жылдары оқушыларды ҰБТ-ға дайын­даудағы жетістіктері үшін аудан әкімінің «Алғыс хатымен», 2018 жылы жас жеткіншектерді оқытып, тәрбиелеу жолында сіңірген еңбегі және білім саласын дамытуға қосқан ерекше үлесі үшін облыстық Білім басқармасының «Құрмет» грамотасымен марапатталды. Сондай-ақ 2019 жылдың қараша айында облыстық мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары арасында ұйымдастырылған «Тәжірибе. Шыңдалу. Шеберлік» атты байқауда 3-орыннан көрініп, облыстық білім басқарамасының құрмет «Дипломын» иемденді. Биылғы оқу жылында облыстық деңгейде «Ұлы даланың жеті қыры – ұрпаққа ұлағат» тақырыбында семинар ұйымдастырды. Кең көлемді, тағылымы мол шара қызу талқыға түсіп, жоғары деңгейде бағаланды.
Атап айтарлық тағы бір табысы қараша айында Қызылорда облыстық оқу орталығының ұйымдастыруымен өткен «Жаһандық әлемдегі Қазақстандық мәдениет» дөңгелек үстелде, «Ұлы дала­ның жеті қыры» тақырыбында әлеуметтік жоба дайындап, жас ұстаздарға тренинг өткізіп ұстаздық жолдағы білген-түйгенімен бөлісіп қайтты.
Қоғамдық жұмыстардың басы-қасынан үнемі табылатын ұстаз өткен оқу жылынан бастап «Шаңырақ» оқушылар қауымдастығын қолға алып, жұмысын жүргізіп келеді. Қазіргі таңда тәрбие саласына инновациялық әлеуметтік жобалар ендірілуде. Осыған орай мектепте «Ақылды бейсенбі», «ТЕДх» (Таратуға тұраралық идеялар) жобасы, «Ата-ана жұмысындағы үш күн», «Туған жерге тағзым», «Қазақтың 100 әні, «30 кітап» атты жобаларын қолға алып, жүргізу жұмыстарын жүйелеуде.
Шығармашылықты жаны сүйген Роза Әйбешқызының 2006 жылы «Ұстаздық ғұмыр» атты алғашқы кітабы жарық көрді. Бірнеше әдістемелік оқу құралдарының авторы. Бүгінде облыстық, республикалық газет-журналдарға мақалалары тұрақты жарияланып өз оқырманын тапқан қаламгер.
Ұстаздың еңбек жолын сөз еткен­де шәкірттерінің жетістіктерін айту заңдылық. 2018 жылы «Тәуелсіз ел жастары» қоғамдық қорының бастамасымен ұйымдастырылған «Ардақ­ты ұстазым» атты республикалық эссе жазу сайысына қатысқан Ж.Ибрагим алғы орнынан көрінді. 2019 жылы «Мәңгілік ел жастары» қоғамдық қорының ұйытқы болуымен қазақ әдебиетінің үші бәйтерегі С.Сейфуллин, Б.Майлин, І.Жансүгіровтің 125 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған І республикалық «Үш бәйтерек» онлайн-байқауында Әйгерім Оразбек пен Асылбек Жүніс ІІ орынды иемденді. 2019 жылы Қызылорда облыстық білім басқарамасы «Дарын» қосымша білім беру орталығы «Қазақ эпос» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткен «Тұлпар мініп, ту алған» байқауында «Қобыланды батыр» жырын жатқа айтудан белсенді қатысқан Қарақат Ысрайылқызы мен Асылбек Жүніс ұйымдастырушылар тарапынан «Дипломмен» марапатталды. Сонымен қатар облыстық білім басқармасының «Театрдың ғажайып әлемі» облыстық фестиваль-байқауында Мұхтар Әуезовтің «Абай» дарамасы үшін дайындаған шәкірттері ІІІ орынды иеленіп, Дипломмен марапатталды.
Қазіргі таңда шәкірттерінің бірқа­тары түрлі салада еңбек етіп келеді. «Менің алғашқы жетістігім» деп еске алған ұстаздың шәкірті, аудандық білім бөлімінің бас маманы Салтанат Алдабекова ұстазы жайлы жылы лебізін білдірді.
– Мен үшін Роза апай ұстаздардың төресі. Адамгершілік пен ұстамдықты ту еткен ұстазымнан әлі де үйренерім көп. Біліммен сусындатып, бүгінгідей биікке шығуда тілекші болған екінші анамыз дер едім.
Отбасының ұйытқысы үш ұл, бір қыз тәрбиелеп отырған бақытты ана, аяулы жардың арқа сүйер тірегі осы жандар.

Майра ҒАНИЕВА
08 желтоқсан 2019 ж. 895 0